21 МЫҢ ТЕҢГЕ: КІМГЕ, ҚАШАН, ҚАЛАЙ?
Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдау басталды. Ол үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы немесе халыққа қызмет көрсету орталығына, егер ауылда тұрса, әкімдік көмегіне жүгіне алады. Алайда халық арасында АӘК-ге қатысты сұрақ көп, себеп дөп, барлығы мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты сезінгісі келеді. Осы орайда АӘК-ге байланысты жиі қойылатын оқырмандар сауалына Тасбөгет кенті әкімі аппаратының әлеуметтік сала қызметкері Сағира Сүгірәлиева жауап берді.
− Атаулы әлеуметтік көмекті тек көпбалалы отбасылар ғана ала ма? Оны алу үшін қандай құжаттар қажет?
Назым
− Атаулы әлеуметтік көмек – көпбалалы отбасымен қатар, аз қамтылған азаматтарға, табысы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақы. Егер отбасының бір айлық табысы адам басына шаққанда 20789 теңгеден аспайтын болса, АӘК тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз түрі болады. Шартсыз түріне мүгедек жандар, жалғызбасты аналар, асыраушысы жоқ тұрғындар, яғни айлық табысы жоқ адамдар өтініш бере алады. Ал шартты түріне отбасында тұрақты айлық табысы бар адамдар құжат дайындайды, бірақ бәрі де кіріс көзіне байланысты болады. АӘК-ге өтініш беру үшін тек жеке куәлікті көрсетсеңіз болғаны, қалған құжаттар тиісті мемлекеттік органдардан алынады. Сонымен қоса, тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуыңыз қажет. Қазіргі кезде біз өтініш берген тұрғындардан толық құжаттарды жинақтап, «Е-халық» жүйесіне енгізудеміз. Демек алдағы уақытта тұрғындар тек жеке куәлік арқылы АӘК-ге құжат дайындайтын болады.
− Мен сәуір айында АӘК-ге құжат тапсырып үлгермедім. Енді құжаттарды мамыр айының басында тапсыруым қажет пе?
Раушан
− Жоқ, құжат тапсыру үшін келесі айды күтудің қажеті жоқ. АӘК өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады, оның құжатты берген күнге еш қатысы жоқ. Егер қазір әлеуметтік көмекке құжат тапсырсаңыз, ол сәуір айының 1 күні қабылданған болып есептеледі. Айта кетейік, шартсыз АӘК-ге сәуір айынан бастап 3 ай аралығында, шартты АӘК-ге 6 ай көлемінде құжат қабылдаймыз. Соңғы кезде 3 ай мерзімді 6 айға, 6 айды 1 жылға ұзарту көзделуде, алайда ол шешім әлі нақтыланған жоқ.
− Менің бір ғана балам бар, бірақ тұрмыстық деңгейім төмен, яғни күйеуім де, өзім де жұмыс істемеймін. Мағанда 21 мың теңге жәрдемақы беріле ме?
Айым
− Жәрдемақы сізге де тиесілі, себебі ол бала санынан бөлек кіріс көзіне қатысты ғой. Сонымен қатар АӘК салт басты аналарға, егер отбасында мүмкіндігі шектеулі балалар болса және баласы 7 жасқа толмаса міндетті түрде тағайындалады.
− Жолдасым екеумізден бөлек, үйде ата-енем, қайын інім де жұмыс істейді. Оған қоса үйде жиһаздар, бірнеше мал басы бар. АӘК алу үшін олар да отбасы кірісі болып есептеле ме?
Рәзия
− Отбасы құрамындағы жақын туыстардың бір айдағы табысы бірге есептеледі. Сонымен қатар, қосалқы шаруашылық та кіріс көзіне саналады. Бірақ әзірге біз оны қарастырып отырған жоқпыз. Оны еңбекпен қамту орталығындағы арнайы комиссия мүшелері шешеді. Егер бір отбасы мүшесі сіздің үйде тіркеліп, бірақ қала ішінде немесе басқа елді мекенде қызмет ету барысында басқа жалдамалы пәтерде тұратын болса оның қаржысы есепке алынбайды.
− Мен мемлекеттен «Алтын алқалы» ана ретінде төлемақы аламын. Сонымен қоса, мүгедек балам үшін де жәрдемақы төленеді. Бұл да кіріс көзіне жатқызыла ма?
Аружан
− Жоқ, сіз айтып отырған «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төлемақысы, мүгедек балалардың жәрдемақысы, студенттердің шәкіртақысы отбасы кірісі ретінде есепке алынбайды.
− Өзім көп балалы анамын. Қазір 7 балам бар. Үйіміздегі орташа айлық табыс − 150 мың теңге. АӘК алуым үшін бұл көрсеткішті жан басына шағып есептеймін бе? Үлгісін көрсетіңізші...
Айнұр
− Алдымен, отбасындағы бір айлық табыс мөлшерін үйдегі адам санына бөлесіз. Мысалы, сіз және жолдасыңызды, балаларды қоса есептегенде 9 адам.
150000 теңге / 9 адам = 16 667 теңге
Бір адамға шаққандағы айлық табысы 20789 теңгеден аспау қажет. Отбасыңыздағы орташа айлық көрсеткіш 16 667 теңге болғандықтан, сіз АӘК ала аласыз. Одан кейін ересектер үшін берілетін жәрдемақыны отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критрийінің мөлшері арасындағы айырма арқылы есептейміз.
20789 теңге − 16667 теңге = 4122 теңге
Осы айырма төлем 4122 теңгеден ата-анасына төленеді. Ал балалардың әрқайсына 20789 теңгеден тағайындалады.
20789*7= 145 523
Бірақ бұл төлемді біз бермейміз. Біз тұрғындардан құжатты қабылдап, комиссия мүшелеріне тапсырамыз. Олар өтініш берушінің нақты әлеуметтік жағдайын зерттейді, мәселен ол үйде көлік, мал басы немесе басқа да табыс көзі бар-жоғын сараптайды. Егер тұрғынға АӘК тиесілі деп таныса, құжаттарды жұмыспен қамту орталығына тапсырамыз.
− Менің 5 балам бар, үлкені 21-де, кішісі 7 жаста. Мен тек 18 жасқа дейінгі балаларым үшін ғана жәрдемақы аламын ба?
Балжан
− Атаулы әлеуметтік көмек бала кәмелеттік жасқа толамын дегенше төленеді. Егер бала колледж немесе ЖОО-да оқитын болса, жәрдемақы 23 жасқа дейін беріледі. Демек сіз бес балаңыз үшін де АӘК ала аласыз.
− Аяғы ауыр әйелдер үшін және олар босанғаннан кейінгі мерзімде жәрдемақы төлене ме?
− Жақында Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасына жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұрған болашақ аналарға 425 мың теңге төленуі мүмкін екенін айтты. Бірақ бұл біздің саламызға кірмейді. Оны төлем орталығы реттейді.
− Жаңа заңды естіп қуанып жатырмыз. Айтыңызшы, 21 мың теңгеден бөлек аз қамтылған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?
Айкерім
− Негізі АӘК алушыларға әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакеті әзірленген, оның ішінде 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту сынды көмек көрсетіледі. Бірақ бұл көмек түрлері қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы дайындалады.
Айта кетейік, қазір Тасбөгет кентінде «Сыр мейірімі» акциясы арқылы күнделікті 15-17 тұрмысы төмен отбасы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал жалғызбасты және мүгедек 30 тұрғынға ыстық тамақты үйіне жеткізіп береміз.
Біз кент әкімдігіне барған уақытта кезекте тұрған тұрғындардың қарасы қалың екенін байқадық. Сала маманы Сағира Сәрсенбайқызы күнделікті шамамен 50-60 тұрғынның өтінішін қабылдайтынын айтты. Жалпы тұрғындар өтінішін тапсырған күннен бастап үш күн ішінде комиссия шешімі шығады, егер өтініш талапқа сәйкес болса АӘК тағайындалып, жәрдемақы ай соңына дейін аударылады .
Гүлдана ЖҰМАДИН
qmeshit-zhastary.kz