ҚОЛДАУДАН ҚАНАТТАНҒАНДАР

Бағдарламамен үй алған, тұрақты жұмысы бар, көрсе көңіл тоятын жастар бар. Солардың бірі ерлі-зайыпты Баукен Тоғызбаев пен Данагүл Бекмаханова. Баукен амбулаториялық емханалық қызметі бар орталық ауруханада есепші болса, Данагүл аудандық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігер-эпидемиолог. Тұрмағамбет ауылында туып өскен түйедей құрдас екі жас бір мектепте, бір сыныпта оқып, бір партада отырған. Білім қуып шалғайда жүрсе де бір-біріне деген махаббаты екеуін ауыл ға әкеп түйістірді. Өнегелі әулеттен шығып, аттарына кір келтірмеген саналықыз-жігіттің отау құрғанына бәрі шын қуанды. Үлгілі отбасы боларына сенім артып, үлкендер ақ тілегін жаудырды. Батаменен ер көгереді. Бастысы сенім ақталды. Екеу шаңырақ көтеріп, шағын мемлекет болды. Кеше ғана бас қосқан отбасы «Дипломмен ауылға» бағдарлама аясында Жосалы кентінен су жаңа болмаса да өздеріне ыңғайлы үй сатып алды. Көп ұзамай-ақ ауылдағы үйден енші алып, бөлек шықты.
Баукен мен Данагүл бір-бірін бала кезден білгендіктен бе сырларын сөзбен емес көзбен түсінеді. Қандай іс болсын бірлесіп шешуді әдетке айналдырған. Дана «Ері тұрғанда әйелі сөйлегеннен без» деген қағиданы да жадынан шығармаған. Елдің де, ененің де, жардың да, баланың да көңілін таба білетін белсенді жас. Құтты үйінен қашан көрсең де қонақ арылмайды. Екі бүлдіршінінің былдыры мен сыңғыры қоныстарын тіпті нұр мен жырға бөлейді. Жас болса да бір-бір мекемеде бас болып еңбек етіп жүрген олардың өз ұжымында да беделі жоқ емес. Қызметтік қасиеттерін де қалыптастырып, жұмыстарын сүйіп, адал атқарады.
–Мұндай бағдарлама шықпағанда тұрақты баспанамыз болмас еді. «Өз үйің өлең төсегің» деп бекер айтпаған ғой. Жылы да, жайлы үйің болса жұмысқа да алаңсыз кірісесің. Ата-анамызға ауыртпалығымызды түсірген жоқпыз. Мемлекеттік грантпен оқыдық. Бағдарламамен үй алдық. Барлығы Елбасының сарабдал саясаты мен жастарға қамқорлығының арқасы. Мемлекеттің берген мүмкіндігін дұрыс пайдана білген жөн. Алмақтың да салмағы бар. Экономикамыз мен әлеуетімізді көтеруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Екеуміз де тәуелсіздік құрдасы болғандықтан елмен бірге есейіп, елмен бірге еңбек ете береміз. Бұл жыл тарихи істермен есте қалатын секілді. Жастар жылы. Ең маңыздысы бірер айдан кейін өтетін Президент сайлауы өтеді. Билік басына керемет жаңалықтар мен қолдау әкелетін көрегенді тұлға келеді деп сенеміз, – дейді Данагүл Премразқызы.
Мемлекет бізге не беріп жатыр деп өкпелейміз кейде. Міне, берген көмекті тиімді пайдаланған, игілін көрген жас отбасы. Мемлекет үнемі қолыңнан жетектеп жүрмейді. Тек қаз тұруыңа көмектеседі.Тәй-тәй басып, қадымыңды қарымды ету өзіңе байланысты.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».