» » БҰРЫМДЫ САҚШЫ

БҰРЫМДЫ САҚШЫ

Әйелдің жанын әйелден артық кім түсінуші еді? Себебі, әйелдің аналық мейірімі мен перзентіне деген сүйіспеншілігі қашан да өлшеусіз. Ол отбасында асыл ана болумен қатар, таңдаған мамандығына адал, бастаған ісіне тиянақты.  Көңілде қарапайым, өмірде нәзік. Дей тұрғанмен, қазақ қызының қайраты мен қайсарлығы талай ақынның қаламына қан жүгіртіп, талай жазарманның шығармасына шабыт бергені шындық.
Бойына патриоттық сезім ұялатқан бүгінгі кейіпкеріміз – Алтынгүл Торыбайқызы аудандық полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істейді. Полиция аға лейтенанты ішкі істер органында қызмет атқаратын саусақпен санарлық бұрымдының бірі. Кәсіби маман қазақ қызына тән батырлық пен батылдық атаулы қасиеттен де құр алақан емес. Халықтың қамын ойлайды, елдің тыныштығын күзетеді. Сын сағатта сертіне адал, ісіне әділ. Ер азаматпен иін тіресе жұмыс істейтін полоция аға лейтенанты қазір салада бірқатар тәжірибе жинақтаған.
А.Қоңырбаева органға 2013 жылы келген. Басында Алматы заң колледжін бітірсе, мұнан соң М.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «Заң» факультетінен білім алады. Жоғары оқу орнын тәмамдаған ол еңбек жолын туып-өскен Арал аудандық ішкі істер бөлімінің ювиналды полиция тобының инспекторы болып бастайды. 2014 жылы аталған бөлімде анықтаушы қызметін атқарса, 2017 жылдан бері Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінде өз жұмысын жалғастыру үстінде.
Қашан да қоғам үшін кез келген мамандық құнды әрі қажетті. Мысалы, ұстаз қауымы – келешекке саналы ұрпақ тәрбиелеумен ерекшеленсе, дәрігер – адам жаны үшін күреседі. Ал, полиция қызметі – қай кезде де қауіп пен қатерге толы. Күні, түні демей, уақытпен санаспай жұмыс істеуге әдеттенген. Бір қызығы – Алтынгүлдің осындай жүрек жұтқан жұмысты таңдауына не себеп?
– Кішкентайымнан полиция формасына қызығатынмын. Осындай киімді мен де кисем ғой шіркін, деп ойлайтынмын. Сол ықыласыма Алла берді. Айтулы мамандықты таңдауыма басты себепкер – туған нағашыларым. Олардың бірқатары ішкі істер органында қызмет еткен азаматтар. Бірі – полиция полковнигі Байтақ Сүлейменов кезінде Арал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болды. Енді бірі – полиция майоры Теңдік Назаров атаулы бөлімнен зейнеткерлік демалысқа шыққан. Тағы бір себеп – бала кезден тәртіпті аса жақсы көретінімнен де болар. Мектепте оқып жүргенімде алғашқы әскери дайындық сабағы өтетін. Сонда сапқа тұрғанды, қадымдап аттағанды жаным қалайтын. Сол қызығушылық болашақ мамандығыма баспалдақ болғандай, – дейді ол. 
Біз қандай мамандықты қаласақ та оған отбасының ықпалы болатыны белгілі. «Атасы жақсы қандайды – асқар бір биік таудайды, анасы жақсы қандайды – арайлап атқан таңдайды», – демекші, Алтынгүлдің жауынгер салаға келуіне ата-анасының септігі тигені сөзсіз. Әкесі Арал ауданына қарасты Тоқабай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Торыбай Қоңырбаев пен анасы Шынкүміс Сүйінтайқызының отбасында дүниеге келген. Үш перзенттің үлкені. Ата-анадан берілген тәлім мен тәрбие өрімдей ұл-қыздың Отанға адал қызмет етіп, өз ісінің шебері атануына даңғыл жол салды. 
Аралдың ақ балығын жеп өскен ару қыздың жұмысы алдында жауапкершілігі жетерлік. Оның айтуынша, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін мәртебелі мамандыққа қашан да табандылық пен төзімділік керек.
– Қиындығы – оқиға болған орынға барып, қарау жүргіземіз. Қылмыстың неден басталғанын тергеп тексереміз. Содан соң іс әрі қарай сотқа жолданады. Қуанышың – тапсырылған іс әділ һәм шынайы ашылып, оң шешімін тауып жатса, иығыңнан ауыр жүк түскендей демаласың. Қайсыбір кедергіні де сабырмен  жеңемін. Шаршағанда үйде тәтті тамақ пісіріп, дәмді ас әзірлеймін. Табиғатта серуендегенді сүйемін. Қолым қалт етсе, кітап, журнал ақтарамын. Соңғы ақпаратпен танысуға да уақыт табуға тырысамын. Мені қоғамдағы жастардың тәртібі алаңдатады. Оларға айтар кеңесім – тәртіптің болғаны жақсы. Тіпті болмаса, спорт, өнер үйірмесіне қатысып, аулалық жарысқа қатыссын. Үйдің шаруасына көмектессін. Бос жүрмеу керек. Мәселенің басы осыдан басталады. Еңбектенсе, көшеде құр сенделмейді. Кейбіреу ата-анасының тапқан табысын ішіп-жеп, масыл болуға құмар. Сол себептен де жаман әдеттен аулақ болу үшін қазірден қарекет қылуы тиіс, – дейді кейіпкеріміз.  
Жемісті жұмыс нәтижесі – ұжымның бірлігіне қарай болады. Бірлік – әріптеске деген жанашырлықтан туады. Бұл ретте, Алтынгүл де полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Жеңіс Ұзақов, тергеуші Нұрбек Серіков, сондай-ақ анықтаушы Жандос Айтжанов пен Руслан Төлепбергенов сынды үзеңгілес әріптестерін әркез мақтан етеді. 
Алғыс – еңбекке берілген баға. Бұл тұрғыда А.Қоңырбаева көптеген марапатқа ие. Ол төл мерекеде аудан әкімінің алғыс хатымен мадақталса, Тергеушілер күнінде облыстық ішкі істер департаментінің құрмет грамотасы табысталған.
Түйін:
Қазір – далада көктем. Жеміс ағашының гүлдеп жатқан шағы. Бұрымды аруымыздың да сол көктемнің жаймашуақ күніндей көңілі сергек. Жаны жайдары, жүзі жылы. Иә, маман үшін алда талай асу бар. Оған бәрінен де ең маңыздысы – тергеу саласының біліктісі атану.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
 
27 сәуір 2019 ж. 1 112 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 161

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930