» » ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚАШАН МӘСЕЛЕ БОЛМАС?

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ҚАШАН МӘСЕЛЕ БОЛМАС?

Расында да, көптің көңілін күпті еткен осы жұмыссыздық мәселесі қашан күн тәртібінен түсер екен? Екі қолға бір кү­рек таба алмай жүргендер өкі­нішке орай, әлі де болса ара­мызда кездеседі. Не істеу ке­рек? Мәселенің түйінін қалай тарқатуға болады?


Жұмыссыздықтың зардабы шаш-етектен. Оның қоғамға келтірер зияны да жетерлік. Қыл­мысқа бару, ұрлық жасау, оңай жолмен нәпақа табу, бір сөзбен айтқанда, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге бағыттайды. Бұл – аксиома. Десе де, қазақ ата­мыз­дың жалқаулық қанында жоқ. Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, толарсақтан саз кешкен аталарымыз ешқашан жалқаулықпен дос болмаған. Төрт түлік малын төрге оздырып, ырыздық-несібесін адал маңдай тері мен ерінбей еткен еңбегімен тапқан. Психологтардың пікірінше, адамды адал жолдан тайдыратын – жалқаулық. Ал, жалқаулық – сенімсіздіктің жемісі, өмір ағымына деген іле­се алмаушылықтың көрінісі. Құдай сақтасын, бұл – қоғам осылай жалқауланып кетті дегенді біл­дірмейді. Әйтсе де, бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұялаған заманда тепсе темір үзетіннің жұмыссыз жүруі, бойкүйездікке салынуы – жақсы емес, әрине.
Бүгінде мемлекет тарапынан жұмыссыз­дықты шешуге көптеген шаруа істелуде. Ересектермен бірге жастарға да жағдай жасалуда. Дүрсін-дүрсін бағдарламалар дүниеге келуде. Оның шарапатын көрушілер де жетіп-артылады. Тұрмысын түзеп, бай-дәулетті болып кеткендер де баршылық. Жапон халқында ең анайы сөз «әй» деген болса, қытайлықтарда ең ұятты сөз «жоқ» деген екен. Яғни, сол «жоқтың» арасында жұмыс та бар. Демек, олар жұмыссызбын, ақшам, жағдайым жоқ дегенге арланады. Рас, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» кейде. Біреу, кәсіп еткісі келеді, алайда көзін таба алмайды. Жалпы жұмыссыздық жайында әңгіме қозғағанда алдымен Елбасының жыл сайынғы Жолдауы ойға оралады. Қаншама мүмкіндіктер берілуде. Жергілікті жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар жә­не азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ар­қылы көптеген жұмыстар істелуде. Түйткілді мәселені қалай шешуге болады. Жеке пікірін білу мақ­сатында айтулы бөлімнің басшысы Зере Метеровамен жолыққан едік.
– Жұмыссыздықты түбегейлі шешуде мем­лекеттік бағдарлама көп. «Жастар практи­касы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» Биз­нес­ті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» атап айтуға болады. Сонымен бірге, қоғамдық жұмысқа тарту арқылы да жұмыспен қамтылу мүмкіндігі бар. Талаптанғанға тетік табылды. Бізде жаппай кәсіпкерлікті дамыту тиімді. Неге? Өйткені, ауданда басқалардағыдай көп адамды жұмыспен қамтып кететіндей зауыт, фабрика жоқ. Бірақ, бұл салымызды суға кетірмесе керек. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлікке зор мүмкіндік беріп тұр. Өз ісін ашам деушіге мемлекеттен қайтарымсыз гранттар да қарастырылған. Ол үшін бизнес жобаң мен тыңнан түлен тартатын идеяң болуы керек. Жасыратын несі бар, әлі де болса «алма піс, аузыма түс» дейтін масыл психологиядан арыла алмай келеміз. Жалқаулық басым. Шыны керек, кейде кәсіпкерге де сенімсіздік бар. Кәсіпкер қарамағындағы жалдамалы жұмысшыға дұрыс көзқараспен қарауы тиіс. Жұмыс беруші еңбек заңдылығына сәйкес келісім-шартқа отырып, жалданушыға тиесілі жалақысы мен зейнеткерлік жарнасын уақытылы аударса, бала күтіміне немесе денсаулығына, сондай-ақ еңбек демалысына байланысты ақы төлесе неге жұмыс істемеске. Кәсіпкер жұмысшымен жариялы түрде, жасырмай тірлік қылу қажет. Қазір бюджетке қараудың керегі жоқ. Табыс тап, салық төле деген уақыт. Қарап отырсақ, тұрғындар қайта даярлау курсын стипендия үшін оқиды. Оның түпкілікті мақсатын түсінбейді. Әрі қарай жұмыс жалғаспайды. Негізі – даярлаудың көмегімен кәсі­бін ашып, біреуге алақан жаймай нанын табуы тиіс қой. Бүгінде ауданда 1300-дей жұмыссыз адам бар. Жұмыссыздық бір адамның немесе бір мүдделі топтың жұмысы емес. Онымен қоғам болып атсалыссақ. Үстіміздегі жылдан бастап, Елбасы тапсырмасымен ең төменгі айлық мөлшері 28284 теңгеден 42500 теңгеге көтерілді. Демек, бұл – бұрынғыдан 1,5 есеге өсті дегенді білдіреді. Осыған аудан кәсіпкерлері өз үлесін қосса. Адамдарды жұмыспен қамтып, Еңбек заңы шеңберінде әрекет етсе. Егерде, осындай келелі жұмыс істелсе, аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде шамамен 12 млн. 410 мың теңге көлемінде еңбекақы көбейеді екен, – дейді бөлім басшысы.
Жалпы, жастардың жұмысқа құлқы бар ма? Оларға жұмыс табу қиындық келтіріп жатқан жоқ па? Ендігі сөз арнасын жастарға бұрсақ. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешуде бірқатар бағдарлама қолданыста. Соның бірі – «Жасыл ел» жастар жасағы. Әсіресе, айтулы бағдарлама студенттердің жазғы демалысын тиімді өткізіп, қаражат табуына жол ашады.
– Былтыр өңірде «Жасыл елмен» 100 студент қамтылды. Жастардың демалысын босқа өткізбей, туған еліне, жеріне, сонымен қоса, өзіне де пайдалы іс жасау – ғанибет емес пе? Мұндай бағдарлама біздің елде ғана бар деуге болады. Бұл да болса жастарға жасалған жақсылық. «Zhas projest» бағдарламасының 13 бағыты бойынша 49 жас жоба қорғап, кәсібін бастады, кейбірі әрі қарай дамытуда, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Айбек Жұмахмет.
Түйін:
«Қалауын тапса – қар жанар» дегендей, жалпы шешілмейтін мәселе болмайды. Һәкім Абай айтқандай, жұмыссыздық мәселесін де екі жақ­тап: ақыл мен еңбекке қарай шешуге болады. Тек арман мен ниет тоғысса болғаны.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
09 қаңтар 2019 ж. 1 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 255

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 355

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930