» » ТЕҢДІКТІ ТЕҢЕСТІРУ МҮМКІН БЕ?

ТЕҢДІКТІ ТЕҢЕСТІРУ МҮМКІН БЕ?

Мәдениет пен дәстүрге бай қазақ халқы – табиғаты әсірешіл, өзгеден көргенін өнеге тұтып, соны үйреніп алуға бейім тұратын ұлт. Рас, өзімізді қаралағымыз келмейді. Өзге жұрттың қолданысындағы әрекеттердің жақсы-жамандығына қарамастан бойына сіңіріп алатын қасиеті талайды қынжылтады. Елімізде соңғы жылдары батыстық үлгіде талай дүние бой көрсетіп, зардабын көре тұра басымызды аулақ сала алмай жүрген жайымыз бар. Соның бірі – теңдікті теңестіру.


Бүгінде мемлекеттік деңгейде ген­дерлік саясатпен айналысып, әйелдің орнын «бесік пен ошақ қасынан» билікке қарай ауыстыруымыз соның дәлелі. Нәзікжандыларды еркектермен иық тірестіре қатар тұрғызып, батыстың ауруына шалдықтық. Алайда, батыс мұның зардабын көруде. Бала саны күрт азайып, туу көрсеткіші өлім көрсеткішінен төмен болса да, қазақ мұнан сабақ алып жатқаны шамалы. Ғалымдар Европа мен Америкадағы гендерлік саясаттың әсерін демографиялық өсімнің жоқ­тығымен байланыстырады. Ендеше ба­тысқа бәле болып жабысқан феминизмнен Қазақстанға қандай пайда келмек? Өзгенің ауруын көре тұра, қазақ елі неге гендерлік саясатты жүзеге асыруда алдына жан салмайды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Феминизм, гендерлік саясат деген ұғымдар ХVІІІ ғасырда кәріқұрлық Европада дүниеге келді. Алғашында әйел теңдігі Солтүстік Америкада 1775-83 жылдары тәуелсіздік соғысында көтерілген. Феминистер ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында еркектермен қатар еңбек ету, білім алу, тек еркектер ғана пайдаланатын саяси құқықтарға қол жеткізуді көздеді. Әлемде осылайша әйелдер ұйымдары дүниеге келді. 1888 жылы Халықаралық әйелдер кеңесі, 1904 жылы Әйелдердің сайлау құқығы жолындағы халықаралық одақ құрылды. Ал, 1967 жылы БҰҰ Ассамблеясында әйелдерді кемсітушілікті жою декларациясы қабылданды. Осылайша феминизм, гендерлік саясат құбылысы барлық әлемде етек ала бастады.
Әйел теңдігі мәселесі қанша жерден көтеріл­генімен, шындап келгенде, жаратылыс тұрғысында еркек пен нә­зікжандылар тең емес. Әрқайсысы өзі­не тән қасиеттермен ерекшеленеді. Құ­­дай әйелді еркектің қабырғасынан бөліп алып, өздеріне тән қасиеттер дарытты. Қазақ еркекті де, әйелді де жарты деп танып, «екі жарты – бір бүтін» дегенімен, екеуі ешуақытта тең болмайды. Тең болуы үшін Алла жер бетінде не әйелдерді, не еркектерді өрбітер еді. Әйелді отбасындағы жүрек деп алатын болсақ, еркек – жанұяның миы, яғни ақылы болары анық. Қос мүше қызметін толық атқарғанда ғана дене сау болады. Әйелдің басты міндеті бала туу мен шаңырақтың шайқалмауын қамтамасыз ету болса, еркек – сыртқы шаруаны рет­теуші. Бірақ, соңғы уақытта әйел мен еркек міндеттерін өз мәнінде атқармай келеді. АҚШ-тың белгілі саясаткері Патрик Дж. Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты еңбегінде отбасының бұзылуы, жетім баланың көбеюі мен бала туудың азаюын гендерлік саясаттан көреді. Рас, қазақта Тоқсанбай, Сексенбайлардың өмірге келіп, он баланы дүниеге әкелген батыр аналар көп болған. Біз баламыздан жеріп, «аборт» жасатқанымыз жоқ. Жетімімізді жылатқанымыз жоқ. Алайда, гендерлік саясат арқылы осы құнды қасиеттерімізден жерідік.
Феминизмнің тууына әлемде жүріп жат­қан процесстер себепкер. Алғашында ад­ам­зат баласы ауылшаруашылық құ­ры­лымымен өмір сүргенде, әйел үйде ба­лаларының қасында, отағасы далада ең­бек етті. Индустрияландыру саясаты кел­генде, еркек зауытта, әйел фабрика­да жұмыс жасап, бала үйде өзін-өзі «ба­ғып-қақты». Постиндустриялық сая­­­сат жүзеге асқанда, әйел фабрикадан офиске ауысып, еркек зауытта қыз­метін жалғастырып, бала сол күйі те­ледидардың не жалдамалы бала бағу­шы­ның қолында өсті. Әрине, осындай жағ­дайлардан соң ата-ана мейіріне шө­ліркеген бала басқаша қылықтарды бой­ына жинап өседі. Жанұя мүшелері осы­лайша отбасы қызметтерінен бас тартуда. Патрик Дж. Бьюкенен өз ең­бегінде: «Отбасы құндылықтарының жой­ылуына еркектің, әйелдің жанұядан бас тартуы себеп. Европалықтардың жой­ылуы социализм мен феминизмде жа­тыр», – деп көрсеткен. Рас, бала теледи­дар мен жалдамалы бала бағушыдан ата-ана тәрбиесін қабылдамайды. Әр­қай­сысының өз қызметі бар. Теледидар уақыттың қызықты өтуіне қызмет жасаса, бала күтуші баланың аш болмауы мен жыламауын қамтамасыз етеді. Ал, ана ақша табу үшін офисте оты­рса, әке даладан нәпақасын тауып, баласын кешке көретін жағдайға жетті. Бір сөзбен айтқанда, феминизм баланы «анасыз» қалдырды. Гендерлік саясат ана мейіріміне тоймаған балаларды дүниеге әкелуде. Балалардың көргенін бойына сіңіріп алатын қасиеті барын бірі біліп, бірі білмейді. Жас баланы «губка» (жуынғанда пайдала­натын су сорғыштық қасиеті бар ма­териал) деп алсақ, ата-ана мен жан-жағындағы жағдайды су сорғандай бой­ына сіңіреді. Ал, теледидардағы ше­телдік атыс-шабыс киноларындағы кері кеткендік, бала күтушінің, ата-ананың жұмысбастылығы мен отбасына деген көзқарасын бойына сіңірген бала болашақта кім болып шығады?
Феминизм әу баста әйел теңдігі үшін күресті. Кейін келе «көп жалақы және ешқандай баласыз» деген ұранмен өңін өзгертті. Батыстың нәзікжандылары басты міндеті – өмірге бала әкелу­дің орнына карьера қууды мақсат етті. Нәтижесінде, Европа халықтары құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Күллі кәріқұрлықта бір ғана мемлекетте туу көрсеткіші өлім көр­сеткішінен жоғары екен. Алманиядан өзге елдерде өлгендерден туғандар аз. Демек, феминизмнің зардабын Европа мен Америка көріп жатыр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 2000 жылы 40 млн. аборт жасалған. Гендерлік саясаттың нәтижесінде Европа мен Американың қартайып, өліп бара жатқанын көре тұра, Қазақстан осы саясатты жүзеге асыруға құштар.
Әйелдің міндеті – дені сау, нағыз ұлттың азаматын тәрбиелеп, өсіру. Бірақ, әлем бойынша бір ғана мемлекетте осы міндетті жүзеге асыруға мүмкіншілік жасалған. Жапония билігі толыққанды жапон азаматын өсіру үшін ананы баласы он сегіз жасқа толғанша үйде отырғызып, соған орай жалақы төлеп отырады. Ал, елімізде ше? Гендерлік саясатты желеу етіп, өзгенің бойындағы қасиетті жанымызға жақын тұтқаннан басқаға барып жатқан жоқпыз.
Кезінде үйде отырып Абайды қазақтың бас ақыны еткен Зере мен Ұлжан ештеңеден кенде болған жоқ. Тарихта нағыз ана кейпінде есімі қалған осындай аналарымыз теңдік те сұраған жоқ. Құнанбайдың ығына жығылды. Өйткені қазақтың аналары ерлермен тең болды, тек өз орнын біліп, салиқалы күн кешті. Егер қазақ қоғамында әйелдер теңдігі болмаса, мына тарихта неліктен қанша қазақ аруларының аты сақталған? Тізіп берейік, Ұмай ана, Домалақ ана, Ай­ша ана, Қамыр ана, Жылауық ана, Күнбике, Айбике, Бопай ханшайым... Тізе берейін бе?

Мағмар Мақсым.
11 ақпан 2019 ж. 1 099 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930