» » МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – ОРТАҚ

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – ОРТАҚ


Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауларымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті. Әлеуметтік мәселелер қамтылған Жолдауда таяу болашақта шешілуі керек және шешімдері халықтың әл-ауқатын, мемлекеттің болашағын анықтайтын алты негізгі міндетті алға қойды.
Маңызды құжатта Қазақстанның жалпы әлеуеттік өмір сапасын жақсарту, білім сапасының артуы мен оның жастар үшін маңыздылығын асыру, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселесі, жас мамандарды жұмысқа орналастыру және туризм мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту сынды мәселелер қамтылды. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданады. Елбасының ұсынысымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиістігін атап өтті.
Мұнан басқа, Елбасы өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын, «Өз жеріңді танып біл» туризм дамыту бағдармасын әзірлеуді, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды, «Жол картасы-2025», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауы арқылы мемлекетіміз үшін қажетті саясатты айқындап берді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың тарихымен таныстырып, руханиятты сақтауға бағытталған алты жоба ұсынылып отыр. Тәуелсіздік алғалы үшінші мәрте тарихымызды түгендейтін бағыт-бағдар алып отырмыз.
«Мәдени мұра» – ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, өш­кені­мізді жандырса, «Рухани жаңғыру» – ұлт тарихын таныс­тыратын даңғыл болды.
«Ұлы даланың жеті қыры» – ұрпақтар мақтанатын, ар­ғы тегін әлемге батыл әрі айқын насихаттайтын төлқұжат. Енді осы мақаланы ұран етіп, Қазақстан тарихын тереңдетіп жазуға болады.
Өйткені, тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа жол тауып, жетістіктерге жетеді. Ұлы да­ланың жеті қырының кез келгені – Қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы да барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы. Ең бастысы елге бірлік пен ынтымақ керек. Елбасы айтқандай, бірлескен күш-жіге­ріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз.
Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. 2018 жылы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруда тегеурінді еңбек пен бірлескен күш-жігердің арқасында өңірдің серпінді дамуына қол жетті. Ауданымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болғандықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беріліп отыр.
2018 жылы ауылшаруашылығы саласы бойынша бар­лығы 23 957 гектар егіс орналастырылып, 13 850 га күріш, 210 га бидай, 1700 га мақсары, 6554 га жоңышқа, 570 га картоп, 450 га көкөніс, 555 га бақша өнімі егілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9 млрд 940,7 млн. теңге болып, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 96,6 пайызды құрап отыр. Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама аясында қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша тұқымдық түрлендірумен 35 шаруа қожалық мүйізді ірі қара, 3 шаруа қожалық қой және 16 шаруа қожалық жылқы шаруашылығымен айналысуда. Бүгінде аудан бо­йынша 16 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде.
Елбасының саясатын жүзеге асыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы өңір экономикасын дамытып, аудан бюд­жетінің кірістер бөлігін ұлғайтуға жұмыстар жүргізілуде.Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту динамикасы жаман емес. Қармақшы ауданы бойынша 2018 жылы тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 3397 жетіп, өсім – 101,5 пайызды құрап отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жыл басынан бері барлығы 97 жоба 279,3 млн. теңгеге қаржыландырылды. Ауданның өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындары 3 млрд. 111,2 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 115,2 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд. 862 млн. теңгені құрап отыр.
Газ мәселесіне байланысты 2017 жылы тапсырыс бе­руші облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы сметалық құны 1526,7 млн. теңгені құрайтын «Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде АГТС орнату және «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылысы» нысанының құрылыс жұмыстары басталып, 2018 жылдың мамыр айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. 2018 жылы білім саласы бойынша Жосалы кентіндегі 300 орындық мектеп ғимараты және Иіркөл, Төребай би елді мекендеріндегі 50 орындық екі балабақша ғимараттары пайдалануға берілді.
Аудан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы жыл өткен сайын өсе түсуде. 2017 жылы орташа өмір сүру 70,5 жас болса, 2018 жылдың қорытындысымен 72,1 жасты құрады. Соңғы 3 жылда ауданда Төретам кентінде ауылдық емхана, ІІІ Интернационал, Ақай ауылдарында 2 дәрігерлік амбулатория, Қорқыт, Диірментөбе, Иіркөл, Қызылтам, Төребай би ауылдарында 5 медициналық пункт жаңадан салынды.
Елді мекендерді тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы 8 жобаны іске асыру үшін 1 млрд. 8 млн. теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде ауданның 29 елді мекенінің 18-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілді. Аталған 18 елді мекенде аудан халқының 99,5 пайызы шоғырланғанын атап өткен жөн.
Аудандық Мәслихаттың жұмысы мен оның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталғым келіп отыр. Қармақшы ауданы бойынша, яғни барлық елді мекен мен Байқоңыр қаласын қосқанда аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөнінде 13 сайлау округі бар. Алтыншы шақырылған Қармақшы аудандық мәслихатының депутаттық корпусы 2016 жылдың 25 наурызында жаңадан жасақталып, аудандық мәслихаттың 13 депутаты сайланып, бүгінде 1 депутаттың өз арызына байланысты депутаттық өкі­леттілігі тоқтатылып, 12 депутат өз қыз­метін атқаруда. Мәслихаттың алғашқы сессиясында ұйымдастыру мәселелері қаралды. атап айтқанда мәс­лихат хатшысы сайланып, 3 тұрақты комиссия белгіленді. Олардың төрағалары мен мүшелері сайланып, «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы тіркелді. Ал, енді аудандық мәслихат депутаттарының құрамы жайлы айтар болсақ, депутаттардың 10-ы ер, 2-еуі әйел.
Оның ішінде, 3 инженер, 1 экономист, 1 агроном, 2 дә­рігер, 1 заңгер, 1 журналист, 3 мұғалім бар. Депутаттардың барлығы да «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Әрбір халық қалаулысының қоғамда өз орны бар, бір сөзбен айтқанда халықтың қамын жеп, қоғамдағы процеске қатысушы, жоғарғы билік алдында сол халықтың сөзін сөйлей алатын азамат ретінде елге белгілі тұлғалар. Жалпы атқарушы органдар тарапынан бағдарламаға, жос­парға, іс-қимылға сәйкес атқарылатын жұмыстар депутаттар мен тұрғындар арасында талқыланып, ұсыныстармен нақтыланып отырса, халық пен билік арасында байланыс күшейе түсетіні белгілі. Аудандық мәслихатта тұрақты комиссиялар жұмыс атқарады.
Атап айтқанда, «Экономика, қаржы, бюджет, жергілікті басқару және дағдарысқа қарсы іс-қимыл», «Аймақтық даму, өндіріс және ауылшаруашылығы салалары, сауда, бизнес кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану», «Әлеуметтік, жастар саясаты, құқық қорғау, спорт, туризм және мәдениет» мәселелері жөніндегі комиссиялар жұмыс атқарады.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі, өкілеттігі мен жұмыс тәртібі Заңның 12-15-баптарында белгіленген. Тұрақты комиссиялардың жеке немесе бірлескен отырыстары, әдетте депутаттардың қатысу мүм­кіншілігі ескеріле отырып, сессиялар қарсаңында өт­кі­зіледі.сонымен қатар қажеттілікке қарай басқа мезгілде де өткізілуі мүмкін. Мәслихаттағы 3 тұрақты комиссия да өз­дерінің жоспарлары негізінде заңдылығына сәйкес күн тәртібіне қойылған ең өзекті деген мәселелерді отырыстарда қарап, талқылап, тиісті қаулылар қабылдап, олардың орындалуын қадағалап, мәслихат сессияларына ұсынып отырады.
Тұрақты комиссиялар сессияда қаралатын мәселелерді алдын ала талқылаумен қатар, ауданның әлеуметтік-эко­но­­микалық дамуына ықпал ететін және халықтың тұр­мыс жағдайын жақсартуға қажет болатын ауқымды іс­термен, аудандағы мекемелер мен кент, ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстарды да назардан тыс қалдырмайды. Шешімі табылатын ең өзекті деген мәселелерді отырыстарда қарап, талқылаудан өткізіп, тиісті қаулылар қабылдап келеді.
Жоғарыда аталған тұрақты комиссиялардың 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес Қармақшы ауданы ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының есебін қарау және оның қызметін бағалау туралы, 2017 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы және есебі туралы, 2019-2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы, «2019-2021 жылдарға арналған кент, ауылдық округ бюджеттері туралы» мәселелер қаралды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Респу­бликасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес мәслихаттың кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет шақырылады. Мәслихат сессиясында шұғыл шешілуі тиіс мәселелер туындаған жағдайларда мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ аудан әкімінің ұсынысы бойынша күн тәртібі тек осы мәселелерімен ғана шектелген мәслихаттың кезектен тыс сессиясы шақырылады.
Былтыр алтыншы шақырылымдағы аудандық мәсли­хаттың 31 сессиясы 226 шешім қабылданған.
Сондай-ақ, осы кезеңде мәслихат хатшысының 110 өкімі шықты. 2018 жыл көлемінде аудандық мәслихат аппаратында – 344 кіріс құжаты қабылданса, ал – 419 шығыс құжаты тіркелген.
Қабылданған, тіркелуге жататын 15 сессия шешімдері облыстық әділет департаментінде уақытында тіркеліп, ресми баспасөзде жарияланды.
Аудандық мәслихаттың кезекті, яғни 2018 жылғы 30 наурыздағы 20 сессиясында «Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі басшысының есебін қарау және оның қызметін бағалау туралы», «Қармақшы ау­дандық мәслихат хатшысының есебі туралы», 2018 жылғы 10 шілдедегі 23 сессиясында «Қармақшы ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және оны жақсарту шаралары туралы», 2018 жылғы 1 қазандағы 25 сессиясында «Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің Жергілікті полиция қызметі басшысының есебін қарау және оның қызметін бағалау туралы», «Қармақшы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі», 2018 жылғы 21 желтоқсанда «2019-2021 жылдарға арналған ау­дандық бюджет туралы» мәселелер қаралды.
Кезекті сессияда қаралатын жоспарлы мәселені әзірлеу үшін құрамында депутаттар, мәселеге қатысты атқарушы органдар, сондай-ақ тиісті мекеме басшылары мен мамандары бар аудандық мәслихаттың уақытша комиссиясы құрылады. Оған аудандық мәслихат депутаттары мен тиісті мамандар қатысып, мәселені зерттеу-зерделеуде бас­шылыққа алынатын жадынама әзірленеді. Мақұлданған жадынама негізінде құрамында уақытша комиссия мүшелері бар жұмысшы топтары елді мекендерде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында аудан бойынша анықтамалар дайындалады және ол аудандық мәслихат аппаратында жинақталып, депутаттарға таныстырылады.
Сессияның күн тәртібінің жобасы және оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобалары тұрақты комис­сиялардың отырыстарында, содан кейін тұрақты комиссия­лар мен «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен отырыстарында алдын ала талқылаудан өтеді, талқылау қорытындысында мақұлданған мәселелер ғана сессияның күн тәртібінің жобасына енгізіліп, сессия қарауына ұсынылады. Мәслихат құзыретіне заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы және оның тіршілігін жүргізудегі негізгі құжат саналатындықтан, сондай-ақ жыл ішінде түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі ту­ын­­дайтындықтан бюджетті нақтылау мерзімі кезекті сессия өткізу мерзіміне сәйкес келмеген жағдайларда Заңға сай кезектен тыс сессия өтеді. Алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың сессияларында негізгі мәселелермен қатар аудан үшін маңызды бірқатар шешімдер, оның ішін­де «2017 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» 2018 жылғы 2 мамырдағы №166 шешімі, «Тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы» №176 шешімі, «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу туралы» №202 шешімі, «Жосалы кентіндегі кейбір көшелеріне атау беру туралы» №215 шешімі, «2019-2021 жылдарға арналған кенттер, ауылдық округтер бюджеттері туралы» №222 шешімі қабылданды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес және сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты жаңа құрамда Қармақшы аудандық мәслихатының «Қармақшы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы», «Қармақшы аудандық учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау туралы» шешімдері қабылданды.
Сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатудың, маңызды мәселелерді билік орындарына жеткізудің жолдары көп. Солардың бірі – арнайы жасалған кестеге сәйкес сай­лау округтерінде азаматтарды қабылдау және есеп беру. Қармақшы аудандық мәслихат депутаттарының өздері сайланған округтері бойынша сайлаушылармен кездесу кестесі жасалып, депутаттар өз округтері бойынша кездесулер өткізді. Кездесу барысында бұрындары жұртшылықты көбіне жеке басқа қатысты мәселелер толғандырып келген болса, соңғы жылдарда тақырыптың басқа ауанға ойысқанын байқаймыз. Мұның өзі адамдардың саяси ой жүйесінің арт­қанын, қоғамдық мәселелерді бей-жай қалдырмайтынын байқатса керек. Депутаттар ауданның әлеуметтік-эконо­микалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Халықаралық балаларды қорғау күні және «Мектепке-жол» акциясы аясында 200 мың теңгенің қайырымдылық шарасы көрсетілді. Қарттар мен мүгедектерді қорғау айлығында заттай, ақшалай, азықтай жәрдем жасалады. Әр депутат өз округі бойынша аз қамтылған жандарға, жалғызілікті қарттарға, көп балалы отбасыларға жем-шөп, қысқы отын түсіріп беру көмектерін ұйымдастырады. Аудан халқының алғысына бөленіп, үне­мі ел аузында жүретін халық қалаулылары А.Үсенов, Ж.Тілеу­ғабылова, Ғ.Ұзақбаев, М.Есщанов, Н.Пірмантаев, Т.Ералиев, Е.Рзалиев, А.Қаржаубаев, К.Раева қолынан келген көмектен аянып қалмай, әлеуметтік саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген жандар. Аудандық мәслихат депутаттары облыстық мәслихат депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық мә­се­лелеріне және бюджеттік саясатқа, заңдылық пен құ­­қық тәртібінің нығаюына айтарлықтай көбірек көңіл бөлуде. Облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын маңызды мәселелерге байланысты құрылатын комиссиялар құрамында да аудандық мәслихат депутаттары белсенділік танытып, ауданға қатысты мәселелердің оң шешім табуына өз ұсыныстарын айтып, іске асуына ықпал етуде. Аудандық мәслихаттың, оның депутаттарының атқарар міндеті аз емес. Олардың ең бастысы – атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауыл-аймақты дамыту бағдарламасының орындалуына қол жеткізу, жұмыспен қамтуды жетілдіру, ауыз су, жол құрылысы, газдандыру, ауданда кіші және орта кәсіпкерліктің, экология, тағы басқа мәселелердің шешілуіне оң ықпал жасап, белсенділікті күшейте беру. Қандай да бір шешім қабылданбасын, әңгіме оның орындалуында, халыққа тигізер пайдасында.Уәкілетті орган елдегі тұрақтылықты, әлеуметтік жағдайды, тұрмыстағы ілгерілеушілікті, шаруа­шылықты дамытудағы игі қадамдарды бір деңгейде жүргізуді бақылап және соған тиісті деңгейде жетекшілік жасайды. Осы бағытта белсенділік таныту мәслихат депу­таттарының құзырын кеңейтіп, жауапкершілігін арттыра түсті. Бұған қоса әрбір депутаттың белсенділігін, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетінің арта түсуін өмірдің өзі талап етіп отыр.
Аудандық мәслихаттың 2018 жылғы қазан айын­да­ғы кезекті сессиясында аудан әкімінің депутаттар алдында есе­­бі тыңдалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық да­му­ындағы және ауыл шаруашылығы, шағын және орта биз­несті қолдау, аудан экономикасын дамытуға бағытталған ин­вестиция тарту жайлы атқарған жұмыстарына оң баға берілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары аудан бюджетін анықтауда ерекше белсенділік көрсетіп қана қоймай, олар өздері сайланған аймақтарындағы елді мекендерде орын алып отырған кезек күттірмейтін, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін түйінді мәселелердің шешілуіне бюджет қаражатымен қамтамасыз етілуіне қамқорлық жасайды. Бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына, бюджет кірісін арттыру, жоспарлы міндеттердің орындалуын басты назарда ұстап келеді. Қармақшы ауданының әлеуметтік-эко­номикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан депу­таттардың еңбегі орасан. Өзін-өзі басқарудың негізгі өкілді ор­ганы ретінде мәслихаттың рөлі бұрынғыдан әлдеқайда кү­шейіп, олар­дың құқықтары мен құзырының аясы ке­ңіді. Елбасымыз өзінің 2013 жылғы халыққа Жолдауында «Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ, сонымен бірге, қоғамдық бақылауды, жергілікті жердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым» деген еді.
Кент, ауыл әкімдері төрт жылға жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатыны белгілі.
Осылайша оларды төте сайлауда халық сайлаған, өз сайлаушыларының көзқарасын назарға алып, мүддесін сақтауға міндетті болып табылатын аудандық мәслихат депутаттары сайлап келді. Мысалы, 2018 жылы осындай жолмен Жосалы, Төретам кенттері және Иіркөл, Қуаңдария ауылдық округінің әкімдері сайланды. Ауыл, кент әкімдерінің сайланбалылығын енгізу – жергілікті халық үшін жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға нақты мүмкіндік берудің, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы түрде өзгертудің тетігі.
Сонымен бірге бюджет қатынастарына байланысты терең өзгерістерге ұшыраған, әр аймақтағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тиімді басқару, оны қазіргі кезеңдегі жаһандық дамудың аясында, заман талаптарына сай қарқынды жүргізуде де жаңа жолдың қажеттігі туындап, 2019 жылға арналған 4-ші деңгейдегі бюджеттер бекітілді.
Сонымен қатар, халық қалаулылары аудан әкімдік жанынан құрылған өзге комиссиялардың мүшесі ретінде олардың жұмысына қатысып отырады. Аудандық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде аудан аумағындағы саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс жасайды.
Аудандық мәслихат аппараты да өз жұмысын тиісті заңдылықтарға және мәслихаттың регламентіне сай атқаруда. Қазіргі таңда, мәслихат аппаратында 5 мемлекеттік әкімшілік қызметкер және 3 азаматтық қызметші жұмыс істеуде. Аппарат қызметкерлері депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға, сессиялар мен комиссиялар отырыстарын дайындауға, сайлаушылармен кездесу өткізуге жан-жақты әдістемелік, ұйымдастырушылық, құқықтық және өзге де көмек көрсетіп келеді.
Депутаттардың сайлаушыларды қабылдауы кезінде кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлер мәслихатта жи­нақталып, біразы оң шешімін тауып, орындалуы жолға қойылды. Олардың қатарында сайлаушылардың көбірек көңіл бөліп, шешілуін күтетін аудан орталығындағы көшелерді, елді мекендерді ауыз су, аяқ сумен қамтамасыз ету, газдандыру, кейбір көшелерді асфальттау, жол жөндеу, аудан аумағындағы мал жайылымын суландыру жұмыстарының жүйелі жүргізілмеуі, тұрғын үй жағдайлары, тағы басқа толып жатқан әлеуметтік мәселелерді айтуға болады.
Тұрақты негізде қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторингі жүргізіліп келеді. Об­лыстық әділет департаментінен мемлекеттік тіркеуден өткен мәслихат шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жарияланып, «Заң» деректер базасына енгізілді.
2018 жылы аудандық мәслихатқа жеке тұлғалардан 4 өтініш келіп түсті. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес тұрғындардан келіп түскен өтініштер дер кезінде заңдылықтарға сәйкес қаралып, өтініш иелеріне орындалуы туралы хабар жолданды. Аудандық мәслихат хатшысы мен аппарат басшысының азаматтарды қабылдау кестесі және мәслихат аппаратының сенім телефоны әр тоқсан сайын аудандық басылым бетінде жарияланып тұрады. 2018 жылы қабылдау кестесіне сәйкес аудандық мәслихат хатшысының жеке қабылдауында 62 адам болып, олардың өтініші қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес шешімін тапты. Қабылдауға келген тұрғындардың көтерген мәселелері негізінен тұрақты жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жәр­дем алуға көмектесу, несие алуға жәрдем беру және тұрғын үймен қамтамасыз ету жайында.
«Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы бұйрығына сәйкес Қармақшы аудандық мәслихатында «Б» корпусы бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі және жалпы конкурстар өткізілді.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңының 33-бабының 5-тармағына және «Мемлекеттік әкім­шілік қызметшілердің қызметін бағалаудың кейбір мә­селелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы №13 бұйрығына сәйкес «Қармақшы аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітіліп, жыл­дың қорытындысы бойынша аудандық мәслихат ап­паратының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қыз­меті бағаланып отырады.
Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың қалаулысы атанып, сенімін иеленген, сайлаушылардың мұң-мұқтажын, ол­­ар­­дың жағдайы және халықты толғандырып отырған жер­гілікті жерлерде орын алып отырған көкейкесті мәсе­ле­лерді билік органдары алдында көтеріп және шешімін табу жолында аудандық мәслихат депутаттары аянбай тер төгіп келеді. Осы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады, өйткені атқарылған кең көлемді жұмыстарға қарамастан, атқарар қызмет ауқымы одан да көп.
Алға қойып отырған мақсаттарымыз – айқын. Ең бас­тысы Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын жүзеге асыра отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру басты назарда. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыстан қыс­қарту, жалақыға қарыздарды болдырмау, жаппай кәсіп­керлікті дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін молайту күн тәртібінен түспейді.
Марат НАЯТҰЛЫ,
аудандық мәслихат хатшысы.
16 қаңтар 2019 ж. 1 044 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 256

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 356

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930