» » Кәсіпкердің нысаны: ломанн браун

Кәсіпкердің нысаны: ломанн браун

Елдарды осыдан біраз бұрын аудандық кәсіпкерлік палатасында жоба қорғап жүргенінде көргенмін. Немістің Ломан Браун атты тауығын осында әкелмекші екен. Көзі жайнап, езуінде күлкі үйрілген. Кейінірек білдім, аудандық деңгейден сәтті қорғапты. «Енді облыста жоба қорғаймын» деп білек сыбанған жаспен пікірлестік. Талабы таудай жігітке бармақтай бақ бұйырса дестік.
– Мен қазір осы жобам арқылы бірнеше бағдарламаға қатысудамын. Төмен пайызды несие болсын, қайтарымсыз грант болсын бағымды сынаймын. Қайсысынан нан бұйырса, соны иелемін. 6 миллион теңге несие алсам, 2 мың бас тауық әкелемін. Сосын аудан халқын табиғи таза жұмыртқамен қамтамасыз етсем деген мақсатым бар, – деді ол.
Ауданда 55 мың халық бар. Осы күні шамамен күніне 30 мың жұмыртқа тұтынамыз. Ауызбен айтқанға ауқымды сан шығар, бірақ елдегі тұрғындар осынша жұмыртқаны дүкеннен сатып алып отыр. Елдар бұл мәселені қолға алсам дейді. Сырттан келген жұмыртқа қанша уақыт жарамды, ол қалай келді, шын мәнінде көңілге күмән ұялатады. Ал жас талапкер бұл ретте «жылына миллион жұмыртқа шығарамын» деп жоспарлауда.
– Бұл тауықтың бір ерекшелігі қоразды қажет етпейді. Яғни, 5 жылға дейін жұмыртқалайды, сонан соң ет бағытына жіберемін. Құспен айналысуды хобби ретінде 5 жыл бұрын бастағанмын. Кейін бұл бизнеске бастайтын жол екенін түсіндім. Жақында ғана қолға алынған «Жас проект» жобасына да қатысып жатырмын. Қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер палатасы мен аудан әкімдігіне алғысым зор. Өйткені, олар болмаса біз қалай бастау керек, неден бастау керек деп әлі күнге бас қасып отырар ма едік?! – деді Е.Айдарұлы. 
Жолығып қалғанда да 23 жастағы Елдар өзі қатарлы жастарды жұмыспен қамту жайына тоқталған. Айтуынша, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға жұмыс бергісі келеді. Өйткені, нысанды ашқан соң өзіне ғана емес, елге де көмегі тиетін болса дейді.
– Өзім оқыған №121 орта мектепте бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылатын балаларға тегін жұмыртқа үлестіру де ойда бар. Ойымда ғана емес, жобаның бір бөлігінен орын алып тұрған мақсат бұл. Меніңше, әрбір азамат осылай алдына мақсат қойып, еңбектену керек. Жұмыс жоқ, таба алмадым деген сөздерді мүлдем айтпай, іздену керек. Жоба ойлап, соны жан-жақты зерттеп, талдаса оның нәтижесі міндетті түрде болады, – деді Елдар Серік.
Бұл күнде Елдар аудан көлеміндегі кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, ауызша келісімдер жасап жатыр екен. Өйткені, миллион жұмыртқаны мерзімін өткізбей жөнелту де үлкен бір жұмыс болары анық. Биыл жұмыртқа бағытындағы шағын құс фермасын болашақта ет өнімдері бағытына да қоймақ. Өйткені, ойдан ой туған салада аудан халқының мұқтажын өтейтін алып жобалар болғаны ләзім.
Түйін
Облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, жобасын жақсы таныстыра алған Елдар Айдарұлының сенімі жоғары. «Үмітімді үкіледім» деді қалжыңдап. Сала мамандары да талапшыл жастың ізденімпаз екенін әркез айтып жүреді. Ал Ломан Браун тауығы бұрын да елде қолданыста болған. Жерсіну жағынан мәселе жоқ. Бар болғаны, тәуекелдің жел қайығына мініп, теңізге аттану ғана қалып тұр.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
15 маусым 2018 ж. 2 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031