» » Балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба?

Балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба?

Балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба? Тура мағынасында. Кеудеңізден алып, балаңыз үшін бере аламысыз? Батылдық жете ме? Кім кеудесіндегі лүпілін тоқтатып, мына дүниенің қызығын ұрпағына тәрк ете алар?

Жуырда бір танысым әлеуметтік желімен бейнебаян жіберіпті. Әкенің ақырғы сөзі хақында. Жай әке емес, жүрегін балаға сыйлаған батыр әке жайында. Ұрпағына өсиет қалдырған әке турасында. «Жүрексізге» әсер ете қоймас, бірақ басынан аяғына дейін нақыл айтып, ұрпағының болашағына алаңдаған қырықтар шамасындағы жігітке не көрінді дейсіз ғой. Ұққанымдай баласының жүрегі ауырса керек, тіршіліктің «моторын» ауыстырмаса болмайды. Содан донор іздейді ғой келіп. Табылмайды. Не керек ақырында әкесі баласына жүрегін бермек. Батырлық па?
Енді мысалға көшейік, елімізде ажырасу саны жыл санап өсіп келеді. Сандар сөйлесе бүй дейді, 2012 жылы 47 598 отбасы ойрандалса, 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007 шаңырақ шайқалған. Бертін келе бұл көрсеткіш төмендеген жоқ. Соңғы бес жылда 200 мыңнан аса отбасының шырқы бұзылған. Шаңырақ көтерген әрбір үшінші жұп екіге айрылады. Деректер қорқынышты ма? Сол қорқынышты қоғамды түзіп жатқан біз ғой.
Әріге барсақ, елімізде жалғыз басты аналардың саны жарты миллионға жеткен. Осы шамалас бала жарым отбасында тәрбиеленуде. Жарты миллиондай бала әкесіз өсіп келеді. Ол ол ма? Шата балалардың санын көбейтуде де салымыз суға кетіп тұр. Некесіз туған балалардың саны 80 мыңнан асып жығылған. Айтпаса сөздің атасы өледі, жылына 400 мың сәби жарық дүниенің есігін ашпай қоштасады екен. Әрине, түсіктен.
Бірде Құнанбай мен Абай дауласып қалыпты. Сонда Ибрагимнің әкесі: «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» депті. Осы бір ауыз сөзде Құнанбайдың бар арман-мұраты жатқан сыңайлы. Біздің қоғамда әкелер Абайдай ұл тәрбиелеуге құлықты ма? Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне ме? Жауап беру қиын.
Тағы сандарды сөйлетсек, былтыр ауданымызда 214 жұп шаңырақ көтерген. Ал оның 67-сі ұя бұзған. Маман сөзіне илансақ, отбасын ойрандайтындардың дені 40 жасқа дейінгілер, әсіресе 23-29 жас аралығындағылар. Осынша шаңырақта бала не әкенің, не шешенің тәлімін көрмей өсуде. Марио Пьюзо айтады: «Егер адам өз балаларына шынайы әке бола алмаса, ол адам емес». Айтқандай-ақ, жеке басының қамын күйттеп, отбасылық қиыншылықтан жалтарып, ұрпағын «жарым тәрбие иесі» атандырған әке кім? «Неліктен ұлы әкесін жақсы көргеннен әкесі ұлын артығырақ жақсы көреді? Өйткені ұлы оның жаратылысы. Барлық адам өзі даярлаған дүниені сүйеді», – дейді әлемнің бірінші ұстазы. Аристотель айтқандай, өз жасағанын сүйе алатындар сұйылып, өз қажетін күйттегендер неге көп? Жүрек былай тұрсын, шаңырақтың шыжығы мен қызығына шыдамын қимайтындар неге қаптап кетті?
Жауапкершілік. Қазір бізге жетіспейтіні осы адами қасиет. Жануардан жауапкершілік сұралмайды. Өйткені онда сана жоқ. Ал адамнан ше? Әр пенде өзі істеген ісіне жауап беруі тиіс. Ал бала – адамның ұлы ісі, бар мақсаты. Әйтпесе адам не үшін өмір сүреді? Жалпы тіршіліктің мәні не? Келу мен кету мақсат емес, бастысы ұрпақ қалдыру. Жай ұрпақ емес, өмір сүруге бейім, келесі ұрпақты дүниеге әкелуге және өмірге бейім етуге қауқарлы ұрпақ. Кез келген жануарды алыңыз. Дүниеге ұрпақ әкеледі және сол ұрпақты өмір сүруге үйретеді. Ал адамның баласынан жерінгені жануардан төмендігі ме? Ұрпақ – ұлттың жалғасы, келешегі, ертеңі. Сіз болашағыңызға күмән келтіріп, өміріңізге бей-жай қарамайсыз ғой. Сол сықылды ұлт келешегіне бей-жай қарамау керек.
Айтпақшы, әлгі бейнебаянды Льюис Сандерсон есімді актер даярлапты. Мұндағы мақсаты – көкек ана мен көкек акелердің қатарын сирету, ажырасуға бейімдердің санасына түрткі салу. Бейнебаянды youtube желісінен бірнеше мәрте тамашаладым. Көпшілік әртістің шеберлігін емес, жіберген қателігін сынапты. Қателігі: үлкен адамның жүрегін балаға салуға келмейді және тірі адамның жүрегін ешқашан донорлыққа алмайды. Бастысы бейнебаян ұрпаққа деген сүйіспеншілікке толы.
Айтып, айтпай не керек? Бетін аулақ қылсын, сонда да балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба?
Дастанбек САДЫҚ,
«Қармақшы таңы».
04 қазан 2018 ж. 2 946 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031