» » ЕЛ СЫЙЛАҒАН ЕРЕКЕҢ

ЕЛ СЫЙЛАҒАН ЕРЕКЕҢ

Еңбек және соғыс ардагері, партизан Ерназар Сексенбаевтың өткен жылы 100 жасқа толған мерекесі облыс бойынша тойланды. Ерекең Қармақшы ауданындағы бұрынғы «Чапаев» қазіргі «Ақтөбе» шаруашылығын 20 жылдан астам уақыт жемісті де табысты басқарған кісі. Экономикасы мен әлеуметтік күйі нашар шаруашылықты аз уақыттың ішінде экономикасы, әлеуметтік ахуалы мен мәдениеті дамыған облыстағы алдыңғы қатарлы озат шаруашылықтың қатарына қосты. Мал шаруашылығы мен күріш өнімін көбейтіп, оның сапасын арттырудың нәтижесінде шаруашылық үш рет Республиканың, бір рет одақтың туын жеңіп алған еді. Ерекеңнің атқарған нәтижелі істері мен айтқан ұлағатты сөздері елге өнеге, тәрбие болған еді. Мен «Қармақшы» кеңшарына директор болған алғашқы жылдарыЕрекеңнің 60 жасқа толу мерекесі облыс бойынша аталып өтілді.
Тойға сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов пен екін­ші хатшысы Сәрсенбаев қатысқан. Қонақ­жай Ерекеңнің үйінде сол кісілермен бірге болғанбыз. Сонда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев бізді облыс басшысына таныстырып: «Мынау Қаратай Қуаңбаев Қармақшы ауданына оңтүстіктен соққан желді жібермесе, Исағали Жұмағұлов солтүстіктен соққан ызғар желді жібер­мейді. Келешек ауданымыздың жағдайы жақсара түседі», – деп таныс­тырған еді. Содан бері Ерекеңнің үй-іші, отбасымен араласып, біраз жыл жұмыс істедік. Соңынан ерген ізбасары ретінде үлгісін алдық. Талай рет облыстық, республикалық жиналысқа бірге барып, демалыста бірге демал­ғанбыз. Ол кісі қай кезде болса да көңілді жүреді. Тартымды әңгімесімен айналасын жадыратып, өзі ортасында жарқырап отыратын адам еді.
Бірде Ерназар Сексенбаев ағамыз­бен бірге жол сапарға шығуға тура келді. Ерекеңнің шаруашылығы күріш егумен айналысады. Бірақ бір ферма қой шаруашылығы да  бар. Олар жаз айында Қарақұмдағы біздің «Тышқантамы» деген жердегі қой фермасымен көрші орналасқан. Ерекеңнің қой фермасының жағдайымен танысып, шопандармен кеңес өткізуге ауданның екінші хатшысы менің досым Болат Сүлейменов баратын болыпты. Олар бір күн бұрын маған жолығып «Сен де бізбен бірге жүрсеңші, әрі өзіңнің шаруаңды да көресің, әрі әңгімелесіп, демалып қайтамыз ғой» дегенді айтты. Мен бұл ұсынысты мақұл көріп келістім. Сонда Ерекең бірден маған:
– Ай, Исағали! Жолға шыққанда жолдасыңды тауып шық, үй-ішіңді шауып шық дегенді білесің бе? Үйіңдегі тамақты қалдырмай, жолға салып шық деген сөз, жақсылап дайындал, – деді әзілдеп.
– Ереке,  біз әрқашан­да дайын­­­­­­быз  –    деп ер­тең жүретін уақытымызды бел­гілеп, ауылға қайтып кеттім. Ертеңіне Болат, Ерекең үшеуміз Қарақұмға қарай жолға шықтық. Жосалыдан шығып, Қарақұмға қарай сапар шеккен жолаушының тоқ­тамай өтпейтін Қарадүзген қабақтың үстінде биікте орналасқан «Қайырлы дас­тарқан» деп аталатын жер бар. Оның ар жағы қарақұмға дейін созылып жатқан шексіз жазық дала. Біз де Қайырлы дастарқанға келіп, Кеніштің дайындап берген дастарханын кең жайып, жағалай отыра қалдық. Дастарқанда баппен пісірілген жас қозының еті, көкөніс, сусын... Бір-бірімізге жол болсын деп тілек айтып жатырмыз. Біраз әл жинап күшейіп алып, алға қарай жүріп кеттік. «Қаспай» скважинасының басына келіп тоқтадық. 1975 жылы директор болған жылы бірінші рет қаздырған скважинамнан өздігінен су ағатын болып шықты. Айналасы суға толып, шөл далада үйрек ұшып, қаз қонатын көлге айналған. Әрі суы тұщы шыққандықтан ауыз су үшін шопандарға тарататын болдық. Бұл су көзінде бірінші рет ауылымыздың құрметті ақсақалы әрі озат шопан Қаспай Кенбаев отырғандықтан оның атымен атап, картаға түсіру үшін құжатын толтырғанбыз. Сарқырап ағып тұрған судың қасында дастарқанымызды жайып, сары даланың таза самал ауасын жұтып, Ерекеңнің күлдіргі де қызықты әнгімесін тыңдаумен біраз отырып қалдық. Одан әрі қарай жүрдік. Бірақ, "Қаспайдан" шыққан соң Ерекеңнің кө­­ңілі көтеріліп, жас кезінде басынан өткен тарихи оқиғаларын, соғыс ке­зінде партизан отрядында болғанын айтып, "мына жерге тұрайық, ана жерге тоқтайық" деп отырыстың арасын жиілетіп жібердік. «Жиделінің» құ­дығына келіп отырғанбыз.
Ерекең тарихи оқиғаларды, қазақтың салт-дәстүрін көп біледі. Өмірі, партизан отрядында қалай соғысқаны туралы әңгімелерді қызықты етіп айтып келіп, міндетті түрде аяғын күлдіргі әңгімемен аяқтайды. Бір әңгімесінде немістермен соғыс кезінде Белоруссия ормандарында партизан отрядының құрамында барлаушылар командирі болған Ерекеңді қалада орналасқан немістердің күшін барлауға жібереді. Қалаға барып мектептің шатырына шығып, барлау жұмысын жүргізіп жатқанда сол жерде немістерден тығылып жатқан бір қызға кездеседі. Қайтар кезінде әлгі қыз олардан жылап: «мені де ала кетіңдер» – деп қалмайды. Бұйрық бойынша базаға ешкімді ертіп келмеуіміз керек. Амал жоқ, қызды ертіп келуіне тура келді. Командирінен сөгіс естиді. Кейін ол қыз күшті барлаушы болған. Ерекең сол қызға үйленіп, бір ұлды болды. Қазір ол ұлы Минск трактор заводында инженер болып қызмет атқарады. Әкесімен қатынасып, хабарласып тұрады екен. Тыңдаушылардың бірі:
– Қазір сол әйелің қайда? –  деп сұрады.
– Біз барлауға кеткенімізде базаға не­містер шабуыл жасаған, сол соғыста ол қаза болды. Оны жерлеуге өзім қатыстым. Жерлеуге партизандар қатар тұрып, аспанға оқ атты. Мен мылтығымды жоғары көтеріп тұрып, атқаным жоқ.
– Неге?
– Мұсылманның заңы бойынша ас­пан­ға оқ ату деген құдайға оқ атқанмен тең ғой, атсам өзім өліп қалуым мүмкін ғой. Әрі орыстар әйелі өлгенде жылаған да жоқ деп айтпасын деп, екі көзімді түкірігіммен сулап, жылаған адамдай болдым, – деп күлдірген еді.
Ерекеңнің екінші бір әңгімесі мұ­сылман елі патшаларының көп әйел алуына жалғасқан кезде, Алматыдан келген бір тарих ғылымының докторы Ерекеңнің сөзіне көбірек ескертпе жасап, жөндеп тұрған еді. Жастары да шамалас:
– Бұл жағдай қазір де бар, мен жақында Марокко мемлекетінде болып келдім. Корольдің сегіз әйелі бар екен, – дегенді айтқан кезде  Ерекең бірден:
– Өзіңде нешеуі бар? – десін.
Ол кісінің әйелі орыс ұлтынан екен, қасында тұрған. Әңгіме айтып тұрған ағамыз не айтарын білмей, үнсіз қалды. Әйелі оны ертіп алып кетті, ол енді Ерекеңнің қасына жоламайтын болды. Бұған да Ерекеңнің тыңдаушылары біраз күліп алған еді.
Тағы бірде Ерекең жұртты ұйытып қызықты әңгімесін айтып тұрғанда бір демалушының әйелі келіп «демалатын уақыт болды, кетейік» деді. Ол болса  кеткісі келмеді. Әйелі тағы да "жүрсей" деген болуы керек, ол ашуға басып, бөлмесінің кілтін әйеліне қарай лақтырып жіберсін. Сол кезде Ерекең: «Сендер неге тарамайсыңдар? Неге соңымнан қалмайсыңдар? Мені бір жүр­ген жынды деп есептейсіңдер ме? Неге киноға бармайсыңдар, биле­мейсіңдер?» деп өтірік ашуланып, қасын­дағыларға ұрысты. Жұрт оған да мәз болып, ду күліп жатыр. Жаңағы жігіттің өзі де, әйелі де орынсыз қы­лығына ұялып, не істерін білмей қалып еді.
Бір жылы облыстық газеттің бірін­де Ерекеңнің қарақұмдағы қой фермасының орталығында болған оқиға туралы «Шиқайнардағы шикі той» деген сын мақала жарияланды. Бір жігіт еріксіз, қыз алып қашып, той жасаған. Екі жақ келіспей, арты дауға айналған. Ерекең ортаға түсіп, оларды келістірмекші болған. Мақалада ол кісіні де сынаған. Осыған сай шара көру үшін аудандық актив жиналысы өтіп, облыстық прокурор, заң қызметінің басшылары қатысты. Олар Ерекеңді сынап, заңды бұрмалағаны үшін жауапқа тартылатынын айтып, сұрақ қойып жатты. Ерекең саспастан, қазақылыққа салынып, «Бұл әрекетімнің несі артық. Бұрында да мұндай оқиғаның талайы болған, келістіріп жіберетінбіз. Қазір балалы-шағалы болып, жақсы отбасын құрып отыр» деп қарсыласып тұрып алды. Бұдан кейін бірінші хатшы Елеу Көшербаев үзіліс жариялап, Ерекеңмен жеке сөйлесіп, жағдайды түсіндірген ғой. Үзілістен кейін Ерекең қателігін мойындап, жиынға қатысушыларды күлдіріп, елден кешірім сұрап, мәсе­ленің оң шешімін тапқанына куә болған едік. Оның жүрген жері осындай көңілді әзіл, ойын-күлкі, той-думан еді ғой, жарықтық.
         Исағали ЖҰМАҒҰЛОВ,
 еңбек ардагері,
Қармақшы ауданының
құрметті азаматы                                   
24 шілде 2019 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 156

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930