» » БАЙҚОҢЫРЛЫҚ БИЗНЕСМЕН

БАЙҚОҢЫРЛЫҚ БИЗНЕСМЕН

Жас та болса кәсіптің қыр-сырын терең меңгерген Ғабит Бердікеевтің есімі тек Бай­қоңырлықтарға ғана емес, Төретам кенті мен Ақай ауылы тұрғындарына етене таныс. 2008 жылы отбасымен келісе келе, қала орталығынан көлік жөндеу стансасын ашқан Ғабит жылдар өте, кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында, оның ішінде суретке түсіру, дизайнерлік кәсіпті дамыту «АиБ» жарнама орталығын ашты. Бүгінде ол тұтынушылар сұранысын заман талабына сай орындап, алғысқа бөленіп жүрген білгір маман.
Шырайлы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «бейнелеу, өнер және сызу» бөлімін тәмамдаған Ғабит Әмитбекұлы туған жерге оралған соң Байқоңырдағы «Бастилия» сауда орталығының үш бөлмесін жалға алып, онда компьютер арқылы көне суреттерді әрлеп, альбом, билбордтар мен естелік есткерткішпен пластикалық кубоктар, сонымен бірге көше атаулары мен нөмірлерін, пластикалық құрылыс материалдарынан жасалған түрлі макеттер жасауды қолға алады. Көп ұзамай кәсіпкердің жұмысы жанданып, оның жасаған бұйымдарына сұраныс көбейіп, қызметін пайдаланушылардың саны да арта бастайды.
– Орталықта өзімнен басқа Мөлдір Ізтілеуова, Дәулет Бердекеев және Дінмұхаммед Әбдіқадыров сынды жоғары білімді, өз ісінің шеберлері тұтынушылар талабын орындауда тер төге еңбек етуде. Мөлдір орталыққа келушілердің талап-тілектерін қабылдап, олардың тез әрі сапалы орындалуына қызмет жасаса, Дәулет пен Дінмұхаммед арнаулы құрылғы арқылы билборд және стендтер, пластикалық материалдан жасалған басқа да тапсырыстарды тұтынушының ойындағыдай орындауға бар күш-жігерін жұмсайды. Әзірге орталық қызметкерлері тұтынушылар тарапынан тек алғыс қана алуда. Болашақта қолға алған кәсібімді кеңейту жоспарда бар. Әттең, қалада кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қазақстандық азаматтар көп-ақ, Алайда, біз Қазақстан тарапынан берілетін мүмкіндіктерге қол жеткізе алмаймыз. Қала Ресей мемлекетіне қарайтын болғандықтан, өзге өңірлердегідей Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын пайдалана алмайды. Қазақ халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы екені рас. Міне, осы ретте, біз де ата кәсіпті дамытуда төрт түлекті өркендеткіміз келеді. Бірақ, әзірге ол қолжетімді болмай тұр, – дейді бизнес білгірі Ғабит Әмитбекұлы.
Расында да, «Жақсыға – жақын көп» деп қазақ данагөйлері айтқандай, жас та болса ел келешегіне бей-жай қарамай, туған жердің өсіп-өркендеуіне перзенттік үлесін қосып келе жатқан Ғабит қалада өтіп жатқан әрбір қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Жастайынан боксты жанына серік еткен спортшы бүгінде қалалық бокс федерациясының президенті ретінде байқоңырлық жас былғары қолғап шеберлерінің облыстық, халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасауға атсалысуда. Ол қалада тек қазақстандық қана емес, ресейлік спортшылардың қатысуымен өтіп жүрген спорттық жарыстар, атап айтқанда джи-джитсу, каратэ-до, таэквандо және түрлі өнер байқауларына демеушілік көрсетіп жүрген спорт және өнер жанашыры. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, жалпы азамат ретінде кәсіпкер тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды да назарынан тыс қалдырған емес.
– Қоғамда қолдауды қажет ететін мұқтаж жандар жетерлік. Мемлекет тарапынан оларға үлкен қолдау көрсетілуде. Десе де, «Бөлісе жеген нан қашан да дәмді болады», «Елмен бірге өс, өн» деп ата-балаларымыз айтып кеткендей, бүгінде еткен кәсібімнің нәсібін тауып,белгілі дәрежеге жеткен кәсіпкер ретінде отбасыммен ақылдаса отырып, жоғарыда айтқандай, қоғамның әлсіз топтарымен табысымды бөлісіп отырамын, – дейді ол.
Иә, «Еңбек ет те, жемісін көр» дегендей, еңбегімен туған елінің жанашыры атанған азаматтың еңбегі де билік тарапынан еленіп, құрмет төрінен орын берілді. Нақтысын айтқанда, қала экономикасы мен тұрғындардың өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін кәсіпкер бірнеше рет Ресей Федерациясына қарасты Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысы мен спорт және мәдениет басқармасының, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілдігі мен Ресей елінің джи-джитсу, таэквондо, күрес түрлері федерациясының, сонымен бірге басқа да басқармалардың құрметіне ие болды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Байқоңыр қаласы.
02 сәуір 2019 ж. 650 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 161

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930