» » ТӨРЛЕТ, ӘЗ–НАУРЫЗ

ТӨРЛЕТ, ӘЗ–НАУРЫЗ

Күллі мұсылман қауым үшін Наурыз – жыл басы, Ұлық мереке. Жер бетіндегі тіршілік атаулының оянып, табиғатпен үндестік табатын шағы бұл. Айтулы күн – адамды еңбекке шақыратын, елдікке бастаумен де сабақтас. Наурыз – түбі бір түркі мен мақсаты ортақ мұсылманның туыстығын білдіретін, жомарттық пен дархандықты ту ететін халықтың ұлы думаны.
Наурыз мейрамы – көрісуден бастау алады. Бұл күні адамдар бір-бірін құттықтап, құшағын айқара ашады. Сәлемдесумен қатар, өкпе-ренішті де ұмытып, жаңа күннен жаңа тілек тілейді. Жарапазан айтылады. Жарапазан айтқан балаларға тәтті ұсынылып, түрлі сияпат жасалады. Ел арасында 21-наурыздан 22-наурызға қараған түнде даланы Қыдыр ата аралайды деген тәмсіл бар. Қазақ халқы Қыдыр түнін күтіп, Алладан дұға тілеген. Ұлық мерекеде – көркейту-көгалдандыру мен тазалыққа зор мән беріледі. Тұрғындар есік алдына, өздері тұратын көше бойына тал шыбығы мен жас қаламша егіп, жақсылыққа иек артады. Жыл ырысты, несібелі болсын деген ырыммен ыдысты бұлақ суына, бидай-күрішке, ағарғанға толтырады.
Ұлыстың ұлы күнінде наурызкөк – көктем құсы ұшып келсе, айтулы мезгілде  қырбық қар жауады. Ол наурызша деп аталады. Тай сойылып, тай қазан асылады, ел наурыз көжеден тоя тамақ жейді. Мерекелік тағам жеті түрлі дәмнен пісіріліп, наурызнамаға жиылған жұрт ұлттық тағамнан ауыз тиеді. Нау­рызда наурыз-тілек айтылып, нау­рыз бата беріледі.
Жалпы көктем тойы басқа әлем ұлттарында қалай мерекеленеді? Мысалы, түрік ағайын сақал-мұртын түзеп, таза киім киюге ұмтылса, жігіттері «жамбы» атып түсіруге машықтанған. Нысанаға дәл тигізгені ескі дәстүр бойынша бір күн ел билеуіне мүмкіндік алатын болған. Ирандықтардың ежелгі ғұрпы бойынша Иран патшасы бұл күні қарамағындағыларға шапан сыйлап, жоралғы жасаса, ауған халқы Ұлыс мейрамын қуанышта, жоғары көңіл-күйде қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Диқаншы қауымы егін алқабында мерекелік тілек тілесе, мұнан өзгесі жеті түрлі жемістен сусын даярлап, жаңа киім киюге тырысқан. Ал, араб, парсы елдері атаулы мейрамды бірнеше күн тойлап, шырайын шығарған. Арнайы ошақ қазылып, шырақ жағылған. Отқа май құйылып, ұлттық рәсім жасалған. Қонаққа ақ кесемен ұлттық көже – сумалак ұсынылып, құрмет көрсетілген. Сонымен қоса, ескі киім қоқысқа тасталып, ыдыс сындырылған. Соқамен жер жыртылып, ат жарыс ұйымдастырылған. Бір қызығы, парсылықтар бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына күн белгісін салады екен.
Қазақ халқы да Наурыз мерекесін ерекше қарсы алатындар қатарында. Елдің ынтымағы мен ауызбірлігін танытатын той-думанда таңның атқанынан бастап  күннің батқанына дейін ерекше аталып өтіледі. Халық тойында ұлттық салт-дәстүр паш етіліп, сәбиге ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, үйлену, құда күту, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері: қол күрес, қазақша күрес, арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату, ләңгі тебу, қыз қуу сынды ойындар тамашаланды. Көкпар тарту, бәйге жарысы да – Наурыз тойының қасиетін арттырып, қадірін келтіретін дәстүр. Жаңа жылдық мейрамда күтілетін басты жаңалықтың бірі – ас мәзірі. Ұлттық тағамымыз – жент, құрт-ірімшік, майсөк, қазы-қарта, сусынымыз – шұбат, қымыз, айранның дастарқаннан ойып орын алуы. Әсіресе, наурызкөжеге деген ықылас бөлек.
– Халқымызда жеті деген қасиет­ті сан саналады. Сол себептен де көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Атап айтқанда, су, ет, арпа, тары немесе күріш, сүт немесе айран, құрт және тұз. Ет дегенде – сүр ет пайдаланылады. Арпа – шығыс танымында емдік қасиетке өте бай компонент. Ирак халқында оны «құтты дән» деп атауы бекер болмаса керек. Наурызкөжеге ұрпағымыз жайылсын, көктеп-көгерсін деген ниетте тамырдан өнген дақылдар да салынады. Дайын болған көжені адамға ұсынудың да өзіндік мағы­насы бар. Елде молшылық болсын деген пейілде көжені ыдысқа тол­­тырып құяды және оны тауысып ішу – міндет. Себебі, ырзық-несібені төкпей-шашпай тұтыну – жақсылықтың белгісі. Біздің көшенің тұрғындары жыйылып наурыз тойлауды дәстүрге айналдырған, – дейді Қайнарбаев көшесінің тұрғыны Роза Таңатарова. 
 Таңғы үміттің сәулесін сыйлаған, салт-дәстүріміздің айшықты көрінісі болған Ұлық мереке баршаға құтты болсын. Бақ пен бақыттың, құт пен берекенің басты мерекесі – төрлет, әз-Наурыз!
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
21 наурыз 2019 ж. 1 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 138

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930