» » Неке талабында нелкеттілік болмайды.

Неке талабында нелкеттілік болмайды.


Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында Әбу Талха деген кісі мұсылман болмастан бұрын Үмму Сүләйм есімді әйелге тұрмысқа шығуға ұсыныс жасапты. Оған әлгі әйел тұрмысқа шығуға қарсы емес екенін айтып, оның ұсынысын кері қайтару мүмкін емес екенін жеткізіпті. Бірақ Үмму Сүләйм бір шарт қойыпты. Себебі ол мұсылман еді. Ал Әбу Талха болса – кәпір болатын. Оның тәңір деп табынған нәрсесі жерден өсіп шыққан бір ағаш. Сол ағаштан ағаш ұстасы болған қара нәсілді құлдың жонып «пұт» жасап бергенін және сол пұтқа ұялмай табынып жүргенін айтып, оны мұсылман болуға шақырады. «Кел одан да кәлимаға тіліңді келтір, мұсылман бол. Менде саған тұрмысқа шығайын, маған берер мәһірің осы болсын» – деп, одан басқа ештеңе қаламайтынын айтады. Әбу Талха ойлануға уақыт сұрап, кейін Үмму Сүләймнің үйіне келіп кәлимаға тілін келтіріп, оған үйленіп, мешітте некесін қидырыпты.

Бұл, сонау ғасырдағы екі жұп арасындағы адал некенің белгісін көрсетіп тұрса, бүгінде бұл үрдіс сол ардақты пайғамбарымыздың сүннетімен жалғасып келеді. Ислам құқығында отбасы құрудың алғашқы шарты неке қидыру болып табылады. Ер мен әйелдің өз еріктерімен өмір бойы бірге өмір сүруін қамтамассыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін материалдық-рухани байланыс. Неке қиюдың шарттары бойынша бірінші – ер мен әйел мұсылман болуы керек. Бірі мұсылман болып екіншісі басқа дін адамы болса, онда шариғат үзілді кесілді неке қиюға тыйым салады. Екіншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатынын түсініп, жүрек қалауы мен келісуі. Ол материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Одан кейін екі куәгердің болуы. Бұл да мұсылман адамы болуын талап етеді. Куә болатын адам осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік береді. Неке қиылған шақта үшінші – қыздың сұраған сыйын беру, яғни мәһір деп аталады. Мәһір – ер адамның қалтасына ауырлық түсірмейтіндей орташа бағада болуы шарт. Ал некесіз екі жастың қосылуына ислам діні қатаң тыйым салады.
Қазіргі кезде кейбір жастардың отбасын құрып, оны сақтау мәселесіне атүсті қарап, тіпті оны ойыншыққа айналдырып бара жатқаны көңіл қынжылтады. Некесіз жақын қатынасқа түсіп, Ислам шариғатына қаяу түсіруі алаңдатарлық жағдай болып отыр. Олардың мұндай әрекетке баруына «азаматтық неке» мәселесі де мұрындық болып жүр. Мұндай неке мемлекеттік органның да тіркеуінен өтпейді, діннің талаптарына да бағынбайды. Бастауын батыстан алған азаматтық некеде ешқандай жауапкершілік болмайтын секілді. Бір-бірін сынау мақсатында бір шаңырақта есеппен өмір сүреді. Дәм-тұзы жарасып жатса ғана үйленудің қамын жасап, ал бірінің ойынан шықпай жатса бір-біріне сай емес екендіктерін айтып, оп-оңай түрде айрылысып кете салудан тартынбайды. Қазір осындай жалған некеден қаншама адамдар зардап шегуде. Оның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, балалар тірі жетімге айналып жатыр. Кейінгі кездері шариғаттың шарттарын бұрмалап, оны дұрыс орындамай, әйелін оңай талақ ету жөнімен қаракөз қыздарды мазақ етуші «діндар» жігіттердің саны көбейді. Ұрпақ сүйіп, үлгілі отбасы құруды көздемей, нәпсісінің қалауы мен қыздарды қорлау әрекетіне еркін баруда. Көбіне қыздар жігіттің намазхан екенін айтқанда оған сеніп көңіл қосқанын айтады. Осындай іс-әрекеттің алдын алу мақсатында Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы арнайы діни неке қиюдың шарттарына өзгерістер енгізді. Мешітке келіп неке қияр болсаңыз өзіңізбен бірге жеке төл құжатыңыз бен АХАЖ (ЗАГС) куәлігін ала барасыз. Қасыңызда куәгеріңіз толық болып, қыз баласы ата-анасын немесе туыстарын ертіп келуі шарт. Неке қияр кезде мешіт әдебіне сай киім киінгеніңізді де талап етеді.
P.S
Заңды неке – отбасын мығым қылса, шариғаттағы неке – жаратқанның алдында екі жанның сертін берік етеді. Алайда талақ айтып бір емес, бірнеше рет некеге тұрған әйелдерді көз көріп жүр. Сол үшін қандай да бір дүниенің заңды болғаны абзал. Әсіресе некеде. Сіз не дейсіз,  бүгінгі қоғамдағы жалған некелерге қалай тоқтау қоюға болады? 


                                                                                                                            Ерсін СӘДУҰЛЫ
                                                                                                                            «Қармақшы таңы»
30 сәуір 2019 ж. 1 285 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 954

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930