ЖЕРІКТІК ДЕРТ ПЕ?
Бірде туыс ағамның үйіне қонаққа бардым. Жеңгеміз жүкті-тұғын. Содан не керек, кеш бата екеуі футбол көріп «пиво» іші-і-іп отыр. Түсінбей біраз абдырап қалдым. Сөйтсем, жеңгем жерік екен ғой.
Жалпы жерік деген не? Дерт пе, Еркелік пе?
Әйел бойына бала біткенде ең жауапты кезеңді өткереді. Біріне – жеңіл, енді біріне – ауыр. Бұлай дейтініміз, жүктілік әр келіншекте әртүрлі өтеді. Мәселен, бірі – ешбір белгісіз, бірқалыпты өткізсе, екіншісінің тағамға деген талғамы ауысып, өзгелердің санасына сыйымсыз азық-түлікке жеріктігі пайда болады. Жеріктік деген не? Жауапты түсінікті тілмен жазайық, жеріктік – жүкті әйелдің қыс ортасы қауынға, қарбызға, түн ортасы тамызда сағызға ауаны құрып, ентігіп әкелгенде тәбеті қашатын, өз үйінің тамағын жемей, өзгенің асына қызығатын «дерт». Кәнігі дерт емес, әрине. Қажеттілік. Яки, ананың бойына біткен сәбидің қажеттілігі. Ол не қаласа анасы соны тұтыну керек. Бір қызығы, әйелдер арасында жерік астың көш басында қызанақ пен қияр тұр. Әсіресе, тұздалғаны үлкен сұраныста екен. Одан кейін балық, ет өнімдері. Жеміс-жидектер де қалыспайды. Таңқаларлығы – кейде ащы тағам лимон, ащы бұрышты еш тұшынбай, тіпті, тұздалған балық пен тәтті бәлішті араластырып жегенді ұнататындар да кездеседі. Мұндай жағдайда қазақ халқы әйелдің қалағанын тауып беріп, жеріктігін қанағаттандыруға тырысады. Егер олай болмаса баланың дені сау болып тумайды деп түсінеді. Ал, медицина да әйелдің ағзасындағы тапшылықтың орнын толтыру үшін дәрумендердің қажеттілігін мойындап отыр. Дегенмен, кейде май емес жанармай, спирт, тіпті бояу секілді өткір иісті, зиянды заттардың иісіне, топырақ, борға құмарлығы оянған келіншектерді де кездестіреміз. Жеріктігі басылсын деп оны-мұны иіскетіп-жегізген қателік болады. Оның орнын дәрумендермен алмастыру қажет. Егер жүкті әйелдің бұрын-соңды дәмін татып көрмеген асқа тәбеті шапса, сақтықпен жеген дұрыс. Себебі, құрамындағы белгісіз заттан аллергия туындауы мүмкін. Ал, одан ана мен балаға да қауіп тууы ғажап емес.
– Алғашқы жүктілігім еді. Не көрсем, соған жерік болдым. Жемесем ауырып жатып қалатынмын. Кейде еркелік пе деп ойлап қоям. Содан не керек, бір күні үйге қонаққа қайныларым келді. Дастарқанда арақ тұрған-тын. Соны ішкім кеп қатты күйзелдім. Болмаған соң кенже қайныма бір стақанын әкелуді өтіндім. Алып та келді. Бұрын-соңды ішпесем де ішетін адамдай «лықылдатып» қоя бердім. Бұл босанамын дегенше болды. Тіпті, қоңырау шалып әкелуін өтінемін. Ал, олар тығылып бөлмеге әкеп беретін. Өзгелерге айтуға ұялдым. Сол кезде спирттің дәмін мүлдем сезбесем, қазір мүлдем иіскегім де келмейді, жиіркенемін, – дейді есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз. Иә, біз әңгімеге тартқан келіншектердің дені керісінше балаға зиянды нәрселерді тұтынған. Соның бірі – Райхан. Ол сол ісіне өкінетінін де жеткізді.
– Жүкті кезде жеріктік қатар болады ғой. Бала үшін дейміз де не жеп, не қойғанымызды аңғармай қаламыз. Мен қалада көпқабатты пәтерде тұрдым. Жолдасым жұмыстан кеш келетін. Жаздыгүні қылтима ашық тұрған. Мұрныма әлдененің иісі келеді. Тысқа шықсам төменгі қабаттан келген темекінің түтінді иісі екен. Күнде осы қылтимаға шығып иіскелейтін болдым. Жақындарыма айтсам жеріктік қой, бала не қаласа соны жаса деп жылы жауып қоя салатын. Не керек, өзім де темекі тартуды әуеске айналдырдым. Жүкті болсам да күніне қораптап тұтындым. Сондағы ойым «бала үшін» деген. Жүктіліктің 5-6 ай кезеңінде УДЗ сап-сау баланы көрсетіп еді. Бірақ, аурушаң бала өмірге келді. Барлығы да жеріктік деп балаға «дерт» бергенімнен, – дейді ол.
Иә, расымен кейде тым артық кетеміз. «Біреу – тойып секірсе, біреуі – тоңып секіреді». Ағза кішкене ғана қажеттілікті еркелікке әкелгендейміз. Еркелік орындалса, дерт те пайда болады. Алып анадан туған. Болашақ ұрпақтың саулығы – ананың қолында. Тек ана құрсағын әлгінде айтқан балаға қажетті дәрумендермен толтырған абзал.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».