ЕРГЕ БЕРГІСІЗ ЕҢБЕК
Елбасының Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігін арттыру мақсатындағы жыл сайынғы Жолдауларында нақтыланған мақсаттар жылдан жылға өрісін кеңейтіп, ел-жұрттың заман талабына сай өмір сүруіне деген тынысын ашуда.
Міне, елге қуат, өмірге құлшыныс берген осындай құнды құжаттар аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың ішінде елге жақын болған шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда аянбай тер төге еңбек етіп, өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп жүргендердің бірі – ақайлық кәсіпкер, отбасылық «Мирас» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Алтынкүл Шыраева.
Алтынкүлдің кәсіппен айналысқанына да он екі жылдан асты. Алғашында Байқоңыр қаласында азық-түлік сататын шағын дүкеннен бастаған кәсібін жылдар өте кеңейтуді ойлаған ол осыдан бірер жыл бұрын Ақай ауылы орталығынан тұрғындарға күнделікті тұтынатын сауда-саттық орталығын ашып, ақайлықтардың қалаға бармай өз ауылында ашылған орталықтан барлық керегін сатып алуды қамтамасыз еткен болатын. Содан соң, мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020 бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша өз кәсібін одан да әрі кеңейтуде «Даму» бағдарламасымен несие алып, құрылыс заттарын сататын екінші бір сауда орталығын және «Мирас» мейрамханасын ел игілігіне пайдалануға берді.
– Еңбек түбі – береке», – дейді халық. Тер төге еңбек еткен адам міндетті түрде жетістікке жетеді. Міне, осы кәсіпті ашу үшін мен көп тер төктім. Қиындықтар да кездесті. Отағасым Қуанышбайдың қолдауымен, мақсатымның орындалуына еңбек етіп, арманымның бір бөлігіне жеттім. 5 бала тәрбиелеп өсірдім. Қиналған сәттерім де болды. Алайда, алға қойған мақсатты орындауда бәріне көндім. Қазақ атам айтқандай «дегеніме жеттім». Міне, бүгінде балаларым да өсті. Осылардың арқасында кәсібімді де кеңейтіп жатқан жайым бар. Иә, еңбек етемін деген адамға көмегін беріп жатқан мемлекетке рахмет. Бүгінде Үкіметіміз кәсіпкерлікті дамытуда түрлі бағдарламаларды өміршең етті. Мемлекет бөлген несиеден өз үлесіңді ал да кәсібіңді баста. Тек еңбек ете білу керек. Жетістік тер төккенге ғана келеді. Бұл – ақиқат. Жақында Халық банкі арқылы «Кәсіпкер әйелдерге қолдау» бағдарламасы аясында несие алып, оны да кәсібімді ұлғайтуға жұмсадым. Қызым Ақмарал да өз кәсібін, яғни жастарға арналған киім салонын ашуға ниеттеніп жатқан жайы бар», – дейді Алтынкүл.
Алтынкүлмен өткізген әңгімеден кейін біршама уақыттан соң оның қызы Ақмаралдың ана тұтынушыға бір, мына тұтынушыға бір жүгіріп, олардың қойған сұрақтарына жауап беріп жүргенін көрдік. Орталыққа келушілердің де саны артпаса, азаяр емес. Біз де сұқбатымызды аяқтап, кәсіпкердің жұмысына кедергі болмайық деп оған алғысымызды айтып, еңбегіне сәттілік тілеп, қоштастық.
Сыртқа шығып бара жатып, жолбастаушым, Ақай ауылдық округінің маманы Айдана маған: «Аға, артыңызға қараңызшы, мына көріністен нені байқап тұрсыз?» – деді. Айдананың бұл сұрағына жауап іздеп сәл абдырап тұрдым да: «Айдана, мен бұл көріністен қайнаған тірлікті, Алтынкүл кәсіпкердің жылдар бойғы еңбегінің жемісін көріп тұрмын. Иә, «Еңбек – әлемнің әміршісі» дейді дана халық. Міне, Алтынкүлдің күндіз-түнгі еселі еңбегінің арқасында шыңға қарай қадам басып отырғанын байқап тұрмын», – дедім.
Расында да, «Кәсібің – нәсібің» дегендей, еңбек еткен адам қашанда еңбектің арқасында талай асуларды бағындырады. Мен бүгін оған көзімді түпкілікті жеткіздім.
Әні, «Жүзі жылыдан түңілме» дегендей, Алтынкүл алдына келген тағы бір тұрғынға сатып алып жатқан тауарының сапасы жайлы айтып тұр. Жүзіндегі күлкісімен ол адамдарға мейірімін төгіп тұрғандай болды маған.
Н.Жанәділов