» » КӨПКЕ ҮЛГІ КӨШЕ ТҰРҒЫНДАРЫ

КӨПКЕ ҮЛГІ КӨШЕ ТҰРҒЫНДАРЫ

Ораза айы иманымызды күшейтіп, тәубемізге келтірді.  Барды қанағат тұтуға шақырды. Ашығу арқылы жағдайы төмен от­басылардың жай-күйін ұғынып, нәпсі тиюға негіз болды. Кеше ғана Рамазан айына аяқ бассақ, енді  ағайынмен айт мерекесін тойладық. Дүние жүзіндегі мұсылмандар сол күні бірін бірі құттықтап, сүйіспеншілік және бауырлас­тықтың, достықтың үл­гісін көрсетті.
Осы ұлық мейрамды  кент ішіндегі Ізтілеуов, Өміров, Ібәш жырау көшесінің тұрғындары айрықша атап өтті. Қалай дейсіз бе? Абыройлы азамат Аманбай Пірмаханов алдын ала жоспар құрып, айт күні ата-баба әруақтарына арнап ас берсек деген ұсыныс білдірген. Үлкенін сыйлап, кішісіне ізет көрсетуді білетін тұрғындар ақсақалдың бір ауыз сөзін құптап, дайындыққа кі­рісіпті. Көше комитеті төрағасы Орынбек Әбеновтың ұйымдастыруымен жас жігіттер Мырзагелді Амановтың  үйіне дастарқан жайып, ауласына шатыр тіксе, өзгелер қазан-ошақ әкеліп, қыз-келіншектер ыдыс-аяғын түгендеген.
Жоқтан бар жасап, не нәрсені де ұқыпты үйлестіре білетін Мырзагелді ағаның ауласына енгеннен-ақ нағыз мерекені сезінесің. Буы бұрқыраған шоқ самаурын, оты алаулап жанған қазан-қазан ас, құманмен қолға су құйып жүрген жастар – бәрі-бәрі бір-бірімен астасып, үндесіп, жарасым табады.  Ас деп атау бергеніміз болмаса рухани демалыс.  Ауылдастар арқа-жарқа құшақтасып, көптен көрмегендері қал-жағдай сұрасып, емен-жарқын әңгіме айтып, бір жасап қалды. Жүздерінде жасандылық  жоқ. Шынайы пейіл, риясыз көңілмен жақсылық тілесуде. Бұл – 30 күн оразаның бергені. 70-тей үйден 150-ден аса тұрғын жиналған. Өзге ұлт өкілдері мен баталы ақсақалдар да қонаққа шақырылыпты. Оларға арнап қой сойып, бас тартуды да ұмыт қалдырмады. «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек Әбенов отырғандарға жақсы хадистер мен әңгімелер айтып, бабалар рухына Құран бағыштады.
Зыр жүгіріп, ыстық шәй демдеп, жылы шырай танытқан Ақмарал, Ләззат, Фарида, Шынар келіндердің қызметіне тұрғындар дән риза.  София апа бастаған ақ жаулықты аналар Алла сыйласын деп, алғыс жаудырды оларға. Жол білетін, жөн білетін ағалар Жазықбай Нұржанов, Әбен Қаракөзиев, Жолайхан Қал­мұр­заев, Нұрлан Төлепбергеновтердің бұл бірін­ші бас­тамасы емес. 4-5 жыл бұрын ақсақалдар мұрындық болып дәл осылай жиналып, тасаттық берген еді.  Көктемгі көркейту-көгалдандыру айлығында Мырзакелді аға бастап көше бойына көшеттер отырғызыпты. Сол талдар бүгін жайқалып өсіп тұр.
Бір-біріне тілек пен ізгі ниеттерін біл­дірген тұрғындар тек айтта ғана емес, әз-Наурыз, Құрбан айт секілді айтулы мерекелерді де ұйымшылдықпен өткізейік деген тілектерін жеткізді. Ақ­сақал Нәжмадин Өсеровтен алақан жайып, ақ бата алды. Бірлікпен өткерген көше тұр­ғындарының бұл тірлігі көпке үлгі.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
13 маусым 2019 ж. 1 343 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 158

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930