Анкарада қазақ-түрік бизнес форумы өтті
Анкарада екі елдің ресми тұлғаларының және іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы өтті. Іс-шараға химия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, машина жасау, логистика, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және тағы басқа да салаларды таныстырған 200-ден астам Түркия мен Қазақстан компанияларының өкілдері қатысты.
Тараптар екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы және әлеуетті бағыттары бойынша өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.
«Бүгінгі кездесу – бұл екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік пен ұмтылыстың тағы бір дәлелі», - деді бизнес-форумның ашылуында сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы құны 4,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын шамамен 71 Қазақстан-Түркия инвестициялық жобалары бар, деп атап өтті Асқар Мамин.
Қазақстан-Түркия бизнес-форумы Қазақстан мен Түркияның іскер топтары арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға, екі елдің компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ серіктестерді іздеуге бағытталған.
Бизнес-форумның қорытындысы бойынша химия, тау-кен және металлургия, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергиясы, жаңартылған энергия көздері сияқты салалар бойынша жалпы сомасы 1,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды.
Baq.kz
Пікір 1 906