КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР СӨЗ БОЛДЫ
Жақында Жосалы кенті әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІІ сессиясы өтті. Аудан әкімі Сұлтан Мақашов пен оның орынбасарлары және дербес бөлім басшылары мен мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен аудандық сессияның кезекті отырысына аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы төрағалық етті.
Сессияда қаралған бірінші мәселе, яғни «2019-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Қармақшы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 желтоқсанындағы №217 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Аққозбек Байсынов баянды. Мұнан соң, мінберге көтерілген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық, қоғамдық кеңестің құрамын қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының хатшысы Серік Айдаров аудандық қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен және қоғамдық кеңестің ережесімен таныстырды.
Ал, содан кейін мінберге көтерілген аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Зере Метерова сессияда қаралған төртінші, бесінші мәселелер бойынша, нақтысын айтқанда, Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы консультациялық кеңесші органның атқарған жұмысы жайлы есебі, «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы», Қармақшы аудандық мәслихатының 2017 жылғы 20-қыркүйектегі №117 шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» хабарлама жасап, тақырып аясында түсіндірме берді.
Сессия барысында аудандық мәслихат депутаттары Алмас Қаржаубаев, Мырзадәулет Есшанов, Бақытжан Нысанбаев, Еркін Рзалиевтер көтерілген мәслелер бойынша пікірлерін зерделеп, ойларын ортаға салды.
Сессия барысында аудан әкімі сөз сөйлеп, жасалған хабарламалар бойынша өз ойын саралады.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».