» » ЖАСТАР ЖЫЛЫ: СЕРПІН ҚАНДАЙ?

ЖАСТАР ЖЫЛЫ: СЕРПІН ҚАНДАЙ?

Осы кезге дейін мақалаға арқау болған тақырыптың бірі – жастар жайы. Мақтандық, марқайдық, тіпті сынап та алдық. Жаз басталса студент жастардың ауылға ағылатыны әмбеге аян. Кейде осындай сәтте бұзақылықтың орын алатыны да жасырын емес. Себебін іздеп те көрдік. Ол – жастардың бос уақытын тиімді өткізетін демалыс орны не түрлі қызықты шараның аз болуынан еді. Алайда биыл барлығы дерлік жақсы жағынан өзгерді. Түрлі сайыс, қызықты кеш, басқосу мен демалыс орындары жастарға жол тартты.
Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылды «Жастар жылы» деп жариялағалы жастар серпіліп қалды. «Арыс­тандай ай­батты, жолбарыстай қайратты, қы­рандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек арттық, сендік. Нәтижесі де жаман емес. Иә, елдің өсіп өркендеуі үшін, жас маман ойының ұшқырлығы, тың идеясы өте маңызды. Оның ішінде «Жастар корпусын дамыту» жобасына атсалысқан бірқатар жасты атап өтуге болады. «Zhas project» әлеуметтік жобасы аясында ауданнан 27 жоба ұсынылса, оның 13-і жеңімпаз болды. Жеңімпаз жобаға барлығы 42 жас қатысып, бағын сынаған. Сала бойынша атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығында – 3 жоба, ұлттық қолөнерде – 5 жоба, балалардың ойын-сауық орталығын ашуда – 2, сондай-ақ тамақ өнімінде – 2 жоба, сән салонының жұмысын жандандыруда – 1 жоба сәтті жүзеге асырылды. Жоба аяқталды. Десе де жас­тар қарап қалған жоқ. Кәсібін одан әрі дөңгелетіп, жемісін көріп отыр.
Алдыңғы жылдары сенделген жа­­с­ты көріп көңілдің түскені рас. Олардың айтары да осы – «ауылда қызық жоқ». Бірақ бұл да артта қалды. Қазір Жас­тар үйіне барып көріңізші. Бөлме толы жастар. Жан-жақта ағаш орындық, әуелетіп үнтаспада ән шырқалып тұр. Келгені емін-еркін әңгіме өрбітіп, тегін Wi-Fi – мен керегін алады. Бір қызығы мұндағы орындықтар мен бетіндегі төсегіштерді осы ауданның белсенді жас­тары жасаған. Мұнда теннис үстелі мен шахмат тақтасы бар. Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақта осында. Жастардың басын біріктіретін, бос уақытын тиімді өткізетін тағы бір орын есігін айқара ашты. Ол – аудандық кітапхана жанынан құрылған Coworking орталығы. Жайлы бөлмеде жұмсақ орындықтар мен тегін ғаламтор қосулы. Бұл жерде еркін форматта кездесу мен басқосу өтеді.
Аудандық жас­тар ресурстық ор­талығының директоры Әділ Ыбрахимнің айтуынша, жастардың көңілін аулауда, оны шынықтыруда, ауы­лын сүюге үйретуде біршама жұмыс атқарылып жатыр.
– Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ?! Әрине, қоғамның қозғаушы күші – біз. Ал жастарға тоқмейілсіп, тоқтап қалмаған дұрыс. Іздену керек, талпыну қажет. Елі үшін, жері үшін қызмет етуі – міндет. Жасыратыны жоқ, қандай да бір теріс қимыл пайда болса ең алдымен сөз бізге келеді. «Жастар қайда қарап отыр?» деп сұрақты төтесінен қойып қалады. Енді жауап беріп көр. Сол үшін белсенді жастардың басын біріктіріп, арасынан депутат сайлап, ауданның жұмысына жұмыла атсалысудамыз. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі емес пе? – дейді Әділ Ыбрахим.
Кей тұрғынның малына өріс болған саябақ сүреңсіз күйде еді. Жұрт тек жол қысқару үшін кесіп өтетін. Орынтақтары сынған, сахна шатыры ортасына түскен мекеннің бүгінде ажары айшықталған. Күн сайын балалар сауық құратын алаңқайлар, батут, бассейн, ойыншық көліктер қызмет көрсетіп тұр. Кеш батса нағыз демалыс орны. Ал жұма мен сенбі күндері аудан жастарының ұйымдастырған концертіне тап боласыз. Әр аптада әр ауыл жасы өнерін паш етеді. Түрлі ойын ойнатылады, кеш соңы биге ұласады. Демалыс күні де саябақ бос болмайды. Себебі мұнда пейнтбол ойыны қызады.
Алдыңғы аптада біршама шараның куә­сі болдық. Соның бірі – аудандық жұ­мыс­пен қамту, әлеуметтік бағдар­лама­лар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысы аясында «Студент  жастардың ең­бек жасақтары облыстық штабы» ҚБ, облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі де­пар­таментінің аудандық пробация қызметі мен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен қыл­мыс­тылығы бойынша есепте тұрған азаматтар мен жастар арасында өткен «Біз бейбітшілік ұрпағымыз» атты спорттық шара. Мақсат – азаматтар мен жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту. Сонымен қатар аудандық жас­тар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен «Тәуел­сіздіктің 20 жыл­дығы» саябағында аудан жас­тарының арасында «Жаңа аккорд» инструменттерде ән салу байқауы өтті. Байқауға кент орталығынан, ауылдық округтерден жас өнерпаздар қатысты. Одан бөлек жастар керуені де ауыл аралауын тоқтатқан емес.
ТҮЙІН
Кез келген мемлекеттің болашағы – жастар. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар осы жастар екені де даусыз. Елдің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Ал біз қаузаған жастардың бұл көрінісі тек бастамасы ғана. Жазылмай қалғаны да жетерлік. Иә, жастардың серпілісі осындай.
Айнұр ӘЛИ
11 шілде 2019 ж. 1 245 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031