» » ҚЫЗЫҢЫЗДЫ ҚАЙДАН ҰЗАТЫП ЖҮРСІЗ?

ҚЫЗЫҢЫЗДЫ ҚАЙДАН ҰЗАТЫП ЖҮРСІЗ?

Мұны білмей өстік. Ақиқаттың беті бертін келе ашылды емес пе? Тәуелсіздікке тәубе етеміз осындайда. Сөйтсек, сырты күміс, іші алтын тарихымыздың біз білмейтін тұсы көп екен-ау. Әкемнің әкесі Ақкісі атам 1934 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталғанда отбасының тауқыметі әжеме түсіпті. Еркетотай байдың жалғыз қызы басқа түскен қиындыққа мойымай, түйемен Арал барып, бала-шағасын асырапты. Анам әжемнің тектілігін жыр қып айтатын. Әжемді әкесі Атыраубай бай ұзатқанда жасауымен бірге, қасына өзін кішкентайынан күтіп-баптаған күтушісін қоса еріткен.
Расында да, қызыңызды қайдан ұзатып жүрсіз? Бұл әсіресе, қызын құтты жеріне қондырғандардан гөрі, енді ұзататындардың шарадай басын шақшадай ететін сұрақ сықылды. Қазіргі заманда біреу – тойып секірсе, біреу – тоңып секіріп жүр. Былай дейтініміз – тойдың ата-анаға қандай салмақ түсіретінін жастар бағамдай бермейді. Тойға дейін теңге ұстап жүрген әке-шеше, тойдан соң жұмсарға тиын таппай әлек. Артында қоры жоқ жанұя қарызға кіруге мәжбүр. Мейлі ол мемлекеттен несие алсын, мейлі ағайыннан алсын, қарыздың аты – қарыз. Отбасының жайын ойлап, «Ертең үйленетін едім» немесе «дүниемді қазір қамдайын» деп жүрген бозбала мен бойжеткен некен-саяқ. Алайда, той-қуаныш шығынсыз өтпейді. Дегенмен, осылай екен деп қарызға қаталаудың жөні бар ма? Мұндайда қолайлысы – көрпеге қарай көсілу, – дейді үлкендер. Жарысып той жасау, жарысып дүние, атақ алу – жұқпалы ауруға айналды. Ол халық қазынасына да қол салды. Жалған намыстың жарға жығарын білсек те, солай жасаймыз. Қазақтың жарты ғұмыры тоймен өтеді. Той – тұнған шежіре, тұрған тәрбие. Оның тәрбиелік мәнінің жоғары болуына, мазмұнды өтуіне неге атсалыспаймыз? Оны мақтаншылықтың көзі еткенше, әлі де көміліп жатқан әдет-ғұрпымызды көмбесінен неге аршып алмаймыз? Гауһар тас пен жауһар тастың, қасқыр ішік пен құндыз бөріктің бағасын айтып масайрағанша, сауабы тиетін неге бір іс істемеске. Қарап тұрсақ, қыздар үйден ұзатылуды ескіліктің сарқыншағы санайтындай да, кафе, мейрамхананы заманауи өмір өнегесі деп ұғатындай. Сөздің байыбына бара алған жас мына тілекке құлақ түріп көрсін: «Тіккен отауыңның шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік болсын». Шаңырақ – қазақтың мәртебесі, асқақ абыройы. Мәселен, мемлекеттік Елтаңбамыздың жоғары бөлігінде шаңырақтың бейнеленуі де тегіннен-тегін емес. Ал, тойхана, кафе, мейрамхана дегеніңіз – нағыз жын ойнақтың ортасы. Ол жерде не болмайды? Арақ, шарап ішіледі. Буы алғандар жаға ұстасып, ғайбат сөзге барысады. Ұрыс-керіс болады. Ішімдіктің жақсылыққа жетелегені бар ма? Қайғы-қасіреттің, орны толмас өкініштің ошағы – осы шайтан суда. Мұндай жерді таза деп қалай айтамыз. Лас жерде берілген бата қабыл болады ма? Ақ көйлек киіп, адал жар болуға аттанып бара жатқан арудың ақ жолын арқан тартқан адамдай бүлдіріп жатқан жоқпыз ба? Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман. Осындай ұлт қазынасының асыл мұрасына жаныңыз ашып, жақыннан қарадыңыз ба?
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Зухра ӘУБӘКІРОВА,
ауыл тұрғыны.

– Екі баланың анасымын. Қайынатамның ұйғаруымен немере қызын отбасынан жасаулап ұзаттық. Заманауи үлгіде от шашулап мейрамханадан ұзатуға болар еді. Алайда атамыз: «Қарашаңырақ тұрғанда даладан неге кетеді? Қыз бала – шаңырақтан ұзатылуы керек. Қасиет – табалдырықта. Үйден ұзатқанға ештеңе жетпейді», – деді. Үлкен кісінің айтымын бәріміз құптадық. Көпшіліктің мейрамхана, тойханада той өткізуге құмартуының бір себебі – дастархан мәзірін жасауда. Үйде өткізудің машақатынан қашады. Мұндайда жас келіндер той қызығын көре алмаймыз деп шағынады. Қоғамдық орында той өткізу – дәстүрге қайшы келетіндей. Мүмкін болғанша, қазақы дәстүрмен қолдан ұзатылған дұрыс.
Майра ӘДІБЕКОВА
– Ата-анамды шығынға батырғым келмеді. Шағын ағайын-тума, құда-жекжатпен үйден ұзатылдым. Өзіңнің дүние есігін ашып, бала кезіңде аунап-қунап өскен шаңырақтан ұзатылу сондай ыстық. Көп құрбы жұрттан қалмайын деп әке-шешеге талап қояды. Бес сағаттық тойды тойханада дүрілдетіп өткізіп, артынан жылдар бойы оның қаызын өтеумен басы қатады. Күшеніп іс қылған қуаныштың өтемі ұрыс-керіске тіреп жатады. Бұл жерде мақтаншылық емес, бастысы үлкеннің ақ басын алу ғой. Қазір тұрмыс құрғаныма екі жыл. Ата-енем керемет жандар. Сыйластықта өмір сүрудеміз. Сәбиіміз отбасының қуанышы. Өмірлік жұбым бақытты. Бір-бірімізді қолдап, демейміз. Асылы, қыздың үйден ұзатылғаны жөн әрі үнемді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
31 шілде 2018 ж. 1 762 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031