ОРМАНШЫЛАРДА ОРАЙЛЫ ТІРЛІК БАР
Оның 3 гектары Өзбекстан Республикасы мен Қазақстанның шекарашыларына қадағалау бекетін салуға Үкімет қаулысымен босатылған. Бүгінде орманшы ұжымын отыз жылдан аса уақыт еңбек тәжірибесі бар білікті маман Дастан Орынбасарұлы басқарады. Оған дейін Шаңбай Елшібеков, Тұрар Біләлов, Құдайберген Батниязов, Марат Наятұлы, Абай Бекберген айтулы мекемеге басшылық еткен. Мекеме қарауындағы 435283 гектар жердің 924 гектары Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлы орманға тиесілі. Бұл біздің арнайы сұратқан мәліметіміз. Әдетте тілшінің біреудің айтқанынан гөрі өз көзімен көріп, қолымен ұстаған бұйымын жазғаны әлдеқайда әсерлі. Біз де осы ұстанымды жалау етіп, мекеме жұмысын көзбен көрдік. Аудандағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне алғаш келуіміз болмаса да, жаңа басшымен кездесіп әңгімелесуіміз бірінші мәрте. Ұжым басшысы Дастан Өтеуов бізді жылы шырайда қарсы алып, мұнда келгендегі себебімізді сұрады. Оның айтуынша, бүгінде мекемеде 56 адам жұмыс істейді. Басты жұмысы – табиғатты қорғау, одан кейінгісі орман қорын молайту. «Қай жерде орман сиресе, сол жерге жасыл желек егіп, көктету-көгерту. Мұнан соң техникалық базаны нығайту. Өйткені аталған мекеменің жұмысы далада атқарылуына байланысты көлік қатынасы қашанда сақадай сай болуы шарт», – дейді директор.
– Негізгі мақсатымыз – орманды қорғау, тұрғылықты халықты отынмен қамтамасыз ету. Өңірге көгілдір отын келмеуіне орай отынмен қамтамасыз ету біздің жұмысымыздың бірі болып қала бермек. Мекемеде өзге орман шаруашылығы мекемесі секілді орманшылық жоқ. 2001 жылы елімізде орман орналастыру жұмысы жүргені белгілі. Осы кезде қателік болған. Сөйтіп ауданда орманшылық бөлімі жасалмаған. Яғни, орманшыларға емес, шеберлік бөлімшеге бөлінген. Соның аясында қазір 5 шебер бөлімшесі бар. Онда 5 орман шебері жұмыс істейді. Олардың қарамағында 4-5 орман күтушісі еңбек етеді. Бұдан басқа өрт сөндіру бөлімі жасақталған, – дейді сала басшысы.
1 өрт сөндіру көлігімен 7 адам қолайсыз өрт жағдайында өртті сөндіріп, өз міндетін атқарады. Айта кетерлігі, өртті сөндіруге 7 адамның күші жетпеген жағдайда мекеменің барлық адамы тілсіз жаудың бетін қайтаруға атсалысады. Мұндайда жұмысшы, басшы деген болмайды. Бастысы – өртті сөндіру. Орманда өрт қауіпсіздігін болдырмау мен сақтау шарасын ұйымдастыру өте өзекті.Ауданда орман өрттерінің аса қауіпті кезеңі 15 наурыз бен 15 қазан аралығы болған соң аудандық өрт сөндіру бөлімімен бірлесе жұмыс істеуді қолға алған. Оқиға болған жағдайда оны дер кезінде сөндіруге бағытталған жаттығулар жиі жүргізіледі. Орман өртінің алдын алу мақсатында жергілікті тұрғындармен насихаттық жұмысы жүргізіліп, үнпарақ таратылады. 17 орман күтуші мен өрт сөндіруші байланыс құралымен қамтамасыз етілген. Сол секілді орманды өсіру, қорғау инженері, директордың орынбасары, заңгер маман ұжым жұмысының жүйелі жүруіне үлесін қосады. Олардың қатарында Кәрім Өтегенов, Ерхан Қаражанов, Ақтөбе ауылдық округінің орман шебері Ғани Есмаханов, Бауыржан Боранбаев, Телжан Өскенбаев сынды орманшылар да бар. Мамандардың алды 33 жыл бір салада еңбек етіп келе жатса, кейін келгендердің еңбек өтілі – 4 жыл.
Ардагерлер – ардақтылар. Бірлігі келіскен ұжым қызметкерлері ардагерін ардақтап, сый-құрмет көрсетуді ұмытқан емес. Мекемеден зейнет демалысына шыққан 5 ардагерге Қарттар, Наурыз мейрамы мен Жеңіс күні, сондай-ақ Орманшылардың төл мерекесінде иықтарына шапан жабылып, шайға шақырылады. «Бұл қалыптасқан дәстүр», – дейді кейінгі толқын інілер. Дастарханда ас-су ішумен қатар, аға буынмен салаға керекті ақыл-кеңес сұрап, емін-еркін сұқбаттасуға да мол мүмкіндік.
Айтпақшы, мекеме тарихында бірінші мәрте 3 гектарға алма ағашын отырғызған. Жосалы кентінен 6 шақырымда жатқан алма бағына баруға біз де асық болдық. Директордың орынбасары алма баққа өзі ертіп әкелді. 44 градус ыстықта көлік терезесінен аптап ұрып келеді. Бетімізді күйдіргеніне қарамастан, екі көзіміз сыртта. Ауыл іргесінен сәл ұзағанда трассаның екі бетінен шағын орманды жерлер көрінді. Жаныма жайғасқан ерлермен иін тіресіп жұмыс істеп жүрген жалғыз әйел-орманшы Бақыткүл Молдабаева жол-жөнекей кездескен орманды жерлерді таныстырып, ішімізді пыстырмады. Орманшының жұмысы – далада. Ауа- райы қысы, жазы қолайсыз келетін біздің өңірде бұл салаға тұрақтау оңай емес секілді. Әсіресе жаны нәзік әйел-анаға. Рас, әрбір мамандықтың өз қиындығы мен қуанышы болады. Бірақ біз мынаған қарап, орманшының қызығынан гөрі қиыншылығы көп пе деп қалдық?
– Алма ағашын «Балажарма» каналынан суарамыз. Десе де ауданда ағаш егілген жерді сумен қамтамасыз ету жеңіл шаруа емес. Канал төменде орналасқан. Жеріміз одан биікте жатыр. Ал каналды қазатын болсақ, тіпті де су келмейді, – дейді орман инженері.
Шілденің ми қайнатар ыстығымен алысып алма баққа да келіп жеттік. Бақыткүл Молдабаеваның айтуынша, «Золотой превосход», «Крепсон»,«Симеренко», секілді сирек кездесетін алма түрі 2 жыл бұрын егілген. Ағаш көшеті Шымкент қаласындағы «Жасыл желек» серіктестігінен әкелінген. Ерте пісетін, жаз ортасы мен күзгі салымда жеміс беретін алма сорты жерсінуде. 624 алма көшеті егілсе, соның 70 проценті шығып тұр. 3 жылда жеміс беру керек. Қазір егілгеніне – 2 жыл. Біздің жерге келген соң ауырып басқа күйге түседі. Соған орай 2 жылдан соң жеміс береді. Ал ерте жеміс беретіні одан да бұрын күтілуде. Бақ облыс әкімінің «Жасыл желек» бағдарламасы арқылы қолға алынған. Баққа келгенімізде қарық бойына қатар тізілген қаламшаларды суарып жатқан Мейрамбек Елібаевқа жолықтық. Ол бақты таңғы сағат 6-дан бастап суаруға келеді екен. Салқында су ішкен ағашқа да пайдалы көрінеді.
Мекеме басшысы алысқа бармай-ақ жұмыс жайын бағдарлаған еді. Кеңсенің алдынан өзімізде өспейтін ағаш сортын өзге қалалардан алдырып, бірін қаламша, енді бірін дәнінен көктетуде. Онда үйеңкі, бадам, терек пен өріктің бірнеше түрі көгеруде. 1 жылда 2-3 метрге дейін өсетін теректің түрі де осында.
Былтыр басшының тапсырмасымен Батыс Қытай – Батыс Еуропа авто дәлізінің бойындағы орман маңы қоқыстан тазартылып, арам шөбі оталған. Өкініштісі сол, үстіміздегі жылы осы орманға бірде-бір су жетпеген. Себебі «Балажармадан» ол жаққа су көтерілмейді. Бұл жөнінде басшылықтың өз жоспары бар. Келешекте орман жерінің тегістігі қайта зерделенбек. Өйтпеске болмайды. Осыған дейін мекеме орманды өсіру, молықтыру және қорғау көрсеткіші бойынша соңғы орынға тұрақтаса, қазір алдыңғы қатардан көрінуде. Ескісі тізімнен шығарылып, 2 жаңа техника алынған. Ол орманшының қажетіне аттай жарап тұр. Биылғы жылдың 6 айында 12 адамға әкімшілік іс толтырылса, оның 2-еуіне қылмыстық іс қозғалған.
Таңертеңгі сағат 8.30-да жиналыс өтіп, онда кімнің қайда баратыны және қандай шаруа атқаратыны анықталады. 9-да мұнда бірде-бір орманшы қалмайды. Түстен кейін 5-6-ларда қайта бас қосып, басшылыққа есебін береді. Әрбір орман шебері істелген жұмысын толыққанды баяндап, ертеңгі күнге жұмыс жоспарын бекітеді. Көзге көріне бермейтін орманшының өмірі осылай тынымсыз тіршілікпен өтіп жатады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК