ЖАСТАР ЖЫЛЫ: СЕРПІЛІСКЕ СЕРПІЛІС
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында үстіміздегі жылды «Жастар жылы» деп атап көрсетті. Бұл бастама жастарға берілген зор мүмкіндік. Оларға артылған үлкен сенім. Алайда, қоғамнан ойып тұрып орын алатын жастар бұл жылға дайын ба? Серпіліс қандай?
Иә, жастар қашанда өзіндік күш-жігерімен, тың идеясымен қоғамның қозғаушы күші болып келеді. Біз білетін қазақтың батыры да, ақыны да, жазушысы да жастайынан әлемге танылды. Бүгінде солардың ізбасарлары бар ма? «Мен» деп көкірегіне нан пісірген жастар қайда? Елбасы бұл жылды «Жастар жылы» деп атады. Неге? Себебі, болашақтың тұтқасын ұстар осы – жастар. Ал, жастар бұл жылға дайын ба? Оларға берілген қолдау қандай? Сауалға жауап іздеп аудандық Жастар үйіне ат басын тіредік. Нәтиже де көңіл қуантады. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жастар ұйымдарының жұмысына серпін берді. Бүгінде орталықта 6 қызметкер жұмыс істейді. Жастар саясатын дамытуға жалпы 9 млн. 57 мың теңге қаржы бөлінген. Ауданда 14-29 жас аралығындағы 12 342 жас тіркелген. Жалпы жастар өңірдегі халықтың 22,8 процентін құрайды. Сондайақ, жұмыссыздар қатарында 395 жас болса, оның ішінде еш жерде тіркелмеген NEET санатындағы жас 112-ні құрап отыр. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,2 процент. Осы жыл жастар үшін серпіліске толы болды. Мәселен, NEET және осал топтардағы жастармен жұмыс жасау, нысаналы топтармен адресті жұмыстарды күшейту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі бағытта іс шаралар ұйымдастырылды. «Жас келсе – іске» демекші, қазіргі кәсіпкерлердің дені жастар. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негізінде оқыған 107 азаматтың 35-і жас буын. Бүгінде 9 жас несие алып, өз кәсібін жүргізуде. Ал, «Жастар корпусын дамыту» жобасы бойынша ауданнан 27 жоба ұсынылып, 13 жоба жеңімпаз болған. Жалпы, 13 жобаға 42 жас қатысуда. Сонымен қатар, биыл «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 54 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 183,3 млн. теңге несие берілген. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен жалпы 14 млн. 94 теңге бөлініп, оның 5 млн. 37 мың теңгесіне төрт әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылға үміт көп. «Жастар жылын» кең көлемде атап өтуге аудандық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Мәселен, «Қармақшы – жалынды жастар мекені» жобасы жүзеге асырылады. Жобада әр айға арнайы атау беріліп, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен турнирлер, фестивальдер ұйымдастырылады. Аудан арасында жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған «КОВОРКИНГ» орталықтары ашылды. Ал, келер жылы осындай бес орталықты ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, «Прогресс» аудандық дебат үйірмесінің жұмысы үйлестіріліп, аудандық, облыстық, республикалық турнирлер мен арнайы аудан әкімінің кубогі үшін байқау болады. Одан бөлек, «DRIVE» аудандық көңілді тапқырлар үйірмесінің жұмысы бастау алады. Лига жасақталып, аудан әкімінің кубогі үшін сайыстар өтеді. Сондай-ақ, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы құрылса, киелі Қорқыт елінің қыр-сырын жастар арасында насихаттауда, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыруда «Жиһанкез» жас өлкетанушылар қозғалысы барлық кент және ауылдық округте жұмысын бастайды. Кәсіпкер боламын деуші жастар үшін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Бизнес-старт» бизнес-инкубатор орталығымен «Стартап-Бизнес» инкубаторы өз жұмысын бастайды. Бизнес идеялар байқауы мен жәрмеңкелер ұйымдастырылып, ауданның жас кәсіпкерлерінің форумымен қорытындыланады. Ұлттық кодты сақтай отырып, төртінші өнеркәсіптік революцияға жастарымызды дайындауда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Робототехника» үйірмелері өз жұмысын ауылдық елді-мекендерде қолға алады. Сондай-ақ, «Ой DAY» облыстық ІТ және робототехника байқауын өткізеді.
Айнұр Әли