» » КӨГІЛДІР ЭКРАН КІМДІ ТӘРБИЕЛЕЙДІ?

КӨГІЛДІР ЭКРАН КІМДІ ТӘРБИЕЛЕЙДІ?

МАРАТ ҚАБАНБАЙ БІР КЕЗДЕРІ: «БЕС ЖАСҚА ДЕЙІН МЕШЕЛ БОЛДЫМ. ЖҮРЕ ДЕ, СӨЙЛЕЙ ДЕ АЛМАҒАН ЕДІМ. ҮЙ МАҢЫНДАҒЫ ТОҒАНҒА ҰЗАҚ ҚАРАЙТЫНМЫН. ЖАҒАҒА ШЫҚҚАН СУЫРЛАР ШЫҚЫЛЫҚТАП ДЫБЫС ШЫҒАРҒАНДА, МЕН ДЕ ОЛАРҒА ӨЗДЕРІ СЕКІЛДІ ЖАУАП ҚАТАТЫНМЫН», – ДЕГЕНІ БАР-ДЫ. КЕЙІН АҒАМЫЗ ҚАЛАМЫ ЖҮЙРІК ЖУРНАЛИСТ АТАНДЫ. РАС, ОҒАН ТАБИҒАТ-АНАНЫҢ ӘСЕР ЕТКЕНІ СӨЗСІЗ. АЛ, ҚАЗІРГІ БАЛА ТӘРБИЕНІ ҚАЙДАН АЛЫП ЖҮР?
Мәдениеттің, этикеттің озық үлгісі саналатын теледидардан анайы сөз, есер әңгіме естігенде «әттеген-ай», – дейтін болдық. Ақпарат құралы қашан да қоғамдық пікір туғызумен қатар, қазақы тәрбиенің көзі де емес пе? Бірде аты елімізге белгілі журналист бір сіңліміз «қыздар қыздығын сатады» деп салды. Миллиондаған аудиториясы бар телеарнада мұндай сөз айтудың өзі ұят. Қай атамызда бар еді қыздық сатқан. Қызының абыройын – ұлттың абыройымен өлшеген қазақ қызының арын қашан аяққа таптап, саудаға шығарып еді?! Демократиялық қоғамда өмір сүріп отырмыз деп, ауызға не келсе соны айтатын қазіргі қоғамның өресі осындай төмен, намысы жоқ па? Әлде ардың да көк тиын құны қалмай бара ма? Ал, әлеуметтік желідегі әлеует мұнан да сорақы. Көрерменнің мәдениетін қалыптастырады деп жүрген желіміз аудитория жинаймыз деп, тіптен «аттың басын» жібереді. Аман Тасығанның «Ютуб» желісіндегі кейбір сұқбаты бипыл сөзден көз ашпайды. Кейіпкердің образын ашамын деп мұндай қадамға барудың қаншалықты қажеті бар? Осыдан өнімнің өтімділігі артты ма? Немесе жақсы бір туынды дүниеге келді ме? Теледидарды да, желіні де көзден таса етпейтін ұрпағымызға өнеге боларлық ой тастады ма? Һакім Абайдың: «Сөз түзелді, қазағым – сен де түзел» дегенінің астарын әлі күнге түсінбегені ме? Осылайша, көп сұрақ көкейіңде көлкілдейді. Көк жәшікті қосып қалғанда да, түнде сөндіргенде де өнер жұлдыздары экранның алдын бермейді. Көрерменнен талғам сұраймыз. Бірақ соны қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралынан ештеңе талап етпейміз. Авторлық бағдарлама деген жақсы болды. Бір-бір жұлдыз, бір-бір авторлық хабар ашып алған. «Ой-хой 25!» демекші, қызықтың көбі осында. «Қалаулым» дегені бар, жеңгетайлық жасайтын. Қазақта қыз бен жігіттің арасына махаббатың нәзік қылын жанашыр жеңге ұрын барып жалғайтын еді, мұндағы дәнекерлік – дәнекерлікке келмейді. Адам өмірлік жарын телеарнадан іздей ме? Сол жерден қалыңдық тауып, бақыттан басы айналғанды көргеніңіз бар ма? «Кел, келінім» ше? Аты айқайлап айтып тұрғандай, кімнің келінін жөнге салып, кімге пана болғандай. Дөрекі сөз бен ыңғайсыз қимыл ма – сондағы үйренеріміз? Қоғамды арзан дүниемен алдаудың қаншалықты зиян екенін сол хабар жүргізуші-жұлдыздарымыз шынында да білмей ме? Көрерменнің ой таразысын өлшеу мақсатында пікір алған едік.
– Ұлттық арнадағы хабарға келсем, мен журналист Дана Нұржігіттің «Дара жолын», Дархан Әбдіктің «Парасат майданын» көремін. Ой бар, рухани қуат бар. Құнды пікір айтылады. Адамның еңбегі сараланады. Көрерменге тоқтам береді. Астарлы сөз айтылады. Сөйлеу мәдениеті, кейіпкерге деген көзқарас – тайға таңба басқандай. Аша Матай жүргізетін «Қалаулым» ток-шоуынан шындығында қалаулы қалыңдықты немесе күйеубаланы табу күмәнді. Қазақтың менталитетіне келмейтін дүние. Басқа бір ұлтқа жарасатын шығар бәлкім, бірақ қазаққа емес. Жүргізуші хабар барысында реті келсін-келмесін сөз арасына қосып қызы мен күйеуін айтады. Артық нәрсе көп. Бағдарлама деуге келмейді. «Еларна» телеарнасының тұрақты көрерменімін. Онда қазақтың тарихи киносын көрсетеді. Мысалы, «Жау жүрек мың бала», «Көшпенділер», «Әпке», «Құстар қайтып барады» сияқты кино туындыны мың рет көрсең де, жалықпайсың. Себебі, онда ұлтымыздың өткен жолы, адамгершілік сынды қасиеттер көрсетіледі. Шедевр деуге болады. «Той думан» атты телеканалда тек әншілердің өмірін көрсетеді. Соған қарағанда өмірді әншілер ғана сүріп жүргендей. «Ел аузында» деген «31»-ші каналдың хабары да өнер жұлдызының баласына жасап берген тойынан әрі аспайды. Көгілдір экран – ұлттың айнасы. Халық тұтынатын тауар. Сол себептен де арзан дүниеден аулақ болып, оның орнына ақын-жазушылардың шығармашылық кеші ел назарына ұсынылса, құба-құп, – дейді мектеп мұғалімі Шынар Райымбаева.
Ересектермен бірге, теледидардың тұтынушысы – балалар. Оның бала санасына әсері қандай? Балабақша әдіскері Жанар Әбдімәлікованың айтуынша, бала балабақшаның қабылдауына дейін қалтафонмен ойнап келеді. Қолынан алған соң жылайды. Сол кезде балаға сюжетті, әдістемелік ойын ойнатамыз. Содан соң жаттығу жасалады. Азанғы астан соң 15-25 минуттық оқу қызметі өтеді. 2018-2019 оқу жылынан бастап балабақшада министрліктің хаты бойынша, балаға смартфон, теледидар көруге болмайды. Оның есесіне бүлдіршінге қимыл-қозғалыс ойынын жасатыңыздар деген талап бар. Қазір бала неге ауырғыш? Біздің бала кезімізде «бес тас», «жәми», секірмек ойындары көп ойналатын. Көп қимылдайтынбыз. Бүгінде бала ұялы телефон мен теледидардың алдында байлаулы баспақтай. Қимыл-қозғалысы аз. Ертеде бала әкесінің қасында жүріп бірге мал баққан, қала берді үйде де жәрдемдескен. Асық ойнаған, ләңгі тепкен. Қазіргінің баласы әкесінің не істеп жатқанымен шаруасы жоқ, бір орында қозғалмай отыра береді. Бала тәліміне «Балапан» теле арнасының үлесі мол. «Қобыланды батыр», «Алтын сақа», «Алдар көсе» ертегісімен қуаттанған балақай жаман болмайды. Менің ойымша, ата-ана түрік, үнді, кәріс, филиппин сериалдарын баламен бірге көрмеуі керек. Олар – бала көретін дүние емес. Отбасында сериал көрмейміз. Нағыз сәбидің миын улайтын осы сериал, – дейді әдіскер.
Бұл жөнінде психологтың пікірі қандай екен? Мектеп оқушылары көгілдір экранға қалай қарайды?
– «Қалаулымға» көңіл толмайды. Ұрпаққа теріс тәрбие береді десек жалған емес. Ұрыс, жанжал. Бір сөзбен айтқанда, еріккеннің ермегі. Оны көрген адам одан сайын жаман қасиетті бойға сіңіреді. «Еркек емессің, сөзіңде тұрмадың» деп жатады. Мұны мектептегі оқушылар мезетінде жаттап алады. Сабаққа келгенде, сыныптасымен ренжісіп қалған қыз нақ осы сөзді қайталаған. Нәтижесінде, бозбала сабақты тастап, сыныптан шығып кеткен. Көңілді тапқырлар клубын қолдаймын. Әзілге құрылған. Шектен шықпайды. Таразыға тартулы. Әзілі жақсы. Мағынасы болса тарихи кино туындыны тамашалауға болады. Бағасын білгенге, бізде рухани дем беретін хабар аз. Мәселен, «Қыз Жібекті» қанша көрсең де жалықпайсың. Осындай рухани қазынамызға «ақша» қол салғандай. Кілең әртістен көз ашпаймыз. Әркім өз мамандығын істеуі керек қой. Әнші ме – әнін шырқасын, малшы ма – алдындағы малына ие болсын. Мұғалім бе – сабағын берсін. Халықтың рухани жан-дүниесін қалыптастыратын көк жәшігіміз – біреулердің «малтабарына» айналғандай. «Хабар», облыстық телеарнаның көрерменімін. Тағы бір ескерерлігі – жарнама көп. Кино көріп отырғанда жарнаманың ортаға түсуінен адам не көріп, не қойғанын ұмытады. Оқиға желісінің үзілгеніне бала ашуланады. Яғни, бұл нәрсе баланың психикасына қатты әсер етеді. Кино, сериалдың ортасына жарнама орналастырудың қажеті жоқ, – дегенді айтады мектеп психологі Асыл Қайырбаев.
ТҮЙІН:
«АТЫҢ ШЫҚПАСА – ЖЕР ӨРТЕ», – ДЕГЕН ЕДІ ҚАЗАҚ АТАМЫЗ. БІЗДЕ АТЫН ШЫҒАРҒЫСЫ КЕЛЕТІН – ЭКРАНҒА ЖАРМАСАДЫ. БҰЛ – ОНЫҢ ӘЙГІЛЕНЕ ТҮСУІНЕ ТУРА ЖОЛ. БІРАҚ, ОНЫҢ АР ЖАҒЫНДАҒЫ АДАМИ, РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚПЕН САНАСЫП ЖАТҚАН ЕШҚАЙСЫСЫ ЖОҚ. ОЙ ТОҚТАТҚАН, ӨЛШЕМ ТАРАЗЫСЫ БАР ЖАНДАР НЕНІҢ НЕ ЕКЕНІН АЖЫРАТАДЫ, АЛ ЖАЗЫЛМАҒАН АҚ ПАРАҚ – ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫНА КІМ ЖАУАПТЫ? ЗАМАНДЫ СЫЛТАУ ЕТІП, АҚШАҒА ҚҰНЫҚҚАНДАР МА, ҚАРАҚАН БАСЫН ОЙЛАП, АТЫН ШЫҒАРУҒА ҚЫЗЫҚАНДАР МА? ҚАШАННАН БЕРІ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ӨЗ ӘДЕБІН ТАНЫМАЛ АДАМДАРДЫҢ МӘДЕНИЕТІМЕН ӨЛШЕЙТІН БОЛҒАН?
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
17 сәуір 2019 ж. 1 664 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 161

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930