ЕҢБЕК ЕТКЕН ҚҰРМЕТ ТӨРІНЕН ТАБЫЛАДЫ
Еліміздің саяси күші ретінде ұлттық идеологияны ілгерілетіп келе жатқан саланың бірі – «Нұр Отан» партиясы. Миллионнан аса мүшесі бар партия мемлекетіміздің гүлдену-көркеюі жолында аянбай еңбек етуде. Бір мүдде, бір мақсатты алға қойған партия өзара тәжірибе алмасуда өзгеге өнеге. Оның айқын дәлелі – жуырда Алматыда «Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Раймбаеваға салтанатты түрде «Қоғам қайраткері» медалін тапсырды.
Б.Сейткәрімқызы 1957 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. №105 орта мектепті бітіріп, 1974 жылы аудандық тұтыну комбинатында кілемші болып еңбек жолын бастаған. 1986-1989 жылдар аралығында Балхаш кен байыту металлургиялық тезникумынан кенші мамандығын алған. 2007 жылдан бастап «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігін құрып, бүгінгі күнге дейін абыройлы қызмет істеп келеді. Осы уақыт аралығында білікті ұйымдастырушы бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 2009 жылы облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытудағы жетістігі үшін облыс әкімінің «Халықтық көркем өнер саласындағы үздік кәсіпкер» аталымы бойынша лауреат атанса, осы жылы аудан әкімінің «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымының өкілі» аталымын жеңіп алды. 2012 жылы облыс әкімінің стипендиаты, «Әлеуметтік инновациялар арқылы қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға» тақырыбындағы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатысқаны үшін Тұңғыш Президен қорының алғыс хатымен, 2013 жылы «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Ең үздік әлеуметтік жоба» аталымы бойынша ІІІ орын, «Парыз-2013» республикалық байқауына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дипломымен, 2014 жылы «Менің елім – менің жеке жауапкершілігім» атты байқауының жеңімпазы, облыстық «Наурыз – көктем» қолөнер шеберлерінің көрме байқауында «Өнерлі өрен» аталымын, «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрме байқауында белсенділік танытқаны үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қолөнер – сырлы өнер» тақырыбындағы қолөнершілердің облыстық көрмесіне қатысып, аймақ басшысының арнайы сертификатымен мадақталған.
– Қазір дамыған қоғамда өмір сүрудеміз. Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамның маятнигі. Көштен қалмай, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге кірістім. Бүгінде қоғамдық бірлестікте 130-дай бала тіркелсе, оның нақты 56-сымен жұмыс істеудемін. Әр бала – талантты. Бала бойындағы дарынын ашып, еңбекке бейімдеу, кесте тігіп, тоқыма тоқыту, сурет салдыру, тағы басқа да өнермен қабілетін ашу – басты мақсатым, – дейді Бақыткүл Раймбаева.
Бірлестік төрайымының марапаты құтты болсын дей отырып, әрі қарай да еңбегіне зор табыс тілейміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы