» » ШЫНАРБЕК ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК КОМБАЙН

ШЫНАРБЕК ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК КОМБАЙН

Егіс алқабында бір топ механизатор жиналып қапты. Егінге орақтың түскені бүгін. Саптағы сарбаздардай комбайндар да тіл бітсе «аттың басын жіберші» дейтіндей. Маңайына барып, тәжірибелі маман керек екенін жеткіздім. Ел ағалары бір ауыздан ортадан жігіт ағасын шығарып, «міне, нағыз тәжірибелі механизатор» деді. Ол – «Жаңажол» ЖШС механизаторы Шынарбек Байбөкенов болатын.
Айтса, айтқанындай-ақ, Ш.Байбөкенов қырық жылдан бері техниканың төресін тізгіндеген жан. Осында табан аудармастан еңбек етіп келеді. Жүргізбеген көлігі жоқ. Көненің көзіндей болып, сүйегін салдыратса да пайдаға асқан комбайндарды күні кешеге дейін айдап келді.
– Мен отырмаған арнайы көлік жоқ шығар. Мына жаңа комбайнды биыл төртінші жыл жүргізудемін. Баяғыдай шығын жоқ. Күріш пен күрмекті екі бөліп тас­тайды. Жылдамдығы да жоғары. Шопырға жағдай жасалған. Мұнан артық не керек? – деді Ш.Байбөкенов.
Шаруашылықтың оң жамбасына шығып тұрған соң, бұл – мүмкіндігі зор техника боп тұр. Өнім жинауы да бөлек. Жылдағыдан кеш еккенмен өнімі дер кезінде пісіп тұрған шаруашылықтың ала жаздайғы еңбегін жауын жаумай жинап алуда тер төкпек. Бұл ретте, еңбеккерлер өнім жинауда өзара бәсекеге түседі.
– Науқанда жақсы жұмыс істесек, техникамыз шапқылап тұрса, табысымыз да толайым болмақ. Қырман қаншалықты толса, еңбеккерлердің де табысы соншалық болмақ. Біздің айналаны ұмытып, жұмысқа кірісер шағымыз бұл, – деді Шынарбек аға.
Бір жылда бірнеше көліктің руліне отыратын механизатор шөп шабу науқанында «Беларусь» тракторына мініп, пресс басады. Күзде күріш орады. Арада көмек қажет болса, білек сыбанып кірісіп кететіні өз алдына. Астына «CLAAS-750» маркалы комбайнды мінген ол гараж басынан көне «Енисейлерді» көргенде баяғы қиын кезеңдер ойға оралатынын айтты.
– Талай баттық, бір-бірімізді тартамыз деп өзіміз де құлап-сүрінеміз. Одан масаға таланамыз. Соншалық қиындықты бастан кешсек те, чемпион болуға тырысып бағамыз. Көлігіміз бір күн жүрсе, екі күн жөндеуде тұрады. Оны жөндейтін де өзіміз. Қазіргі күн ол кездегімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы ғой. Салыстыруға да келмейді, – деді майталман маман.
Бұл күнде жаңа техниканың тілін меңгеріп, жайлы орындыққа отырған механизатор зайыбы, ұстаз Эльмира Накипова мен бір ұл, бір қызына қамқор әке, абыройлы отағасы. Еңбектің наны тәтті екенін балаларына да үйретіп жүр. Немерелер де атасының комбайн айдап, шаруашылықта белді қызметкер екенімен мақтанады. Иә, табаны жерге тілініп, маңдайы күнге күйгендер – еңбектің бағасына жеткендер ғой.
P.S.
Комбайнның түтіні будақтап алқаптың бел ортасында қаулаған күрішті жарып келеді. Алтын басын салбырата төмен иілген Сыр салысын күрмегін бөлек, маржанын бөлек қоржынға салады. Иә, Шынарбек Есбергенұлы дес бермей топты бастап барады. Иә, қырық жылғы тәжірибе талайды шаң қаптырары анық.
Дәулет ҚЫРДАН,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
11 қыркүйек 2018 ж. 1 664 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031