» » "Жасанды бала" жарға жықпай ма?

"Жасанды бала" жарға жықпай ма?


Нарықтық қоғамда не сатылмай жатыр? Базар барсаң, адамнан өзгесі сөреде тұр. Сырт қарағанда мінсіз көрінетін бұл қоғамның көлеңке бетінде қитұрқы әрекет боп жатқанын былайғы жұрт қайдан білсін?
Бәлкім, біз де білмеспіз?! Бірақ бір білеріміз, бәрі сатулы қазір. Жер де, көл де, көр де, төр де сатулы. Ар да, жар да саудаға салынған. Сатылмаған не қалды? Қазақ, яғни мен, сіз, ол. Біз бен сіздің сатылмасымыз белгілі, ал оның жайы беймәлім. Өйткені, жатырынан жеріген ана, жанұядан жиіркенген әке тұрғанда оның сатылмасына кім кепіл? Осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдарынан баласын сатқан ана туралы талай рет естіп-білдік. Бірде әлдекімнің жарнамалық басылымнан 1 млн. теңгеге жатырын сататын аналарға іздеу салғанын оқып, жағамызды ұстадық. Баланы былай қойып, дүниенің қақпасы жатыр сатылуда.
Жауапсыздық.
Адамдық алдындағы жауапсыздық.
Табиғат алдындағы жауапсыздық.
Ұрпақ алдындағы жауапсыздық.
Міне, осы жауапкершіліктің жоқтығынан қаншама адам жарық дүниені көру бақытынан айырылды. Орыс ақыны Александр Твардовский «Бала әкесі үшін жауап бермейді» («Сын за отца не отвечает») деп жалпақ әлемге жар салып еді. Сандарды сөйлетсек, 2007 жылы елімізде 133 097, ал 2009 жылы 195 000, 2012 жылы 300 000-ға жуық жасанды түсік жасалған. 2013-2018 жылдары «абортқа» сүйеніп, абырой сақтағандардың қатары тіптен артқан. Ол ол ма? Жылына 1 200 бала тасбауыр ана мен тасжүрек әкенің кесірінен тағдыр тауқыметін ерте тататын көрінеді. Құр сан болып көрінгенмен, замананың зары осы болып тұр. Олар тек ана мен әке болу жауапкершілігінен қашқан жоқ, ұлт алдында жауапсыздық танытты.
Өмірдің өзі әділетсіз. Біреуге береді, біреуге жоқ. Жетпіске, сексенге, тоқсанға, әрі кетсе жүзге келгенде сәби сүйген елдің ішінде «балам болашағым» дей алмайтындардың қатары көбейіп келеді. Мамандардың «бедеулік «жасарып» келеді» деп дабыл қағуы да тыйылар емес. Мұндай жағдайда осындай мәселесі барлар жақын-жамағайындарынан бала асырап алады не жасанды ұрықтандыру орталықтарының көмегіне жүгінеді. Тіпті, шарасыз қалғанның өзінде «құрсақ ана» жалдап, «бала» сүйеді.
Жасанды ұрықтандыру медицина тілімен айтқанда, әйелдің жұмыртқасы мен ер адамның ұрығын арнайы түтікшеде қолдан ұрықтандыру. Оның негізгі екі әдісі бар. Біріншісі, қолдан іштен ұрықтандыру, ал екіншісі, қолдан сырттай ұрықтандыру. Адамды қолдан ұрықтандыру алғаш рет 1978 жылы Англияда Джон мен Луиз Браундар отбасына жасалған. Белгілі дәрігерлер Эдварде мен Стептоу жүргізген тәжірибе сәтті аяқталып, сол жылдың 25 тамызында Лесли атты «жасанды бала» дүниеге келеді. Бұл әдіс дүние жүзі бойынша тиімді болған соң 1988 жылы көрші Ресейге, 1995 жылы бізге келіп жеткен көрінеді.
Елімізде осындай 20 шақты орталық бар. Аймағымызда да сондай орталықтың бөлімшесі ашылуда. Дегенмен қолдан ұрықтандыру арқылы дүниеге бала әкелгендер ірі қалалардағы орталықтардың "көмегіне" жүгінеді. Мәселен, Жанар мен Дулаттың (толық аты-жөнін атамауды сұрады) мәселесі оңтүстік астанада шешіліпті.
– Екеуміз шаңырақ көтердік. Бақытты едік. Ата-анамыздың қасында, тату-тәтті тұрдық. Арада жылдар өте бастады. Енемнің сөзі өзгерді. Себебі мен жарық дүниеге сәби әкелмедім. Ажыраспақ та болдық. Жарым екеуміз үйдегі кикілжіңнен соң бөлек шықтық. Екеуміз де жұмыс жасаймыз. Қаражат жинадық. Содан Алматыдағы орталыққа барып қаралдық. Міне, енді сәби сүйдік, – дейді Жанар.
Әдетте жасанды ұрықтандыруға карьера қуып, шаңырақ көтеруді екінші жолға қойған нәзікжандылар барады. Олар тұрмысқа шығуды мақұл көрмей, осылай балалы болуды жөн санайды-мыс. Елімізде мұндай жағдайға әйелдерден гөрі еркек атаулының аздығы да итермелеуде. Тағы бір сұмдығы, жары бола тұра, басқа жақсы ұрықтан «сапалы» бала тапқысы келетіндер де жетерлік екен. Мұндай кезде әйел ұрық иесін бойына, салмағына, біліміне және шыққан тегіне де арнайы каталог арқылы қарап, таңдайтын көрінеді. Тіпті, орталықтар донордың қай ру, қай жүзден екенін де анықтап береді-міс. Мұндай жағдайда қызмет құны 250 мың теңге көлемінде және арнайы дәрі-дәрмекке сонша қаржы жұмсауға мәжбүр.
Кеңес үкіметінде малды асылдандыру жүзеге асты. Сапа емес, санға жүгінген дәуірде мол өнім алу ғана көзделді. Нәтижесінде табиғат жағдайына төзімсіз түлік дүниеге келді. Осы ретте сұрақ туындайды, «жасанды бала» жарға жықпай ма?

С.Қалымбет.
14 ақпан 2019 ж. 941 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031