САЯБАҚҚА СӘН КІРДІ
Кенттің батыс бөлігінде қаз-қатар орналасқан Сыр талдары сая болатын, жап-жасыл, ауасы да тым бөлек бір орын бар-тын. Дарияға біртабан жақын орналасқан соң аяқ су жылдам келеді. Сол себепті ағашы ерте көктеп, кентке ерекше көрік сыйлайды. Нағыз саябақ десе дегендей. Оншақты жыл бұрын осы орынға «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы саябақ» деп атау беріп, ең көрікті мекенге айналдырдық. Жаздың сенбі, жексенбісінде үзбей концерт ұйымдастырып, балалар демалысын осында өткізуші еді. Су мен балмұздақ саудасы қызар шақта кәсіпкердің бәрі сол жақтан табылды. Бірі – балалар ойнайтын аттракцион, бірі – тез дайындалатын тағам ұсынатын асхана ашты. Саябақ ортасындағы бассейнгебалалар таң сәріде жиналып, кеш қарайғанша шомылып, асыр салып ойнап, мәз-майрам күй кешті. Алайда бұл орын соңғы 2-3 жылдың бедерінде қараусыз қалып, темір шарбағы майысып, орындығы сынып, төрт түлік емін-еркін жайылатын жерге айналды.
Биыл бұрынғыдай емес кент келбеті ажарлана түсті. Себебі осындай қараусыз қалған саябақтар ұйымдастыру мен жанашырлықтың арқасында қайта қалыпқа келе бастады. Кент әкімдігі ерте көктемнен қолға алып, ағаш отырғызу, гүл егу, қоқыстан тазарту, саябақ пен аллеяға күзетші қою жұмысын жүйелі жүргізді. 1 маусым балалар күнін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы» саябақ ішінде атап өту үшін ауыз толтырып айтарлық іс тындырды. Орындықтар қайта орналастырылып, брусчатка төселді. Шарбақтар сырланып, сахна қайта безендірілді. Жүргізілген жұмыстың бәрі саябақтың шырайын ашып келеді. Содан бері аудандық шаралар осы орында көрініс табуда.
Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын қоғамдық жұмысшы бекітілген. Кент тұрғындары мен қонақтар үшін осындай жасыл желекке оранған бақтарды көбейтуіміз керек.
Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан ауданның тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
– Орталық саябақты абаттандыру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Кәсіпкер тарту әлі де жоспарда. Саябақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналу үшін жүйелі ісімізді жалғастыра береміз, – дейді тиісті мамандар.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Кеңесбек БЕКБОЛАТ:
– Қандай саябақ еді кезінде. Дәл мұндай жасыл-желек кент аумағында сирек. Қолға алып, қайта қалпына келтірген мамандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мал жайылатын орынға айналды-ау деп жанымыз ашитын. Қайта қалыпқа келгеніне қуанып жүрміз. Жеті сайын концерт ұйымдастырылғаны жақсы болды. Кешкілік немерені жетектеп сонда барамыз. Көшеде ойнаса көлік келіп қала ма деп қауіпсіздігіне алаңдаушы едік. Саябақ ішінде балалар алаңсыз асыр салады.
Аружан ЖҰМАДІЛДА:
– Құрбылармен «Ардагерлер аллеясы», «Жастар саябағына» жиі барамыз. Көлеңке. Тап-таза. Орындықтары да ыңғайлы. Бұрын демалып отыратын жер таппайтынбыз. Аллеялардың абаттанғанына қуанамыз. Көше бойына қоқыс жәшіктері де орнатылды. Биылғы жұмыстарға көз сүйсініп, көңіл тояды. Кент тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА