» » ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуді тапсырған еді. Оның ішінде атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді қолға алды. Әрине, бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсіп, бұл көмекті кімге, қалай берілетіні жа­йында түрлі пікірталас туындады. Жалпы 1-сәуірден бастап өзгеріске түсетін әлеуметтік жәрдемақы кімге тиесілі?
Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев жауап берген болатын. Министр көмекке мұқтаж отбасылар жағдайын жақсарту үшін саланың жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ең алдымен әр отбасыға жеке әлеуметтік карта әзірленеді.
– Алдымен отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы, олардың табыс деңгейі, отбасындағы мәселелер анықталады. Мәселен, осы картаның негізінде қолдау көрсету үшін көмекке ең мұқтаж деген отбасыларды, азаматтарды белгілейміз. Сондай-ақ, әлеуметтік атаулы көмек деген бар. Ол кімге, қалай төленеді? Жалпы төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты. Бүгінде көп көтеріліп жүрген мәселенің бірі – төменгі күнкөріс деңгейін өсіру. Аталған көмекті 570 мың адам алса, енді кемінде 830 мың адам алады. Мәселен, 4 баласы бар ана бүгінде 63 740 теңге алса, жоғарылауға байланысты 103 945 теңге алатын болады. Егер ол кісілердің табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, қосымша тағы да жәрдемақы беріледі, яғни, осы санаттағы жандардың табысы 114 449 теңге болады. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмектің төленуі қазіргі таңда бір балаға 4834 теңге болса, енді ай сайын әрбір балаға 20 789 теңге төленеді. Отбасында балалар оқитын болса оқу бітіргенше, 23 жасқа дейін оларға да осындай жәрдемақы төленіп отырады, – деді Б.Сапарбаев.
Түсіндіңіз бе? Онда қайтадан саралап көрейік. Аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Әділхан Мырзақұловтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді. Бұл осы жылдың 1-сәуірінен бастап жүзеге асады. Ал бұл көмек тек осы санатқа жатқызылатындарға ғана көрсетілетінін айта кеткен жөн болар.
– Бүгінге дейін атаулы көмек алатын отбасының әр мүшесі орташа алғанда 4834 теңге алып келді. Енді аталған көрсеткіш 70 процентке – 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 процентіне, яки 20 789 теңгеге жетпесе, отбасындағы әр балаға 20 789 теңгенің жәрдемақысы беріледі, – дейді ол.
Ал мұндайда тек бұл әлеуметтік көмекті кімдер ала алады деген сауал туындайды. Жалпы бұл көмек елдегі толық және толық емес, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты, жағдайы төмен адамдарға, жұмыс істеуге жарамды, бірақ күтімді қажет ететін мүгедек немесе қарт кісіге қарап отырған адамға, тіпті, екі ай бойы денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз жандарға тағайындалады. Мәселен, отбасылық табысты бөл­генде әр адамға 14 849 теңгеден төмен шықса, осы көмек түрін алуға құжат тапсыруыңызға болады деген сөз. Әрі бұл сома 1-сәуірден бастап 20 789 теңгеге дейін көтерілгенін де ескеріңіз. Егер отбасында тек екі адам болса, ал табысыңыз 41 578 теңгеден (20 789 теңге х 2) аз болса, атаулы көмек алуға толық құқығыңыз бар. Егер төрт баланың ата-анасы болсаңыз, ал отбасылық табыс – 160 000 теңгені құраса, 160 000 : 6 = 26 666, сонда әр адам басына 26 666 теңге шығады. Мұндай жағдайда атау­лы әлеуметтік көмекті алу құқығына ие бола алмайсыз.
Айта кететін жайт, аталмыш жәрдемақыны тағайындау кезінде табыс көзіне жалақымен қоса жеке шаруашылық та есепке алынады. Яки, қорадағы төрт түлік малыңыз да кіріс көзіне жатады. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 1-сәуірден бастап берілетін 21 мың теңге жәрдемақыны бір баласы бар мұқтаж жандарға да төленетінін айтып, бір қуантты. Сондай-ақ, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдіктерінде жұмыс істейтін төменгі жалақы алатын азаматтардың да еңбекақысы 25 процентке артпақ.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
27 наурыз 2019 ж. 1 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031