» » Ауылдан тысқары жатқан көне мешіттер мен бейіттер

Ауылдан тысқары жатқан көне мешіттер мен бейіттер



Шалғай ауылдан шаң көрінбейді. Ауасын сіміре жұтып, тарихи орындарды аралауға бет бұрдық. «Нива» көлігі – Қызылдың құмына да, шалшықты жолға төтеп беруде. Қасымыздағы жолсерік – Алымжан да алдағы жолдың жеңіл емес екенін айтып, дәл біздікіндей ақ «Нивасын» жүгендеді. Ашық аспан астында ақ жұмыртқадай дөңгеленген екі көлік бірінің артынан бірі жорға жүріске салды. Ендігі сапар – ауылдан тысқары жатқан көне мешіттер мен бейіттер. Тарихшы ағамыз Сақтапберген Қосбаевпен тағы да жолымыз түйісті. Жергілікті тарих пен мешіттерге апаратын қара жолды жақсы білетін ағамызды жол басшы ету – өзімізге де бір мәртебе. Ағай – сөзшең. Әсіресе, тарихты таратқанда алдына жан салмайды. Тарихты ғана емес, жергілікті жердің географиясы, сирек кездесетін құсы мен аңы, еліміздің «Қызыл кітабына» енген жан-жануарлары мен шөбін тізбектеп берді. Ойдым-ойдым жолдан бүлкілдеп өтіп келеміз. Жолдың ой-шұқыры тиіп кетпесін дей ме, әріптесіміз Ерсін көлік тізгінін ұқыппен жүргізуде. Бірде – құтан кездессе, бірде – қырғауыл құраулап ұшады. Қанша тырыссақ та, кадр ала алмай қызық болдық. Әлгі патшағарлар, үлгіртпейді-ақ. Бағдарымыз – ауыл баласының сауатын ашуға үлес қосқан, қазақ топырағында Ислам дінін таратуға атсалысқан тарихи тұлға – Ақмырза ахунның мешіті. Елден оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде жатқан ахун мешітіне жетуге асықпыз. Оған дейін бірнеше нысанға тоқтап, Құран бағыштадық. ХVІІІ ғасырда Жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы қол бастаған Меңей батырдың үй тамына соқтық. Бейіт темір шарбақпен қоршалған. Батыр ұрпақтары 2013 жылы басына қара граниттен ескерткіш тас қойыпты. Батыр бейітінің жанында кезінде Кеңес үкіметін Тарихшының айтуынша, бұл топырақта шешуші шайқас өткен. Кеңес үкіметіне қызмет еткен, мұғалім Хамза Жомартовқа ескерткіш тұрғызылған. Оны Кеңес үкіметінің шашбауын көтеруші әрі сатқын деп ұққан Ақмырза ахунның құралайды көзге атқан 500 мергенінің бірі – Төлеген мерген атып тастаған. Қазақтың қаны төгілмесін, – деп екі тарапты бейбіт келісімге келтіруді мақсат еткен Хамза Жомартов солай осы құмда ажал құшыпты. Мұнан соң – «Маймақ ишанның мешітіне» келдік. Айтулы мешітке Маймақ молда өзі ұстаздық еткен. Ол небәрі 3 ай ғана имам болған. Мешіт миғрабының өрнектері жартылай түскен. Жалпы құттыхананың екі бөлігі сақталған.
Қазақ халқы сауатсыз, дінсіз болған дегенге мынадай кішкентай ауылдың өзінде біз білетін, тарихта жазылып қалған 8 мешітті дә­лел ретінде келтірсек болғаны. Мырзақара, Тө­леген, Торыбай, Елубай, Төбесойық, Көздіқара мешіті сөзіміздің айғағы. Кеңес үкіметінің саясатына ашық қарсы шығып, әскер құраған, қазақ баласының діни сауатын ашып, болашағына жарқын жол салған, сондай-ақ, даласына келген ұлы нәубеттің елін қорғауға ат қонған тарихи тұлға, ірі дін өкілі – Ақмырза ахун. Қызыл империя Ақмырзадан қорыққаны сондай, жолына кезіккен Жолай әулетінің бәрін түп-тамырымен жойған. Арғы тегінен тектілік тін тартқан Ақмырза ахун Қуаңдария бойындағы Қарақ маңында дүниеге келген. Ол жастайынан білімге кұштар болып өседі. Лақ-қозы бағып жүрген ол кейде малын ұмытатын. Ау­ыл молдасының ықпалымен хат таниды. Әп­тиек Құранын тез арада меңгереді. Оқу іздеп Бұхарадағы «Кө­к­іл­ташта», Ауғанстан, Түркияда білі­мін толықтырады. Зе­ректігі, оқуға деген қы­зығушылығы әркез ұмтылдырып, «ахун» шаты­р­хатын алауға септігін тигізеді. Ахун 18 жылдан соң, яғни 1910 жылы елге қайта оралады. Ақмырза әуеліде Қазалының кетүп ауылында мешітте балаларға дәріс береді. 1915-жылдар шамасында Шыбынтай Шортан деген дәулетті кісі Қуаңдарияның Үштөбе маңынан мешіт салдырып, оны осында дәріс беруге көшіріп алдырады.
– Бүгінде ол «Ақмырза мешіті» аталады. Діни ғұламаның кітапханасы аса бай болған. Тоғыз түйемен көшкенде дүниесінің дені – кітап болыпты. Осы тұста екшеп айтарлығы – ахунның ұсынысымен мешіт жанынан дәріс беретін мектеп және балалар жатып оқитын интернат салынған. Кедей отбасына өте қамқорлық жасаған. Қызылқұмдағы балалардың арабша, латынша сауатын ашуға, көптеген белгілі азаматтарды тәрбиелеуге еңбек сіңірген ғұлама ұстаз. Одан сусындаған Серғали Толыбеков – ректор, Әлқуат Қайнарбаев – шежіреші, Абдолла Сәндібеков – қаржы министрі дәрежесіне дейін көтерілді, – дейді С.Қосбаев.
Мешіт үш бөлмеден тұрады. Жаңбыр суы­мен іргетасы біршама шайылған. Мешіттің екі жағында екі үй орны тұр. Ахунның екі әйелі болған екен. 10-15 қадамдай жерде тілеуханасының орны қалған. Ақмырза Төсұлы осында кітап оқып, жұмыс істеген деген аңыз бар ел ішінде. Сондай-ақ, мешіт маңында ұстаханасы, құдығы да болыпты. Қасиетті орында ұзақтау аялдап, баба рухына дұға бағыштадық. Бір өкініштісі – тарихи тұлғаның қайда жерленгені беймәлім. Қызыл әскер тұтқындаған соң арғы өмірі беймағлұм. Артында ұрпағы қалмаған деген де жорамал бар.
Бір топ адам кері қайттық. Бағанағы алып-ұшқан құс қанат көңілге біреу суық су шашып жібергендей. Бұл топырақта қаншама көтеріліс болды. Бұл – Ақмырза Төсұлы секілді батыр бабалардың қанымен ұрпаққа аманат етілген қасиетті мекен. Сонау алыс ғасырға сапарлаған біз де сол батыр бабалардың бір бөлшегіне ай­налғандай едік. Кім қазақты бұратана, сауатсыз деп айта алады? Діннен күмбез тұрғызған Қызылқұмның қиясында әлі қанша сыр жат­қанын кім біліпті.
С.Райымбаева

09 сәуір 2019 ж. 2 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031