Жаңа оқу жылына дайындық қалай?
"Оқулық жеткілікті бола ма?", "Қазанда туған баламды 1 сыныпқа қабылдай ма?", "Мектеп формасының бағасы қалай болар екен?". Бұл жылда оқу басталардағы жыр. Көпті мазалайтын сұрақпен аудандық білім бөліміне хабарластық. ӘнЕ-міне дегенше табалдырықтан аттайтын жаңа оқу жылына расыменде дайындық қалай? "Ерте қамдансаң, ештеңеден кеш қалмайсың" деген. Азаңғы шаруаны түске қалдырып, одан нәтиже шықпаған соң кешті күтуден не пайда дерсіз? Абайша айтқанда, "Қолыңды уақытынан кеш сермедінің" кері болмасын де. Уақытында атқарылмаған істің кейін салмағы боларын екінің бірі біледі. Содан кеп жанымыздың төске түскен шегедей тызылдаЙТЫНы бар. Одан Құдай сақтасын. Мұндай салғырттық пен олқылықты көтере алмайтын сала болса ол – білім. Себебі, басқа мамандық бүгінді бажайлаумен бағытын түзесе, ұстаз қауымы болашақ ұрпақтың білім шырағын жағып, келешектің кемесін алға сүйрейді.
Бүгінде өңірдегі 29 мектеп жас шәкірттердің тәрбие һәм білімімен айналысады. Былтыр 14294 оқушы білім алса, оның 10273-і жаңартылған оқу жүйесімен сусындаған. Кезеңдік жаңартылған бағдарламамен оқыту осы жылы да жалғасын табады. Ол 1 сыныптан бастап 10 сыныпқа дейінгі аралықты қамтиды. "Балапанды күзде сана" дегендей, тоғыз ай бойғы алған білімді түгелдейтін Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл 76,3 процентті құрады. Жоғары оқу орнына түсу үшін сынға түскен 253 бітіруші жоғары оқу орнының мемлекеттік грант иегері атанса, оның 82-сі «Серпін» бағдарламасы арқылы серпіліс жасағандар. Бұл түпкілікті қорытынды емес. Өйткені, жоғары оқу орны мен облыс әкімінің, сол секілді өзге де оқу орнындағы ректор, әскери және арнаулы оқу орнының гранты үшін құжат әлі де қабылдануда.
Жыл сайын ата-ананы толғандыратын мәселе бар. Ол – 1 сыныпқа баратын баланың жас мөлшері. Аудандық білім бөліміндегі мамандардың айтуынша бұл сұрақта мәселе болмайды-мыс. Бүлдіршін 31 желтоқсанға дейін 6 жасқа толса, сондай-ақ ата-ана баласын мектепке беремін десе 1 сыныпқа кедергісіз қабылданады. Осы оқу жылында 6 жастан 1433, 7 жастан 574 бүлдіршін тарыдай боп мектеп табалдырығын аттайды. Аудан бойынша 1 қыркүйекте 15245 шәкірт оқу партасына отырмақ. 1 сыныпқа қабылдау жаңа жүйеде – "Электронды" түрде жүзеге асады.
Жақында республикалық телеарнаның бірінде оқушылардың бірыңғай мектеп формасы жайында хабар көрсетілген-ді. Хабардан соң көпшілік арасында резенанс туып, әлеуметтік желіде бірқатар талқылау жүрді. "Бір есепте бұл дұрыс та секілді.
Сырттан келетін арзанқол форманы сатып алғанша, өзіміздің отандық өнімді тұтынсақ" деген сан алуан пікір айтылды. Бұл әзірге пікір, талқы ғана. Не болғанда да биыл бірыңғай мектеп формасына көшудің ауылы алыс. Мұның ауызбен бір демде шешіле салатын дүние емес екенін жұртшылық жақсы біледі. Сонымен қатар, форма бағасын кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермеуі бек мүмкін. Бірыңғай мектеп формасына көшкен жағдайда бұған депутаттар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ата-аналар, кәсіпкерлер, басқа бюджеттік мекеме қызметкерінен құрылған қамқоршылық кеңестің келісімі керек. Ал өзімізге келетін болсақ, жаңа оқу жылын әрбір оқушысы қалыптасқан өз мектеп формасында қарсы алады.
Мұнан бөлек, жалпы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасы жыл санап жетілуде. Айта кетерлігі өңірде бала санының тығыздығына сай үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Тағы бір жағымды жаңалық – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тарихында ешбір күрделі жөндеу көрмеген №27 және №30 орта мектепке жөндеу жұмысы басталды. Құрылысты жүргізуге "Өмірзақ" және "КазКурылыс Сервис" жауапкершілігі шектеулі секіртестігі жеңімпаз танылып, келісім-шарт негізінде жұмыс істеуде. №27 мектеп ғимараты сонау 1903 жылы бой көтерсе, №30 орта мектептің іргесі 1993 жылы қаланған. Содан тек 2010 жылы ғана спорт залы мен шатырына жөндеу жүргізілген. Заманауи үлгіде жөндеуден өтіп жатқан білім бесігінің шәкірттері жаңа мектептің партасына отыруға асық. Себебі, мектепке септик тартылып, кәріз жүйесі жүргізіледі. Ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалады деп күтілуде.
Сондай-ақ №275, №273, №277 білім ошағының терезесі ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұған қоса, бес мектепке мектеп ғимараты ішінде орналасқан бу қазандығын сыртқа шығаруға қаржы бөлінсе, қазір №85, №28 мектептің жұмысы қабылданды. №105, №27 мектепке қабылдау жүріп жатса, №29 мектепте жұмыс жалғасуда. Т.Көмекбаев ауылындағы №185 мектептің жылу қазандығы сұйытылған газға ауыстырылды.
Әрбір оқу жылында оқулық мәселесінің көтерілетіні рас. Білім бөлімінің дерегіне сүйенсек, 2019-2020 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 4, 9, 10 сыныпқа оқулықтар алынады. Он бір баспамен келісімге отырып, аудан бойынша 50466, Байқоңыр қаласындағы қазақ мектептеріне 30159 кітапқа тапсырыс берілген.
Саладағы енді бір жаңалық – биылдан бастап №105, №250, №277 секілді инновациялық мектептерге дефектолог маман беріліп, аталған білім ұясындағы ерекше білім алу қажеттігі бар балаларға инклюзивтік білім алуға жағдай жасалуда. Сонымен қатар Төретам кентіндегі №80 мектеп-гимназиясында арнайы сыныпта жиырма жеті, №30 орта мектепте он бес, №275 мектепте бес оқушы инклюзивті оқумен, №80 мектептегі логопунктке он тоғыз оқушы тартылған. Бағдарламаға сәйкес 2018-2019 оқу жылында №269 мектепте қосымша жиырма екі оқушы қабылданып, бес топ ашылса, Байқоңырдағы №275 мектепте бес оқушы қабылданып, бір топпен түзету сыныбы жұмыс істеуде. "Білімнің бастауы – балабақшада" десек, "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасына орай бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемесіне бүлдіршін қабылдау "Электронды балабақша" жүйесіне қосылған. Сол секілді бүлдіршінді бөбекжаймен қамту өңірімізде шешімін тапқан мәселенің бірі. Жуырда Байқоңырдан екі және Тұрмағамбет ауылынан бір жекеменшік балабақша тұсауын кесіп, еліміздің ең кішкентай тұрғындарына қызмет көрсетпек.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Омаровтың сөзінше, елімізде 3 шілде мен 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы жарияланған. Акцияны ұйымдастыру мен өткізуге білім бөлімінің бұйрығы шығып, барлық мектепке таратылған. Алдын ала аудандық газетке хабарлама беріліп, өңір халқын акцияға белсене қатысуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына көмектесуге шақырған.
– Шілдеден бастап демеушілік жасау шарасы тұрақты жүргізілуде. Мейірімділік шарасы тамыз-қыркүйек айында жалғасады. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ. Мақсатымыз – пәнді керемет меңгерген оқушы тәрбиелеу емес, ең бастысы адамгершілігі мол азаматты тәрбиелеу. Сондықтан әрбір ұстаздың ұстанымы – баланың бойына жақсы қасиет сіңіріп, рухани жағынан дамыту. Ұлт үшін маңызды саналатын ортақ істе ұйысып қызмет етіп, отбасы – ұстаз – мектеп болып бірге атсалысу баршамыздың міндетіміз. Педагогтардың білім жетілдіруіне келетін болсақ, 10,11 сыныптағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы физика, информатика, химия, биология пәнін ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңімен көшуді ұйымдастыруда қырық төрт мұғалім тілдік курстан өтсе, оны заманға сай біліктілігін көтерді. ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес білім сапасын арттыру үшін инновациялық технологиялармен қолжетімділікті қамтамасыз ету, жылдам өзгермелі әлемде білім алушының сұранысын қанағаттандыру білім беру жүйесінде жаңаша ізденісті қажет етеді. Осы талапқа сай ауданның білім саласы аталған бағыттағы жұмысты дамыта бермек, – дейді бөлім басшысы Ж.Тұрмаханұлы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК