» » КӨШЕСІН КӨРІП, ТҰРҒЫНЫН ТАНЫ

КӨШЕСІН КӨРІП, ТҰРҒЫНЫН ТАНЫ

Бозарып атқан ала таңмен жарыса күндегі қара жолмен қалың ойға түсіп жұмысқа асығып келем. Күн салқын. Әлде нені кешіп өттім бе, аяғымның астынан шылп еткен дыбыс кенет мені оятып жіберді. Жүріп өткен жолыма бұрыла қарап едім, төгілгеніне бес он минут бола қоймаған кір суын басып кетіппін. Буы бұрқырап, көбігі бетіне шыққан лас су таза етігімді малмандай етіп былғап тастапты. Ойға шомылғаным аз болғандай, енді мына көрініс көңіл-күйімді бұзып, тұла бойымды ашу кернеді. Мен ғана бассам екен, менен кейін де талай адамның кір суды баспайтынына кім кепіл? Әне, анау жерде баласын жетектеп балабақшаға жол тартқан ана баласына «әй, жаман суды баспа, былай жүр» деп ұрысып әлек. Анаған қараңызшы, таң азанмен дүкен аралап, ала дорбасын көтерген әжейдің жол бойын айналып өтуден басқа амалы қалмады. Ал, сіз бір сәтке болса да ойланып көрдіңіз бе? Сіздің жасаған іс-әрекетіңіз қанша жұрттың жолын байлап, зиянын тигізіп жатыр. Көше әдебі, көше тазалығы деген бар емес пе?

Тазалық сақтау – әр адамға қалып­тасқан заңдылық, бірақ әркім тазалыққа қатысты әр түрлі тәрбие алады. Әсіресе, қоғамдық жерге келгенде бей-жай қарайтынымыз анық. Кейде есігіміздің алдын күл-қоқыс, лас су төгетін алаңға айналдырып жіберетініміз де рас. «Таза­лық сақтау иманнан» деген сөздің мәнісін беріден емес, әріден қозғап, имани тұрғыдан таразыласақ, тазалық ұғымының қаншалықты терең екенін түсінуге болады. Себебі, Жаратқан Иеміз әлемді ерекше тазалықпен жаратқан.
Туған аймақ – өз үйің. Отан отбасынан басталса, ауыл-аймақ аулаңнан бас­тау алмақ. Көшенің көркі өз келбетіңді көрсетеді. Ауласы қандай болса, адамы да сондай. Кейде біз осындай қарапайым нәрсеге мән бермейміз. Әлгі кірдің суын сіңіп кетер деп, онсыз да бюджеті әрі тартсаң, бері жетпейтін ауданның әупірімдеп жүріп, үнемдеп жасаған жолына шаша салғаныңыз, өзіңіз жүретін жолдың тозуына әкеп соғады. Сол жолмен бала-шағаңыз, үйіңізге келген қонағыңыз жүреді. Сөйтіп келіп, билікті, өзгені даттауға шығамыз. Жарықтық, алдымызға жан салмаймыз ондайда. Ал, бірақ бір сәтке айнаға қарап көрдіңіз бе?! Сіз даттап отырған жанның бойында бар жағымсыз қасиет өзіңізден де табылып қалар. Бірақ, ол сізді осылай қаралай ма?!
Қарапайым мысал, аудан орталы­ғынан отыз шақырым жерде орналасқан Дүр Оңғар ауылы тұрғындарында үрдіске айналған көше тазалығын сақтау әдебі қалыптасқан. Таңмен малын өріске айдаған әрбір тұрғын, артынша есік алдын қи-қоқыстан тазалап, ауылды жарқыратып қояды екен. Ал, егер кім көшесінің тазалығына бей-жай қараса, сол тұрғынға «шара» көріледі. Осындай жақсы қасиетті бізде неге ұстанбасқа?
Түйін.
Таң қылаң бере Ермектің әйелі қабырғалас көрші келіншектің жуған кірін сынай бастады. Терезеден қарап, «осының жуған кірі бір ашылмайды. Жарықтық, әйел емес пе? Тазалық сақтамай ма?» деді мұрнын шүйіріп. Ермек үнсіз орнынан тұрды да, терезені сыртынан ысқылап сүртіп жатып: «Ол сенің әйнегіңнің кірі ғой. Терезені сүртіп тұрсаңшы» деп ескерту жасады. Кейде біздің қылығымыз осыған ұқсайтын тәрізді.

Ерсін СӘДУҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».
30 қараша 2018 ж. 1 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031