» » » СЫРЛЫ ӨНЕРДІҢ ЗЕРГЕРІ

СЫРЛЫ ӨНЕРДІҢ ЗЕРГЕРІ

– Мен, шын мәнінде мықты болсаң, озып шығатыныңа, топ жаратыныңа көзім жетті. Жастарды қолдап, кәсіп ашамын дегеннің қолтығынан демеген облыс басшылығына алғысым зор. Рас, қазір ел аузында желдей ескен түрлі әңгіме бар. Таныстарымның көбісі маған «Самат, танысың бар ма еді? Қалай жеңімпаз боп танылдың» деп сұрақты қарша боратты, – деп бастады әңгімесін Самат Өскелеңов.
Самат Мұсағалиұлы «Бизнес-Бастау» курсы бойынша оқып, өз жобасын ұсынған болатын. Ағаштан кәдесый жасауды қолға алған. Қызықты жоба қолдау тапты. Он саусағынан өнер тамған талантты жас бұрын да бос уақытында ағаштан, мүйізден түрлі бұйымдар жасауды әдетке айналдырған. Енді хоббиін бизнеске бастар даңғыл жол қылды.
– Бұл – менің шеберханам. Қажетті бұйымдарды осында жасаймын. Жоба құны 2 миллион теңге. Бұл қаражатқа арнайы аппараттар мен құрылғылар алуды жоспарлап отырмын. Ауладан өз алдына бөлек шеберхана ғимаратын салсам деймін. Әрине, әуелі Алла, – деп ағынан жарылды азамат.
Ағаштан жасалған кәдесыйлардан бөлек ғимараттың ішкі көркемдік дизайны, мүйізден жасалған бұйымдар, музыкалық аспаптар, сантехникалық жұмыстар, тіпті темірден қылыш, әшекей бұйымдар да жасау қолдан келеді. Бұл да біртіндеп орындалатын жоспар екенін айтты ол.
– Жоғары оқу орнынан алған мамандығым – суретші. Алайда, уақыт өте келе мен қолөнердің барлық саласына қызығушылығымды ояттым. Қатарлас достарымның қасынан қалмай, ағаштан, металлдан бұйым жасауды үйрендім. Станоктардың қыр-сырына қанықтым. Бастысы – ізденіс. Қазір «алма піс, аузыма түс» деп аспанға қарап, ауыз ашып отыратын заман емес. Қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды. Бұған дейін барлығын жалғыз өзім істесем, енді қасыма көмекші керек. Бірақ, жұмыс істеуге ынталы жастар маған кезікпейді. Бұл жұмыстың әліппесінен бастап үйретіп, жалақысын төлеп, уақытылы демалысын берер ем. Қолына ара ұстай алса жетіп жатыр. Жүрген жерде айтып та жүрмін, әзірге көмекшілікке адам табылмауда. Несін жасырайын, бірлі-жарым жігіттер келді, қиындығына шыдамай кетіп қалды. Жұмыс істемей жатып, айлығын сұрайды, – деді Самат бізбен әңгімесінде.
Саматтың нағашы атасы Кенжеғара айналасына баспана салып берген ұста. Ал, әкесі жағынан Иса мен Төребек тұлпарға мінер ер дайындап, сурет салған өнер иелері. Сондықтан қай жағынан дарыса да Саматтың бойындағы талант тауға жетелері анық. Қазір құрал-жабдықтар алып, жұмыс қарқын ала бастаған.
– Мәселен, мына бор машинамен бір күнде бір кәдесый дайындауға болады. Уақыт үнемдейсің, жұмысың өнеді. Ал, бұл құралсыз бір кәдесыйды бір аптада бітіретінмін. Жаңа технологиялардың қайсысы болмасын, адамның игілігіне жасалған. Тиімділігін пайдалана білуіміз керек, – деді жаңа тапсырысын дайындап жатып өнер иесі.
Қай істі болмасын, бастау үшін сол кәсіпке икемің болу шарт. Кез келген өнерді кәсіпке айналдырып, табыс көзі етуге болады. Тек оның тиімді тетіктерін тауып, қоғамға пайдалы қырын таныта білсеңіз... Самат өз кезегінде өзінің қолынан шыққан бұйымдарды арнайы бөлме даярлап, сатылымға шығарғысы келеді. Діттеген мақсатқа жетпей тынбайтын талапшыл жастың бұл ойын да жүзеге асыратынына сенім мол.
– «Таза, мінсіз асыл тас, су түбінде жатпайды» деген ғой бабаларымыз. Жобаңыз қоғамға пайдасын тигізер, болашағы зор дүние болса, мемлекеттік қолдаудың сан түрі бағытталады. Бағымды сынап тапсырып, қайтарымсыз 2 миллион теңгеге қол жеткіздім. Жүрексініп, «адам» іздеп жүргендерге айтарым, өздеріңізге сеніңіздер. Өйткені, мұнда жобаңыздың маңыздылығы басты рөл атқарады, – деді жас кәсіпкер.
Өзінің баспанасын да түрлі үлгіде безендіріп, заманауи кейіпке енгізген. Үйдегі үлкендер де сөзін қоштап, арқасынан қағып отыр. Қали ақсақал: «Болам деген баланың, бетінен қақпа, белін бу» деген. Осы үйдің ішіндегі әсемдік әшекейлердің, ою-өрнектердің барлығы Самат баламның қолынан шыққан. Енді аулаға бақ өсіремін деген жоспарымен де бөлісіп жүр», – деді батасын беріп жатып.
Ауладағы жеміс ағаштары да төгіліп тұр. Саф таза ауа жұтып, бақтың ішінде жүре бергің келеді. Оны да ойға алған Самат: «Болашақта осы бақта аудан халқы серуендейтін болады» деді күліп. Жеңісіне марқайған өнер иесінің жүзіндегі жымиыс арманы алдамайтын, теріс жолды таңдамайтын жанның биік мақсаттарға көз тастағанын аңғартқандай...
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
11 тамыз 2018 ж. 1 564 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031