» » "Девичник" бізге қайдан келді?

"Девичник" бізге қайдан келді?

Қазақ халқында ежелден келе жатқан «бастаңғы» дейтін дәстүр болған. Бастаңғы – қазақ жастарының дәстүрлі сауығы. Яки, үлкендері үйден кеткенде жігіттер мен қыз-келіншектер осы үйге жиналып, бастаңғы жасайды. Дастарқан жасап, қызықты кеш ұйымдастырады. Әрі бұл жиынның тәрбиелік мәні зор болған деседі. Бастысы бастаңғы рұқсатсыз, үлкендердің бақылауынсыз өтпеген. Ал бүгінде бұл жиынның сипаты өзгерген. Батыстың ырқына еріп, «Девичникті» сәнге айналдырдық. 
Студент кез. Ауылда өскен соң қаланың тұрмыс-тіршілігіне көндіге алмай жүрміз. Танымайтын орта. Бастысы «бұл қала» деген ұстанымы бар. Бірде топтас қыз тұрмысқа шықпақшы  болды. «Девичник жасаймын, кешке мейрамханаға келіңдер» деді. «Ол не?» деп біраз таңданғанымыз бар. Бірдей түсте киім кидік. Басымызға қызыл түсті фата тақтық. Ал, қалыңдық бізден дараланып «мен қалыңдықпын» деген карточка ұстап алған. Бұрын соңды көрмегесін біраз абдырап қалдық. Мұндағы мақсат – құрбылардың көңіл көтеруі, жігіттердегідей бойдақтықпен қоштасу екен. Одан кейін қызойнақ кешіне мүлдем аяқ баспаппын. Әлгінде айтқан кеш Ұлыбританиядан бастау алған екен. Ал, бізге соңғы 10 жылдың көлемінде келді. Есте болса бұл күнді танымал той-бизнес өкілдері дүркіретіп жасаған-ды. Бірі – үндінің ұлттық киімін киіп, енді бірі – пижамамен, тағы бірі – қорқынышты фильм кейіпкерлерін сомдап, жарияға жар салды.  Әрине, осы жариядан соң қала, ауылдың түкпір-түкпіріне вирустай тарады. Қалыптасқан дәстүрге айналдырып алды. Батысқа еліктеудің не қажеті бар еді?
Бүгінде қалыңдық кешін басынан аяқ ұйымдастырып беруші агенттіктер жетіп артылады. Бұл қызмет түрін ғаламтор арқылы қиналмай табуға болады. Олар кештің тақырыпқа сай декорациялық безендірілуін, кеш стиліне сай тортқа, қалыңдыққа және оның құрбыларына арналған бірдей киімге немесе бұйымға, кеш өткізетін орынды таңдауға жауапты болады. Оның ішінде, бірдей түсті фата, шашқа арналған алқызыл роза гүлдері, қолға тағуға арналған, арнайы жасалған бутоньерка, бір түсті көйлектер  болуы мүмкін. Мұның барлығы белгілі деректерге байланысты 5000 теңге мен 70000 теңге аралығында болады екен. Әрине, қалтаға салмақ салмайтын да тұсы бар. Бұл үйде ұйымдастырылған «пижама пати». Мұнда түрлі кино көреді, ән айтады, еркін сырласады.
Ұзатылар алдында «девичник» жасаған Айгүл есімді кейіпкермен әңгімелесудің де сәті түскен еді. Ол мұндай жиынға қарсы емесін, құрбыларының жасаған тосын сыйы екенін айтып, ағынан жарылды.
– Әрине, ойламаған жерден болды. Сол күні жақын құрбым қоңырау шалып, хабарлады. Көп емес, тек араласамыз деген 4-5 қыз жиналып «Bridal Party» өткіздік. Олар қара түсті көйлек кисе, мен дараланып ақ түсті киім мен ақ фата тақтым. Түрлі ойындар болды. Ән айттық, биледік, көңіл көтердік. Мұнда атым мен суретім салынған үлкен баннер болды. Айтпақшы, қалыңдыққа арналған тәтті-пәттіден де дәм таттық. Бұл да бір мереке ғой, –дейді ол.
Ал, екі баланың анасы Әлия бұл кешке түбегейлі қарсы екенін жасырмады.
–  Сол «девичниксіз-ақ» тойымыз өтті. Ешкімнен кем қалған жоқпыз. Мұндай жиынға ата-анам қарсы. Мен де құптамаймын. Қазақ қызын қырық үйден тыйып отырған. Далада түні бойы сайран салған бойжеткенді көрдіңіз бе? Бастаңғы дәстүрімен қызойнақты шатастырмау керек. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Мұнда ащы судан дәм татуы мүмкін. кальян тартып, қор болуы да мүмкін. Ата-ананың бақылауынсыз, болашақ келіннің бұлай жүргені дұрыс болмас, – дейді кейіпкеріміз.
P.S:
Бірде қызылордалық жігіттің үйлену тойынан бас тартқаны әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп еді. Оның себебі қалыңдықтың қызойнақтан кеш қайтуы. Ал, ондағы кешті қалай өткізгені хақында түрлі-түрлі пікірлер тараған. Ұзатылар алдында ырду-дырду қылмай, жынойнақта ысырапшылдық жасамай, отбасыңның арасында, ет жақыныңның жанында дәстүрге сай, мағынасы терең жиын өткізген әлдеқайда жақсы емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз ?

Айнұр ӘЛИ.
29 қаңтар 2019 ж. 1 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031