» » БАТУТ ТА БИЗНЕС

БАТУТ ТА БИЗНЕС

«Әттең тонның келтесі-ай» депті бір пақырың. Бас­та түрлі идеялар тоғысып жатыр, білек сыбанып кірісейін десең, қолдың қысқалығы балақтан тартады. Қажымай, талмай бір тетігін табасың. Оның өзін маңдайың терлеп, өзің ерлеп ілініп-шалынып, әрең дегенде жетесің. Әрине, оның барлығы қолдан келген кәсіпті бастап, елге пайдам тисе деген ізгі мақсаттың жемісі. Кент тұрғыны Батырұлан Қалиевпен сұқбатта талай түйткілдің тарқауына бағыт беріп, көп мәселенің басын шалдық. Балаларға арналған ойын-сауық элементі батутқа қол жеткізіп, елдегі бүлдіршіндердің уақытын тиімді өткізуіне сеп болып келеді.



– Әдепкіде бұл мереке-думандарда қажет болды. Орталық алаңда балаларымен мейрамдауға шыққандар қызметімді тұтынды. Бертін келе күнделікті қажеттілікке айналды. Ауыл балалары жаздың жайма шуақ күнінде келіп, бір уақыт көңіл аулап кетеді. Бұл елдегілер үшін жақсы мүмкіндік болды, – деді Батырұлан Қалиев.
Жасыратыны жоқ, аудан орталығында жас болып қыдыратын, тіпті балаларды ойнататын сауық орындары жоқтың қасы. Бірнеше жерде аллеялар бар, олардың өзін ұстап тұра алмай отырмыз. Батырұлан елді мекендерді аралау ойында бар екенін жеткізді. Бірақ, тасымал жағы аяққа тұсау болып тұр. Бір өзі 400 келі тартатын батут жеңіл көлікке сыймайды. Арнайы жүк көлігімен Ақай мен Ақжар аралығындағы ауылдарды аралағаннан пайда түсе ме, түспей ме, онысы екіталай. Оның үстіне, төрт бірдей адам керек батутты орнату үшін. Сол себепті тек аудан орталығында әр жерге ауысып жүріп орналастырады. Онысы халыққа да тиімді болып тұр.
– Мұны 400 мың теңге несие алып, бастап отырмын. Қайтарымды қаражат, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін біраз уақыт керек. Одан бөлек, мен өз күшіммен еңбектеніп үйреніп қалғанмын. Сондықтан болар, осы кәсіпті ұлғайту үшін маңдай терімді сіңіргім келеді, – дейді талапшыл жас.
«Батонның батутына барамыз» деп немересін ертіп алып, таяғына сүйенген әжейден жас келіншектерге дейін келеді. Солардың бірі Гүлнұр Әлиева.
– Баламызды қайда ойнатарымызды білмейтінбіз. Батут жақсы болды. Кенттегілер тайлы-тұяғы қалмай жиналады. Осындай нысандар көбейе берсе. Жастардың энергиясы мол ғой. Кәсіпкер болып, іс бастап жатса, қуанамыз. Батутта бала еркін сезінеді. Бар ықыласымен ойнайды. Сондықтан мен күн сайын балаларымды осы жерге ертіп әкелемін, – деді ол.
Батырұлан өзі Ақай ауылында мал дәрігерінің көмекшісі. Батутқа жауапты адамы бар. Болашақта батуттың үлкенін алып, кәсібін ұлғайтқысы келеді. Әлбетте, кәсібі дамып, өркендеп жатса аудан халқына да үлкен бір жақсылық жасар еді.
– Мұнымен шектеліп қалғым кел­мейді. Үлкен орталық ашсам ба деймін. Бірақ білесіз ғой, бәрі қаражатқа кеп тіреледі. Ойыңда жобаң пісіп-жетіліп қалған кезде қалталы азаматтардың бірі сенің ойыңдағыны іске асырып жатады. Амал не, оған бола көңіл-күйді түсірмейсің. Кінәлі өзің, қаражат тауып, ертерек кәсіпті бастағанда сен де іске асырар едің. Бұйыртса, үлкен бір ойын-сауық алаңын ашсам ба деймін. Кәсіпкер болып, тірлігімді бас­тасам, біріншіден салық базасының ұлғаюына үлесім тиеді, сонан соң жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысамын. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі осында жатыр. Бұйыртса, жерлестерімді жұмыспен қамтитын мақсатқа жетіп те қаламын, – деді кейіпкеріміз.

P.S.
Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу. Қазақы тәмсілдің астарында жастарды қолдаудың мән-мағынасы жатыр. Елде жас өскін суырылып шығып, бизнесте бас көтеріп жатса, қуанып, бәрекелдіден өзге алғысымызды да айтар едік. Бір кәсіпкер жұмыс істесе, он адам жұмыспен қамтылады десек, әл-ауқатымыз артып, кәсіпкерлікті қолдау жылында аспандағы айға да қолымыз жетіп қалар.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
20 қыркүйек 2018 ж. 1 325 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031