» » Жастардың кәсіпке бар таласы

Жастардың кәсіпке бар таласы

«Жасында еңбек еткен, қартайғанда қуанады». Иә, қазіргі жастар кәсіпкерлікке белсенділік танытуда. Жұмыссыздық актуалды мәселе десек, кәсіп ашуды да соған балайтыны аз емес. Себебі неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жас­ты көз көрді. Ашса – қаражат жоқ, қаражат болса – идея аз. Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет қажет. Ол ұйымдастыра білу, үнемі іздену керек. Айтпақшы бұл тұрғыда бастағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған абзал.
Бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан біршама бағдарлама жүзеге асуда. Оның ішінде ерекше кәсіп ашқандардың қатары қалың. Солардың бірі – Самат Өскелеңов. Ол «Бас­тау Бизнес» жобасы бойынша арнаулы курстан өткен. Әдепкіде ағаштан кәдесый жасаған оның бұл идеясы жоба қорғауда қолдау тапты. Қолы қалт еткенде ағаштан, мүйізден түрлі бұйым, тіпті мүсін жасайтын оның хоббиі осылайша бизнеске айналды.
– Бұл – менің шеберханам. Қажетті бұйымдарды осында жасаймын. Жоба құны – 2 миллион теңге. Бұл қаражатқа арнайы аппарат пен құрылғы алдым. Ауладан өз алдына бөлек шеберхана салып жатырмын, – дейді ол.
«Іскерлік – табыс кепілі». Еселі еңбегімен арманын іске асыруда тер төге еңбек еткен адам ғана нәтижеге қол жеткізеді. Әрине, бір нәрсенің жүзеге асуы үшін талай қиындық кездеседі. Тек сол қиындыққа мойынсұнбағаны ғана кәсібінің нәсібін көреді. Жастайынан көлік жөндеуге құмартқан Бауыржан Аяпов бүгінде кәсібін ашып, Ақтөбе ауылының тұрғындарына қызмет көр­сетіп отыр. Ауылда СТО жоқ. Қандай да бір мәшине бұзылса, сүйретіп осында келеді. Жұмысын өзіне серік еткен ол бұзылған көліктерді жөндеуді хоббиіне айналдырған. Міне, бұрын көліктерді үйінен, не барып жөндеген Бауыржанның арманы орындалып, жақында өз кәсібін ашты. Ауылдағы жалғыз шеберхана болса да елдің сұранысына жарап тұр.
– Жөндеуге қызыққаныма жеті жылдан асыпты. Бастапқыда жолдастарымның мәшинесін жөндеп, қарап беруден бас­талды. Бертін келе хоббиіме айналды. Неге осы жұмысты қолға алмасқа деген ой келді. Жоспар құрып, жобаға қатысуға бел будым. Нәтижесінде «Микро кредит Қызылорда» бағдарламасынан 2 миллион теңге көлемінде қаражат алып, көлік жөндеу жұмысымды бастап кеттім, – дейді ол.
Біреуге алақан жаймай, өз қолыңды өз аузыңа жеткізу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл төңіректе мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жетерлік. Мәселен, оның ішінде «Жастар корпусын дамыту» жобасын атап айтуға болады. Өңір жастарын жігерлендіріп, жалын сыйлаған жобаның бірі де осы. Нәтижесі жаман емес. «Zhas Project» әлеуметтік жобасы аясында ауданнан 27 жоба ұсынылып, оның 13-і жеңімпаз атанған еді. Сала бойынша атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығында – 3, ұлттық қолөнерде – 5, бала­лардың ойын-сауық орталығын ашуда – 2, сондай-ақ тамақ өнімінде – 2, сән салонының жұмысын жандандыруда – 1 жоба сәтті жүзеге асырылды. Жоба аяқталды. Десе де жастар қарап қалған жоқ. Кәсібін одан әрі дөңгелетіп, жемісін көріп отыр. Мемлекеттің жастарға берген мүмкіндігін ұтымды пайдаланған Эльвира Әзірбекқызы да бүгінде кәсібінің берекесін көруде. Ол – мата қиындысын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған құрақ көрпе тігеді.
– Бұл қасиет нағашыларымнан қонған. Өйткені, нағашы әжем ісмер кісі еді. Тоқыма тоқу, киім тігу дегеннің барлығын өз қолымен жасайтын. Әжеміз бізді кішкентайымыздан-ақ тігіншілікке баулыды. Мектеп қабырғасында жүр­генде тігіншілік, тоқу өнерінен түрлі байқауларға қатыстым. Әрине, адам өзіне ұнаған іспен айналысады. Ал оны одан әрі дамытуға мүмкіндік туа бермейді, – дейді жас ісмер.
Ол қыз жасауымен қатар заманауи перде, ұлттық на­қыштағы көйлек, автокөлікке қаптама, орамалды сәндеп тігу, тәжі жасау, сөмке тігу, тұсаукесерге арналған заттарды даярлайды. Асқан төзімділік пен еңбекқорлықты талап ететін кәсіпті таңдаған ол көз майын тауысса да әдемілік сыйлаудан жалыққан емес.
«Zhas Project» жобасындағы «тәттінің» бірі – сүт өнімдері. Бұл жобаны Данияр Шаянбеков қолға алып, Рүстем Баярыстанов, Руслан Райымов, Гүлдей Елубаевамен бірлесе жұмысқа кіріседі. Нәтижесінде әлеуметтік осал топтағы жандарға айран, қатық, сүт өнімін белгіленген уақытында тегін таратады.
– Жобамыз ауыл жастарына, мүм­кіндігі шектеулі балаларға арналған. Құжат да­йындамас бұрын біршама уақыт ойландым. «Бізде қандай кәсіп жоқ» деген сауалға жауап іздедім. Ойлана келе сүт өнімімен айналысуға бел байладым, – дейді жоба жетекшісі.
Түйін
Ел болашағы – жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Мемлекеттің ендігі дамуы мен өркендеуі жастарға тікелей байланысты. Ал біз қаузаған жастардың кәсіпке серпілісі бастамасы ғана. Жазылмай қалғаны да жетерлік. «Қалауын тапса – қар жанады». Тек талаптанса болғаны.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
19 тамыз 2019 ж. 1 026 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930