» » ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ҚАЙТСЕК ДАМЫТАМЫЗ?

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ ҚАЙТСЕК ДАМЫТАМЫЗ?

Ел әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің ықпалы зор. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе нәзік жандылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы – жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болмақ. Бүгінде бұл сала өніміне сұраныс та жоғары. Яки, азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орында. Сондықтан, елдің экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық берсе құба-құп болар еді. Ал, осы саланы дамытуға әлемнің біршама елі әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған.
Мәселен, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құраса, Қытай, Үндістан, Түркия, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің табысы жеңіл өнеркәсіп тауарының экспортынан түсуде. Кейінгі уақытта қырғыз елінің ішкі өніміндегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан асқан. Ал, бүгінде Қазақстандағы қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі небәрі 1,2 пайызды құрайды. Елдің өткенін таразыласақ, кешегі кеңес дәуірінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жарты әлемді аузына қаратқаны ақиқат. Сол уақытта Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің тоқыма, тігін, аяқ киім, тері-ұлпан өнеркәсібі салаларында бір мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеген. Олардың ішінде, еңбек ұжымына айналған –  Алматы мақта-мата комбинатын, «Жетісу», Жамбыл аяқ киім кәсіпорындарын, «Большевичка» тігін комбинатын, М.Мәметова атындағы тігін фабрикасын, Қостанай, Семей мауыты-шұға комбинатын ерекше атауға болады. Сондай-ақ, сол жылдары Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібінің табысы ел бюджетінің 25 пайызын қамтамасыз еткені баршаға мәлім.
Бізде мақта, жүн-жұрқа, тері-терсек секілді шикізаттық мол қор бар. Алайда, олар бола тұра осы шикізаттан жасалған тауарлардың барлығын дерлік шетелден импорттаймыз. Кей елдің арзанқол дүниесін місе тұтамыз. Шикізаттың жақындығы өндірілген өнімді өткізу нарығының болуы, өндірістік шығындардың төмендігі жеңіл өнеркәсіптің дамуына алғы­шарттардың барын көрсетеді. Ал, кейбір көрші елдердің мақтаға мұқтаждығы бар екенін бірі – білсе, бірі – білмейді. Қазақстандық мақ­таның 80-90 пайызы экспортқа төмен бағамен сатылып, содан жасалған мақта-мата тауары қымбат бағамен әкелінеді мыс. Тоқыма және тігін өнеркәсібі машина жасау, химия өнеркәсібі секілді алдыңғы қатарлы әлемдік өнеркәсіп салаларының қатарына кіреді. Кейбір мамандар бұл саланың ел экономикасында үлес салмағы шамалы, сондықтан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай емесін алға тартады. Олардың киім-кешегінің са­пасы айтарлықтай жоғары болма­ғанымен, әйтеуір бағасы қолжетімді.
Кейінгі уақытта дизайнерлер көбейді. Киімнің түр-түрін тігіп, «подиумға» шығарады. Бір қарағанда идеямен жасалған қарапайым дүние. Ал, оның бағасы қанша тұратынын білесіз бе? Ол сырттан экспортталатын 50 көйлектін бағасымен тең. Отандық дизайнерлердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бір киім бағасының өзі шарықтап тұр. Мұны тек қолы жеткендер ғана алады. Қарапайым халықтың қалтасы көтермеген соң, әрине арзанқол дүниеге жүгіреді. Бұл жеңіл өнеркәсіптің ақсауына бір ғана мысал.
Сандар сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді
Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің соңғы ширек ғасырдағы тіршілігін сараласақ, өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 1990 жылы 15,8 пайызды құраса, 2000 жылы ол 2,3 пайызға дейін қысқарып, 2011 жылы 0,1 пайызға құлдыраған. Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласында тек 2016 жылы ғана жұмыс істеп тұрған 79 кәсіпорынның 27 пайызы жұмысын тоқтатқан екен. Жыл ішінде еліміздің тоқыма өнеркәсібіндегі 12 кәсіпорын, киім тігу өнеркәсібіндегі 8 кәсіпорын, тері бұйымдарын шығаратын 1 кәсіпорын жабылған. Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің осыншама тұра­лауының себебі неде? Мамандар мен сарапшылардың бірауыздық пікірі бойынша елдің жеңіл өнеркәсібі саласын тұншықтырып отырған – импорт, яғни отандық нарықтың шетелдік тауарларға тәуелділігі. Арнайы жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша еліміздегі жеңіл өнеркәсіп тауарларына деген жыл сайынғы сұраныс 5-6 миллиард АҚШ доллары көлемінде болады екен. Осы тауарлардың 97 пайызы импорт есебінен жабылады мыс.
2016 жылы Қазақстан бо­йынша тұтынылған сыртқы киімнің 97 пайызы, аяқ киімнің 96 пайызы, мақта-мата бұйымдарының 60 пайызы шетелден әкелінген. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елге 144,3 миллион долларды құрайтын импорттық киім-кешек кірген болса, оның 80 пайызы Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбекстан елдерінен жеткізілген тауарлар. Мәселен, осы мерзімде Қытайдан әкелінген киім-кешек өткен жылға сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға, ал Бангладештен жеткі­зілген тауарлар 45 пайызға өсіп, 22 миллион долларды құраған. Халық тұтынатын бір ғана қолғаптың 93 пайызы, шұлық өнімінің 73 пайызы Қытайдан жеткізіледі.



Тығырықтан шығар жол қайсы?
2020 жылы Қазақстан өндірісі өркендеген алпауыт елге айналуы қажет. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында міндеттеген тапсырманың бірі. ҚР Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бес басым бағытқа айрықша тоқталғаны мәлім. Соның бірі – индустриялық бағдарламаны дамыту. Осы ретте, қолға алын­ған Үдемелi индустриалды-ин­нова­ция­лық даму мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында елімізде жеңiл өнеркәсiптi өркендетудің жоба-жос­пары әзірленген болатын. Құжатта шикiзатты өңдеп, дайын өнімді сыртқы нарыққа шығару, жоғары сапалы өнiм өндiріп, жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне деген iшкi нарық қажеттiлiгiн толықтай қамтамасыз ету және еңбекке қабiлеттi халықты жұмыспен қамту мәселесі тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
Түйін.
Өзгенің қаңсығын таңсық қыла бермей, отандық киім-кешек және аяқ киім өндірісін дамытсақ құба-құп болар еді. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға қажетті мүмкіндіктер жеткілікті. Ең бастысы, бұл салаға нақты бетбұрыс жасалуы қажет. Сондай-ақ, «Орта және шағын бизнес субъектілері жеңіл өнеркәсіпті дамытуы тиіс» деген жаттанды сөзден арылсақ, отандық жеңіл өнеркәсіп саласын тығырықтан шығару үшін бұл салаға арзан шикізат, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар әкелсек, бір кездері Қазақстан жеңіл өнеркәсібін жаһан­ға танытқан Алматы мақта-мата комбинаты, «Жетісу» аяқ киім фабрикасы сияқты отандық брендтерді жандандырар ма едік?
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы». 

18 қыркүйек 2018 ж. 1 619 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 239

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 342

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930