» » ҚҰЛАҚҚА ДА КҮТІМ КЕРЕК

ҚҰЛАҚҚА ДА КҮТІМ КЕРЕК

Қай жерің ауырса – жаның сонда. Мәселен аурудың үлкен, кішісінде емес. Қарапайым-ақ, қолыңызға тікен кірді делік. Сол тікенді алып тастағанша, жаның мұрыныңның ұшына келеді. Ал, құлақ ауруы – тіпті ойнайтын емес. Құлағыңыз естімей қалса – құдай сақтасын, сонда көресіз көресіні.


Қоғамдық ортада дегеннен шығады. Бүгінде айналамызда не көп – шу көп. Түрлі дыбыстар. Технология күн санап дамуда. Жетістігіне сүйсінеміз. Ал, зияны ше? Оның да бір басына жетерлік зияны бар екенін ескере бермейміз. Көшеде құлаққаппен жүру әдет болып кетті. Кейбіріміз, тіпті оны күндіз-түні шешпейтін халге жеттік. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, құлақ ауруы дертіне әкеп соқтыруда. Бір сөзбен айтқанда, құлақ дерті – өзекті мәселеге айналып отыр. Жалпы, құлақ ауруының туындауына бірнеше фактор себепші. Атап айтқанда, техниканың белсенді дамуы, оның құлақтың ішкі жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер етуі, екіншіден, суық тию, тұмаурату кезінде. Себебі, тұмау асқынғанда құлақтың естуі күрт төмендеп, кейде керең болып қалу қаупі де кездесіп жатады. Құлақ құрылысы жағынан – сыртқы, ортаңғы және ішкі болып үш түрге бөлінеді. Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдерде көбіне-көп құлақтың ортаңғы және сыртқы бөлігі қабынатын көрінеді. Ол медициналық тілде отит деп аталады.
– Отит – суық тию, тұмау, қызылша ауруы асқынғаннан пайда болатын дерт. Оған бей-жай қарауға болмайды. Жұтқыншақ пен құлақ бір-бірімен байланысты орган. Екеуінің арасын Евстахиев түтігі жалғап тұрады. Осы түтікше арқылы жұтқыншақтан инфекция тасымалданады. Құлақтың ішкі бөлігінен құлық бөлінеді. Бұл – қалыпты жағдай. Мұны микробтың сыртқа шығуы деп түсінеміз. Құлықты үшкір затпен тазартуға болмайды. Ол дабыл жарғағын жарып жіберуі әбден мүмкін. Сол себептен, әркім өзінше ем жасамай, дәрігерге қаралғаны дұрыс. Құлық – арнайы құрылғымен алынады. Оған нұсқаулықсыз ем-шара жасау сауатсыздық, – дейді аудандық амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының дәрігері Нұрлан Тарғанов.
Бір қуанарлығы – өткен жылға қарағанда, үстіміздегі жылы ауданымызда құлақ ауруынан зардап шегетіндер саны біршама азайған.
– Осы жылдың 11 айына дейінгі мәлімет бойынша құлақ және көмей аурулары бөлмесіне 8455 науқас көрінген. Ауырғаны – 2282. Оның ішінде, құлақпен ауырғаны 1712-ні құрайды. 5173 адамға алдын алу шарасы жүргізілген. Оның ішінде, ересегі – 1294 болса, бала – 922. Ауданда құлағы естімейтіндер саны – 139. Оның 34-і – бала. Бір құлағы жоқ 3 адам есепке алынса, оның 2-еуі бала. Құлақ пердесін жамау, сондай-ақ мүлде естімейтін 15 адамға Алматы, Астана қаласында ота жасалды. Құлақ науқасына шалдықпайдың ең бірінші шарты – тұмауды асқындырмау. Сонымен қатар, гентомицин, каномицин сияқты уыты күшті дәрілік препараттарды мүмкіндігінше аз қолданған жөн, – дейді маман.
Ауданда жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде есту қабілеті нашар 47 адам тіркеуде тұр.
– Жыл басынан бүгінге дейін аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 1134-ті құраса, оның I, II топ мүгедегі – 522, III топ мүгедегі – 446. 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 166. Байқоңыр қаласы бо­йынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 882, оның ішінде І, ІІ топ мүгедегі – 385, ІІІ топ мүгедегі – 323 болса, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 174. Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 364. Есту-сөйлеу қабілеті нашар 47 мүгедекке 7 ымдау тілі маманы қызмет көрсетеді. Биыл есту аппаратымен 17, ұялы телефонмен 21, веб камерасы бар ноутбукпен 19 адам қамтылса, естімейтіндерге арналған сағат – 8, көп жүйелі дыбыс шығарғыш 15 азаматқа берілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің статисі Гүлмира Төлебаева.

Түйін:
Құлақ ауруының асқынатын уақыты – күз бен қыс. Себебі, есту мүшесінің сырқаты негізінен суықтан пайда болады. Құлақ миға жақын орналасқан орган екенін ескерсек, оған жауапсыз қарау – орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сол үшін құлағыңыз ауыра бастағанда, болмаса есту қабілетіңіз нашарлағанда ғаламтордан ем іздегенше, ең алдымен дәрігерге көріну керек.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
08 қаңтар 2019 ж. 2 609 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 255

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 355

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930