» » ҚАҺАРЛЫ КҮННІҢ ҚАҺАРМАНЫ

ҚАҺАРЛЫ КҮННІҢ ҚАҺАРМАНЫ

Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бақытымыздың түптамыры да сонда жатқанын жаныңмен, жүрегіңмен сезінесің. Бейбіт күнде ғана шаңырағыңда шаттық, тірлігіңде табыс, ғұмырыңа қуаныш қонақтайтыны бесенеден белгілі. Мектепте оқып жүрген балалық шағымызда соғысқа қатысқан әкелеріміз көп болатын. Олар соғыс қаруын еңбек кетпеніне ауыс­тырып елдің гүлденуі үшін аянбай тер төкті. Әрбірі таудай тұлға болып көрінетін. Жанына отыра қалып әңгіме тыңдасаң, сөзді жүйе-жүйесімен түйдектетіп, ғибратқа толы ақыл-кеңесін санаңа құятын.
Бейбіт күнді басты бақытқа балайтын. Сөздерінің аяғын көбіне «Е-е-е, сендер соғысты көрмеңдер, сол күндердің қиындығы бізбен кетсін», – деп әңгімелерін аяқтап, терең күрсініп сөзінің аяғын күбірлеп бет сипайтын. Сол ақсақалдарды еске алғанда, көбіне менің көз алдыма соғыс ардагері, ұстазым Сәмет Балғожаевтың жарқын бейнесі келеді. Орта бойлы, ақсары жүзді, көз жанарынан балаға деген мейірім шуағы төгіліп тұратын. Бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ол кісі жаңа сабақты түсіндіргенде аузымыз ашылып, ұйып тыңдап қалатынбыз. Сабақ бергенде сөзбен қатар қимыл-әрекетімен де адамды еріксіз баурап алатын. Кейін өзіміз де ұстаз болдық. Менің бір байқағаным, ұстазымыздың сабақ беру әдісі жасандылықтан ада болып, шынайылығымен ерекшеленетін. Егер ол кісі ұстаз болмай, әртіс болса өнер сахнасында керемет табысқа жеткен болар еді. Өтетін тақырыпты құрғақ баяндаған ұстаз көп нәтижеге жете алмайды. Ал сабақты жүрегімен беріле, бүкіл бітім болмысын, ойға қарай бейімдеп, қимыл арқылы оқушының санасына шеге қаққандай етіп түсіндіретін ұстаздар бар. Иә, бұл – нағыз ұстаз. Мұндай ұстазға жолыққан шәкірттің де бағы басым болады. Мен білетін Сәмет Балғожаев осындай ұстаз еді.
Оқушы кезімізде демалысқа шыққан соң жазда бір ай күріштің арам шөбін отауға, ал күзде бір ай күріш жинауға көмекке баратынбыз. Бізді сондай жұмысқа бірде Сәмет ағайымыз алып барды. Жататын жеріміз тар, бөлме саны аз болатын. Ағай бізбен бірге бір бөлмеде тұрды. Бір күні мені шақырып алып «Дастан, менің бір затым жоғалды. Кімде болса, балалықпен қызығып алған болуы керек. Сен, сөйлесіп көр. Тапсаң, орнына қоя сал. Мен кім алғанын сұрамай-ақ қояйын» деді. Содан сыныптас ұлдарды жинап, болған жайды айттым. Бәрі үнсіз қалды. Мен ағайдың сөзін олардың ойына салдым. Сонда бір құрдасымыз «мен алып едім» деді. Содан ағайдың затын алып барып орнына қойдық. Бәрі сонымен бітті. Қазір ойланам ғой, ұстазымыздың айқай шығармай, істі өзімізге салып, мәселені шешуі ұстаздың ұтымды тәсілі болған екен-ау деп. Ағайдан кейде балалықпен қызық көріп, соғыс кезеңі туралы сұраймыз. Кейде үнсіз қалады. Ондайда біз де мазалай қоймаймыз. Ал кейде, сол кезеңнің қиындығы, соғысқа түскен кездегі кейбір эпизодтарды айтқанда үнсіз ойланып қалатынбыз. Ағай да бір нүктеге қадалып, өткен күндердің елесін ой елегінен өткізіп тұнжырап қалатын. Мен әлі күнге ол кісіні қаhарлы күндердің қаhарманы екенін мойындаймын. Соғыста көрсеткен ерлігі, қиын күндерде жүріп өткен жолы оның айқын дәлелі. Ұстазымның қысқаша өмірбаянына тоқталып өтейін, Сәмет Балғожаұлы 1922 жылы «Бидайкөл» ұжшарында (бұрын Қараш деп аталған) қазіргі Жаңажол ауылында дүниеге келген.
Әкеден жастай қалған Сәкең 1933 жылы «Таң» ауылындағы мектепке барып оқып, 1934 жылы Қармақшы аудандық балалар үйіне келіп орналасады. Осында оқып тәрбиеленіп, 1936 жылы 4 сыныпты үздік бағамен бітіріп шығады. Сол жылы Қызылорда қаласындағы медициналық техникумның (Медицинский рабочий факультет) студенті болады. 1940-1941 жылдары «Бидайкөл» ұжшарында бригадир болып жұмыс істеді. 1941-1942 жылдары Қармақшы аудандық салық агенті қызметін атқарды. 1942 жылдың қаңтар айында ол  Челябинск қаласындағы зауытқа жұмысқа алынады. 1942 жылдың шілде айында 14-гвардиялық минометтік полк қарауына жіберіледі. 1943 жылдың шілде және тамыз айларында екі рет жараланды. Осы шайқаста Кеңес Үкіметінің бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Осы жылы кіші лейтенанттар дайындау курсына қабылданып, 1944 жылы кіші лейтенант  шенін алды және взвод командирі болып тағайындалды. Кеңес әскерінің лейтенанты шенінде 1946 жылы елге оралды. Сәмет Балғожаев «Отан соғысының І дәрежелі» ордені және бірнеше медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін облыстық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған. Кейінгі жылдары құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Жаңажол ауылындағы №107 орта мектепте мұғалім болған. 2000 жылы ауылдың «Ғасыр жауынгері» атағына ие болды. Төрт ұл-қыз тәрбиеледі. Қызы Балғожаева Жұмаш облысқа белгілі ұстаз болды. Ұлы Айдармен бір мектепте жұмыс жасадық. Сол кезеңде ол маған әріптес қана емес, туған бауырымдай болып кетті. Жұбайы Айсұлу да білікті ұстаз. Бұл да ұлағатты ұстаздың «мың жылдық ғұмырының» баянды болып, әулет көшінің жүгі аумай, ұрпақтар сабақтастығының жарқын жалғасын тауып келе жатқандығын көрсетеді.
Тағы да бір жеңіс көктемі келді. 1941-1945 жылғы соғысқа қатысқан ерлерді ұрпақтары еске алады. Сәмет Балғожаев ағайымыздың жарқын бейнесі елінің азаттығы үшін күрескен ерлердің қатарында ұрпақтарының жадында мәңгілік есте қалатын болады.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ.
09 мамыр 2019 ж. 1 005 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 116

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930