ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР – ЖАСТАР БАҒДАРШАМЫ

2014 жылы елімізде «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобалары бастау алды. «Серпін» бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының мектеп бітіруші түлектеріне солтүстік аймақтардағы оқу орындарында тегін жоғары және арнаулы білім алуға үлкен мүмкіндік жасалды. Бастапқыда оған 2000-нан аса грант бөлінсе, кейін келе теріскейге білім іздеп келген жастардың саны еселеп арта бастады. Бүгінде «Серпін –2050» бағдарламасымен көптеген жас білім алуда. Осы орайда, облыс әкімінің грантымен Ресей Федерациясынан бітіріп келетін әрбір жасына Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып жұмыс орындары әзірленуде.
Жастармен тікелей жұмыс жүргізетін орталық идеяларды жүзеге асырып, жас таланттарды қолдаудан кенде емес. Олардың тіркеу журналына сәйкес түрлі мәселе бойынша 375 жас қоғамдық қабылдауда болған. Кеңес берудің басым бөлігі кәсіпкерлікті дамыту, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Серпін – 2050», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» жайында кеңірек түсіндірме жүргізеді.
«Атамекен» Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қармақшы аудандық филиалы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша жыл басынан бері 107 азамат оқу-семинар курсынан өтті, оның 35-і жастар. Қазіргі таңда, 9 жас несие алып өз кәсібін дөңгелетуде. 4 жастың құжатын дайындап, несие алу үшін сұраныс берілген.
Жазғы маусым кезінде туған жерді көркейту-көгалдандыру мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында студент және жұмыссыз 105 жас жұмыспен қамтылған. Алғашқы маусым айында 26 жас, шілде айында 43 жас жұмыс істесе 31 жас тамыз айында Жосалы кентіндегі ықшам ауданында егілген ағаштарды күтіп баптау жұмыстарын жүргізді.
Өз кәсібін дөңгелеткендердің дені жастар. Себебі, қазір білімді жастардың уақыты. Тың идея болса болғаны. Жоба арқылы берілген мүмкіндіктер, оның жүзеге асуына септігін тигізеді. Сондай жастарға арналған бірегей бағдарлама – «ZhasProjeсt» әлеуметтік жобасы. Бүгінде жоба жұмысы қарқынды жүргізілуде. Биыл жоба шеңберінде шамамен 3 500 адам қамтылған. Облыс бойынша 269 грантты жас касіпкерлер ұтып алса, оның ішінде аудан жастарының үлесіне 16 грант тиесілі болған.
Елбасы жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін білім мен ғылымға және мәдениетке аса көп назар аударатыны, ғылыми прогрессті дамыту үшін көптеген қызмет атқарып, елдің дамуындағы білімнің маңызын айтып, нұсқау беруі – ел экономикасының қарыштап дамуындағы бірден-бір өзгеріс екені баршаға айқын. Сондықтан, Қазақстанның жарқын болашағы білімді, белсенді жастармен қалыптаспақ. Тек мемлекет жасаған мүмкіндікті тиімді пайдаланса.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
Пікір 1