» » Қайырымдылыққа жарнама керек пе?

Қайырымдылыққа жарнама керек пе?

Алдымен, қайырымдылық және жарнама деген сөзінің мағынасына қысқаша тоқталып өтсек, қайырымдылық арабша «хойр» яғни жақсылық, ал жарнама лaтынның reclamo «рeклaмо» сөзінeн шыққaн, үлгі ету, жар салу дeгeн мaғынaны білдірeді. Демек, жақсылықты үлгі ету деген мағына шығады. Олай болса, жақсылықты жар салып, неге паш ептеске деген ой келері анық. Дегенмен адам жаратылысында, рияшылдық, мақтаншақтық сынды жағымсыз қасиеттер де бар. Жасаған титімдей ғана жақсылығын алты ай жыр қылып, суретке түсіріп, бейне роликтер шығарып әуреге түсіп жүретіндер де бар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, арасында ауыз толтырып айтарлықтай қайырлы іс қылса да өзі мен Жаратушы иеміз ғана білгенін құп көретіндер баршылық.
Асыл дініміздің де бес тірегенің бірі – зекет беру. Ал зекет – негізгі қажеттіліктерден артылған дүние-мүлкіңіз шариғат бекіткен шамадан асқанда жыл сайын белгіленген үлесін өзіңізді жаратқан, ризық берген, ақыл мен қуат берген Хақтың разылығын ниет етіп лайықты адамдарға беріп отыру. Жылына бір мәрте рамазан айын­да  жан басына пітір садақасы мен мұсылмандардың ең ұлық мерекесі – Құрбан айтта мал шалып, оның етін үшке бөліп бір бөлігін өз отбасыңызға, бір бөлігін жақын-жуығыңызға, қалған бір бөлігін жетім-жесірлер мен міскіндерге беруге міндеттеген. Ал бұл міндетті садақа түрлерінен тыс көңіліңіз қалаған кезде қайырымдылық жасап отырудың мол сауапқа кенелтетіндігін көптеген аяттар мен хадистерде сүйіншілеген. Алланың азанымен таң атырып, дәс­түрін дінімізбен өрнектеген дана халқымыз «бастан пітір, малдан зекет, егіннен үшір» деп, бұл міндетті садақа түрлерін Алла алдындағы құлдық һәм адам алдындағы адамгершілік міндеті ретінде қарастырып, санасына сіңіріп жіберген. Сонымен бірге «көршісі аш бола тұра өзі тоқ ұйықтаған адам бізден емес» деген пайғамбарымыздың хадисін жете ұғынған мұсылман жан көрші-көлемдерімен жақын араласып, хал жағдайларынан хабар алып, қолына түскенін бөліп жеп, «аң-құстан сыралғы, соғымнан сыбаға» секілді салттарды қалыптастырып, пайғамбар үмметінен бөлініп қалудан сақтанған. Бір ауылда немесе бір руда біреу қайыр сұраса ол бүтіндей ауылға таңба деп білген  ауқаттылар аумағындағы адамдардың ол деңгейге түспеуіне көңіл бөлген. Айта берсе мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы айтпағым Алланың шариғатына сай өзіндік дәстүрлі жолын қалыптастырған ата-бабаларымыздың тұсында, қайырымдылық жасауды әр адам өзінің жеке басының міндеті деп түсінді. Және ол санаға сіңісті әдеттегі іс болғандықтан оған жарнама жасаудың қажеттілігі болған жоқ.
Ал қазір ше? Кешегі кеңестік құдай­сыз жүйе мен онан кейінгі нарық­тық жүйеге өту кезеңіндегі тоқы­рау заманында көптеген асыл құн­ды­лығымыз санамыздан жылыстап, қолымыздан сусып бара жатты. Біреуге көмек қолын созу былай тұрсын, өзгенің дүниесін олжаласам деген жымысқы ойлар санаға еніп, «мен не үшін өзімнің маңдай теріммен тапқанымнан оған беруім керек» деген пікірге көбірек ыңғай танытыла бастады.
Бірақ Аллаға шүкір ел еңсесі кө­теріліп, тұрмыс түзеле бас­та­ған­да қазақы қанымызда бар – қайы­рымдылық дәстүріміздің жанданып келе жатқаны көңіл қуантады. Ендігі міндет – дінімізбен бірге оралып жан ене бастаған осындай бір асыл құндылықтарымызды насихаттап паш етіп, санаға сіңіру, кейінгі ұрпаққа салт етіп қалдыру.
Жарнама демекші, қазір не көп жарнама көп. Ал қазіргідей нарықтық жүйеде жарнаманың көп болуы да заңдылық. Біреуі өзі ұсынған тауарына жеңілдігін жарнамаласа, екіншісі желілік маркетингті, үшіншісі аз па­йызды несиені, т.с.с. мұның мысалын айтып тауысу қиын. Ал интернет қарасаңыз басында компьютердің алдына не үшін отырғаныңызды ұмы­тып қаласыз. Теледидар көрінген нәрсені жарнамалайтыны соншалық, дастарқан басында  отырсаңыз неше түрлі гигиеналық заттардың жарнамасынан асқа тәбетіңіздің жоғалары сөзсіз. Ал олардың орнына адам бір сүйсінетін ізгілікке шақыратын, бір-біріңізге деген бауырмалдығыңызды арттыратын істерге жарнама жасаса нұр үстіне нұр болмай ма?! Сондықтан жеке бір адамның немесе жеке бір компанияның өнімін жарнамалауға қарағанда қоғамға, кейінгі өскелең ұрпаққа берері мол қайырымдылық сынды асыл қасиеттерімізді жарнамалау лайықтырақ. Мұндағы мақсат, бір-бірімізді қайырымдылыққа үндеу, сараңдық, көрсеқызарлық, дү­ние­қоңыз­дық, көреалмаушылық секіл­ді жеректің дерттерінен айығу, жақсы­лыққа жарысу әрі өзгеге ой салу.
Еліміздің мұсылмандарының қара­шаңыра­ғы – Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының басымдық беріп отырған 4 бағытының бірі – қайы­рымдылық. Осы бағытта ҚМДБ жа­нынан «ЗЕКЕТ» корпоративтік қайы­рым­дылық қоры құрылып, еліміздің барлық облыс, аудандарында белсенді қызмет атқаруда.
Жалпы, қайырымдылық істерді мейлінше паш етіп, жарнамалау – жақ­сылыққа шақыруды тек сөзбен емес нақты іспен өнеге бола білудің бір көрінісі. Өйткені бүгінгідей ақпарат дәуірінде уақыт көшіне ілесіп, әрбір жақсы істерді насихаттап, олардан ғибрат, үлгі алуына мүмкіндік бере­тіндей жарнамалап отыру күн тәртібіндегі қажеттілік. Осы арқылы тек қайырымдылықтың ақша мен мал-мүліктен ғана тұрмайтынын, біреуге қол көмек беру, ең болмағанда жақсы сөз айтудың да сауабы мол садақа екенін ұқтыру – қайырымдылықты өмір салтына айналдыруға жасалған оңды қадам.
«Бояушы бояушы дегенге сақалын да бояпты» демекші, қайырымдылықты жарнамалағанның жөні осы екен деп оңды-солды суретке түсіру де кейде сауабыңызды жойып, халықтың да теріс пиғылына жетелеуі ықтимал. Себебі, қайырымдылық көмекті алып жатқан адамды жалпақ жұртқа мүсәпір етіп көрсету, кейде балаларды да суретке түсіріп, ол баланың болашақта еңсесін тіктеп жүруіне кедергі келтіріп, тіпті кей жағдайда қатарларының әжуасына қалдырып, соңы ауыр жағдайларға ұрындырған жәйттары да кездесіп қа­лады.
Қорыта келгенде, адамдардың абыройына нұқсан және де болашағына зиян келтірмейтіндей (фото-бейнеге артқы жағынан, бейнесін танымайтындай етіп түсіріп) етіп, сонымен қатар жарнама жасағанда рия мен мақтаншақтықтан ада болып, тек ғибрат және ой салу тұрғысынан ғана қарап қайырымдылықты жарнамалау – уақыт талабы.
Жақсыбек қажы Әбиұлы,
аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы.
13 наурыз 2019 ж. 1 450 1

боруля от 14 наурыз 2019 05:07
РАСПРОДАЖА СМАРТФОНОВ APPLE, SAMSUNG, XIAOMI, HUAWEI !!! Apple iPhone Xs - 32600 рублей Apple iPhone Xr - 24850 рублей Apple iPhone 8 - 19350 рублей Samsung Galaxy S9 - 16500 рублей Xiaomi Mi8 - 11150 рублей Huawei P20 - 13800 рублей Новые оригинальные мобильные телефоны в 2 раза дешевле, чем в других магазинах. Продукция является таможенным конфискатом, поэтому распродается со скидкой 50%. Мы предлагаем только новую оригинальную технику от официальных производителей. В наличии смартфоны от Apple, Samsung, Xiaomi, Huawei, Honor, Meizu, Asus, Sony, LG, HTC, Nokia, Alcatel, Lenovo, OnePlus, ZTE, LeEco. Наш магазин: http://www.best-digitals.ru/ E-mail: info@best-digitals.ru

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 163

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930