» » Дала қызы

Дала қызы

Әр уақыттың өзіне тән қалтарысы болады. Кеңес кезеңінде шаруашылықта үш жыл жұмыс істемесең аттестат бермейтін қолыңа. Онсыз жоғары оқу орнына бару мұң еді. Осы саясаттың ұштығын көрген екінші дәрежелі «Мінсіз орман қорғау қызметі үшін» медалінің иегері Бақыткүл Молдабаева сол кездегі қызықты әңгімесін әріден сабақтады. Көп қыздың бірі болып «Балауса» қыздар бригадасында жұмыс істеген ол әуеліде  трактор тізгіндеген. «Булдезердің көк түтіні мен құлақты жарған гүрілі даланы көшіретін. Жақсы жұмыс істесең шетелге жолдама береді. Бірақ жұмыс қиын болды ғой. Оған шыдағаны тұрақтайды да, шыдамағаны тұрмыс құрып кете баратын. Болмаса басқа жұмыс іздейтін» деп бастады сөзін кейіпкеріміз.
– Аттестат алып, оқуға бару үшін бәріне төздім. Трактордан жүргізуден  бөлек, қой да бағып, сиыр  да саудым, – дейді табанды жан.
Бір қызығы, ол ешқашан орманшы болуды ойламаған. Біреу айтса сенбес те, үш ұйықтаса түсіне кірмес те еді. Көптен күткен аттестат та қолға тиіп, Алматыға жол тартып, кіл қыз оқитын Женпиге құжат тапсырады. Ондағысы – мұғалімдік оқып, ұстаз болу. Екі жыл ұстаздық мамандықтан жол болмаған соң ауыл шаруашылығы институтына емтихан тапсыруға бел байлайды. Тілегені жерден табылып, орманшы мамандығына оқуға түсті. Айта кетерлігі, емтиханнан өткен елудің оқуға сегізі қабылданбақ. Еңбек өтілі аз, жас-шамасы ең кіші саналған жас қызға сол кездегі партия билеті сеп болғанға ұқсайды.
Сөйтіп, 1987 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірген бойжеткен жолдамамен туған жері Қазалыға келеді. Әйтсе де, осы тұста Қармақшыда маман тапшы болып, Бақыткүлді орман шаруашылығы мекемесіне инженер етіп жібереді. Ол осы қызметті он бір жыл абыроймен атқарды. Одан соң жоғарыдағылар оны еңбекке ептілігі мен мамандыққа адалдығын ескеріп директордың орынбасары қызметіне  тағайындайды. Айтулы қызметтің тізгінін тапжылмай жиырма екі жыл ұстаса, қазіргі таңда орман молықтыру инженері. "Ұстазсыз – шәкірт тұл" деген. Білікті маман еңбек жолындағы ұлағатты ұстаздарын әркез естен шығармайды. Мекеме директоры болған марқұм Тұрар Біләлов, Құдайберген Батниязов, Марат Наятұлынан ауыл шаруашылығына байланыс­ты тәжірибе жинағанын айтса, оның ішінде орман шаруашылығына қажетті шаруаның бірқатарын осы кісілерден үйренгенін жасырмайды. "Сондай-ақ, менің бірден-бір ұстазым – кезінде Арал ауданының орман шаруашылығы мекемесін құрған, Қазалы ауданында қырық бес жыл зейнет демалысына шыққанша  директордың орынбасары қызметін атқарған Сақтаған Ешмаханов" дейді ол.
Кез келген мамандықтың қиындығы мен қуанышы қатар жүреді.  Б.Молдабаевадан орманшы болудың қыр-сырын айтып беруін сұрадық.
 – Бастапқыда қиын болғаны рас. Күздің өкпек суығынан бастап желтоқсан айына  дейін сексеуілдің тұқымын теру мен егу жұмысы, сол секілді көктемнің жауын-шашынында далада жүру, сыртта жату сияқты қиыншылықтар кездесті. Ал қазір оған ет үйренген. Қиын емес деуге болар. Ерекшелігі – істеген ісіңнің, еккен егісіңнің нәтижесін үш жылда көріп, рахаттанатының. Оған дейін жұмыстың нәтижесі қалай болатынына көңілің толмайды. Мысалы, үш жылда ағаш биіктейді, көгергені көзіңе көрінеді. Сол кезде тірлігіңе марқаясың. Мамандығыма көңілім толады. Жетістікке  жету үшін біріншіден білім, екіншіден қасыңдағы әріптестің сенімі болуы шарт. Алдымен басшының қолдауы қажет, – дейді орманшы.
Инженердің сөзінше, орманшыға ер мінез бен әркімнің еркіне беріліп,  ығына жығыла бермейтін мәрттік тән. Айтқаныңды орындата алмасаң, ісің алға баспайды. Ұжым ер адамдардан тұратындықтан тәртіп болуы тиіс. 
Жаны нәзік әйел затының ер адаммен иін тіресе қызмет етуі сирек болмаса да, ауданның орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде орманшы болып істейтін жалғыз нәзік жан Бақыткүл әпкеміз.
– 1989 жылы автобазаның жұмыс істеп тұрған кезінде маған бір "Камаз" жүк көлігін алып берген ғой. Сөйтіп, сыртқа тұқым жинауға кеттім. Сөйтсек, ол көне көлік екен. Автобазаның адамдары баратын аумақты  жақын жер деп ойласа керек. Жетер жерімізге жеткенде көлік бұзылып, далада қалдық. Шопыр мені көлікке қалдырып, өзі жаяу күре жолға тартты. Ондағысы – қалаға барып, "Камазды" сүйреп әкететін көлік әкелу. Қыс болатын. Дірдең қағып жаңағы көлікте күні бойы отырдым. Оның үстіне кеңседегі жұқа киіммен кеткенмін. Шопыр ертесіне таң ата келді. Тоңып-үсуге қалдым. Орманшы мезгіл таң­дамайды. Кейде түннің бір уақытында  орман заңдылығын бұзушыны ұстағанда ел аралап жүресің. Түнімен ұйықтамайсың. Олар күндіз келмейді. Түн жүреді. Айдалада күре жолда күтесің. Заң бұзушыны ұстап,онымен кергілесіп жүргенде таңның қа­лай атқанын байқамай қаласың, – дейді Б.Молдабаева.
Отбасы – әйелдің бақыты. 1988 жылы жұ­байы Алтынбекпен кездесіп, отау тігеді. Ол да отыз жыл аталған ұжымда  механизатор, орманшы, жүргізуші болған. "Өзі істеген соң орманшының тірлігін ағаң жақсы біледі. Бүгінде жеке кәсібі бар" дейді апай.
Орманшылар отбасында екі бала өмірге келсе, соның бірі – Гүлдариға заңгер де, Тұр­сынбек анасының қасында өрт сөндіруші.
– Мамандығын шебер меңгерген Бақыткүл секілді білікті маман аз. Орманшылық  сезім­тал да жаны нәзік келетін әйелдің оң жамбасына келетін шаруа емес. Оған мықтылар ғана шыдайды. Ал біз "Дала қызы" атанған әріптесіміз Бақыткүл Молдабаеваны қалай үлгі етсек те  жарасымды, –дейді мекеменің директоры Дас­тан Өтеуов.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
31 шілде 2019 ж. 838 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 155

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930