АУДАН ТЫНЫСЫНДА СОНЫ СЕРПІН БАЙҚАЛАДЫ
Аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжілісі өтті. Онда «2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы міндеттер туралы» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы А.Байсыновтың хабарламасы тыңдалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі осы жылдың 1 шілдесіне 1806 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,6 процентті құрап отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға аталған жылдың қаңтар-маусымында 5 388,6 мың теңге және егін шаруашылығы бойынша 214 468 мың теңге субсидия алынды.
Биылға «Сыбаға» бағдарламасы аясында 325 бас асыл тұқымды немесе таза тұқымды импортталған мүйізді ірі қара аналығын, сондай-ақ 7800 бас аналық қой сатып алу жоспарлануда. Осыған дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 997 бас қой сатып алынды. Мал шаруашылығында өткен жылдың алты айымен салыстырғанда мүйізді ірі қара 8,8, қой 7,5, ешкі 9,9, жылқы 10,9, түйе 5,2, құс 1,2 процентке өскен.
Ауданда 23748 гектарға егін орналастырылса, оның 15 353 гектары дәнді дақыл, 387 гектары майлы, 6 831 гектары мал азықтық дақылы мен 1 177 гектары картоп, көкөніс және бақша дақылы.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 32 маманға тұрғын үй сатып алуға 120,7 млн. теңге несие берілді.
Өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары 1421 млн. теңгенің өнімін өндіріп, жоспар 102,1 процентке орындалды.
2019 жылдың 1 шілдесінде ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің саны 3115 бірлік. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 2687 бірлік, бұл тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 86 проценті. Кәсіпкерлік субъектіден түскен салық көлемі 662,4 млн. теңге болса, сала бойынша 7200 адам жұмыспен қамтылған.
Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 16 жоба 191,1 млн. теңгеге несиелендірілді. Мұнан бөлек, құны 8 млн. теңге болатын 1 жоба екінші деңгейлі банктен қолдау тауып, пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға «Даму қоры» АҚ құжаты ұсынылды. Құны 75,0 млн. теңге болатын 3 жоба сүйемелдеуге алынды. Есепті кезеңде 9615 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өсім 0,3 процентті құрады. Сол сияқты «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 3 бағыты бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда бағдарламаның І бағыты қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 160 адамды оқумен қамту межеленген. Аудан бойынша 80 жұмыссыз азаматты «Бу қазандығының операторы» және «Электрогазбен дәнекерлеуші» мамандығына оқыту жоспарланған. Бағдарламаның ІІ бағытының «Бастау Бизнес» жобасымен 110 адамға кәсіпкерлік негіздерін оқыту көзделсе, оның 98-і өз жобасын сәтті қорғады. ІІІ бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған 144 адамның бірде-бірі тұрақты жұмыспен қамтылмаған. Жастар тәжірибесіне жолданған 182 адамның 31,7 проценті тұрақты жұмысқа орналасты. Осы жылдың 1 шілдесіне 2519 отбасының 12830 мүшесіне 742,7 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оның 2347 отбасының 11973 мүшесіне 727,6 млн. теңге төленді. Білім саласына келер болсақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымында 2976 бүлдіршін тәрбиеленсе, білім берудің жалпыға міндетті оқу стандартына сәйкес 14294 оқушы білім алады. Айта кетерлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымында 3-6 жас аралығында баланы қамту 100 процент. Еске сала кетсек, 2018-2019 оқу жылында Ұлттық Бірыңғай тестілеуге 484 мектеп бітірушінің 404-і қатысып, орташа балл 76,3 баллды құрады. Сонымен қатар Жосалы кентіндегі жаз-қыс мезгілінде балалар демалатын лагерь құрылысына облыстық бюджеттен 2017 жылы – 100 млн. теңге, 2018 жылы – 200 млн. теңге, 2019 жылы – 200 млн. теңге бөлінді. Қазір құрылысы жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша қаңтар-мамыр айында туғандар саны 460 баланы құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 94,1 процентті құраса, қайтыс болғандар саны 146-ны құрап, өсім 108,1 процентке көбейген. 100 мың тұрғынға туберкулезбен ауру деңгейі 16,5 проценттен айналса, өткен жылдың осы кезеңімен аурушаңдық көрсеткіші 20,4 процент болған. Бұл жұқпалы аурудың 19,1 пайызға төмендегенін көрсетеді.
Аудандық мәдениет үйі ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстары бойынша 4321,0 мың теңге қаралып, жөндеу жұмысы жүргізілсе, Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі ғимаратының шатыры күрделі жөндеуден өтуде.
Алты айда ауданда 102 қылмыс тіркелген. Оның ауыр және ерекше ауыр қылмысы – 17. Тіркелген қылмыстың 73,5 проценті ұрлық. Тіркелген қылмыс 41,4 процентке азайған.
Осы жылдың 1 шілдесіне түсімдер болжамы 7755,4 млн. теңгенің орнына 7888,1 млн.теңгеге атқарылып, ол 101,7 процентке артығымен орындалған. Аталған кезеңде аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 380799 мың теңге болып белгіленсе, нақты 454659,8 мың теңгеге атқарылды немесе 119,3 процент жоспардан артық.
Елбасының тапсырмасы бойынша Үкіметке әкімдермен және мәслихаттармен бірлесіп, даму болашағы жоғары елді мекендерді іріктеу жұмысы жүктелген болатын. Оны орындауда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы қолға алынып, елді мекендердің даму тенденциясына талдау жүргізілген еді. Талдаудың нәтижесінде осы жылға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аудан бойынша Жосалы кенті анықталды. Бүгінде жоба аясында кентте 8 көшені орташа жөңдеу, 2 мектеп және колледж ғимаратын күрделі жөңдеу, «Шипагер» емханасын ағымдағы және «Жыраулар үйі» ғимаратының шатыры күрделі жөңдеуден өтуде.
Ескере кетерлігі, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыстан қысқарту, жалақыға қарызды болдырмау күн тәртібінен түспейді. Өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орнын ашу, салық түсімін молайту назарда. Инвестиция тартуды жандандыру міндеті тұр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Жолмаханов «Аудандағы азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі жайын» баяндаса, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Төлепбергенова «Аудандағы азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» қосымша ақпарат берді.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, азық-түлік тауары бағасының өсуін болдырмауда бірқатар жұмыс істелуде. Қызылорда, Түркістан қаласы және еліміздің басқа да қаласынан, жақын және алыс шет елдің көтерме сауда орнынан алған негізгі азық-түліктің бағасын жергілікті тұрғындарға бөлшек сауда жасау барысында 5 проценттік үстемеден асырмау жөнінде былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруда кәсіпкерлермен меморандумға қол қойылды. Дегенмен қазір әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 8 түрінің бағасы бекітілген шекті мәннен жоғары. Ақ күріштің бағасы шекті мәннен 39 процентке, сиыр етінің келісі шекті мәннен 7 процентке жоғары. Сол сияқты қант 2,8, қырыққабат 23, жуа 63, картоп 47, ас тұзы 12 процентке шекті мәннен жоғары сатылуда. Осыған сәйкес, аудан әкімінің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм, ішкі саясат бөлімі мен кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы қызметкерлерімен жұмысшы топ құрылып, 30 шілдеде «Таңсықбай» және «Бибінұр» сауда базары мен «Орда», «Сұлтан», «Жандос», «Алтын Орда», «Достық», «Мағжан» сауда дүкеніндегі азық-түлік тауарының бағасына мониторинг жүргізілді. Осыған орай, кент көлеміндегі сауда дүкендерімен күріш өндіретін шаруашылық басшылары арасында жергілікті күрішті арзандатылған бағада сатуға келіссөз жүргізілмек.
Соңғы үш жылғы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын салыстырмалы түрде қарасақ, 2017-2018 жылдар күріштің келісі 160-170 теңгені құраса, биыл 320 теңгеге көтеріліп, 125 теңгеге өскен. Сиыр етінің келісі 2017-2018 жылдар 1400 теңге болса, осы жылы 1600 теңгеге қымбаттап үстіне 200 теңге қосылған. Қанттың келісі 2017-2018-де 210-230 теңгеден келсе, биыл 250 теңгеге жетіп, 20 теңгеге қымбаттаған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына бөлшек сауда бағасынан күріш, қант, сиыр еті, картоп, жуа, кырыққабат, сәбіз, ас тұзы ІІІ тоқсанға арналған шекті мәнінен асып тұр. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда Қызылорда қаласында 5, Байқоңырда 6 және Астана мен Ақтөбеде 1 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпкерлердің өнімдері базар бағасынан 15-20 процентке төмен бағамен сатылды. Бұған қоса, Жосалы кентінде жергілікті тұрғындардың сұранысын өтеуде аудан әкімдігінің ықпалымен «Алтын қамба» АӨК» ЖШС «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өнімдері төмен бағада 6 мәрте жәрмеңке ұйымдастырып көптің ризашылығына бөленді. Жәрмеңкеде картоп пен сәбіздің келісі 40 теңгеден, 1 сұрыпты ұнның келісі 82, қарақұмық жармасының келісі 120, қанттың келісі 240 теңгеден сатылымға шығарылды.
Мәжілісте аудан әкімі Сұлтан Мақашов күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеді. Сондай-ақ әкімдік мәжілісінде бірқатар қаулы қабылданып, онда ауданда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мен бағаның шекті мәннен жоғары болмауы, барлық сауда орындарында аса маңызды азық-түлік саналатын өнім бағасының тұрақты сақталуын, көтерме сауда орындарынан алынған негізгі азық-түлік бағасының тұрғындарға бөлшек саудада сатуды 5 проценттен асырмауды қадағалауды шегелеп айтты.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК