» » Қаскөйлер қолынан қаза тапқан қазақ спортшылары

Қаскөйлер қолынан қаза тапқан қазақ спортшылары

Қаскөйлер қолынан қаза тапқан қазақ спортшылары
19 шілде... Қаралы күн... Мәнерлеп сырғанаудан әлемдік ареналарда қазақ елінің абыройын асырып жүрген ұл Денис Тен қапияда қаза тапты. Суық хабар тез тарады. Сенбеуге тырыстық... Сенуге тура келді... Жай түскендей... Амал қанша, арда ұл 25 жасында жарық жалғанмен қош айтысты. Қандықол қаскөйлердің қылмысы - қалың қазақтың, әлем спорты жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырды.
Қазақ спортының өткеніне көз салсақ өкінішіміз аз емес. Өкпемізді кімге айтамыз? Ай-күннің аманында абыройымызды асырып жүрген азаматтарымыздан айырылып қалған кезіміз біршама. Қайсыбірін айтайық...
Еске алсақ, елімізде спорт жұлдыздарына жасалған қастандықтар біршама. Қастандық па, әлде кездейсоқ болған қылмыс па, бәрін бірдей ажырату оңай емес. Жұмбақ жағдайда дүниеден озған дүлдүлдеріміз де бір дүрмек. Жақында ғана кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровты нысанаға алып, қару кезінген сәттің видеосы да жұрттың жүрегін ауыртты. Алаш жұрты ұлының амандығын тіледі.
Бір жылдары бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың соққыға жығылғанын көріп, жанымыз ауырған. 2009 жылы ауыр атлет Илья Ильин де Алматыдағы кафелердің бірінде жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді. Спортшы тез айығып, қастандық болғанын растаған жоқ.
Қазақстан ұлттық құрамасында доп тепкен Дмитрий Бяков та 2003 жылы ауыр жарақат алып, бір ажалдан аман қалған. 25 жасқа толған туған күнін тойлаған футболшының мерекелік дастарханы қанға бөкті. Мейрамханада отырған қонақтарымен болған дау-жанжал соңы оқыс оқиғамен аяқталды. Дмитрий жүрек тұсынан жарақат алып (пышақ бірнеше жеріне сұғылған), ауруханаға ауыр халде түсті. Футболдағы мансабын жалғастырмақ түгіл, аман қалуы екіталай еді. Тәжірибелі дәрігерлер спортшының өмірін сақтап қалды, тіпті футболмен шұғылдануына да жол ашты. Жасыл алаңға екі жарым жылдан кейін оралды. Бұл аралықта одан жақын достары мен жан жары да теріс айналып үлгерген еді...
Дмитрий Бяков жарақатынан жазылғаннан кейін де жоғары ойын өрнегімен көзге түсті. Әсіресе жанкүйерлер 2007 жылы Алматыда өткен Португалияға қарсы ойында соққан голын ұмыта қоймаған болар.
Бұл кей қазақ спортшыларына төнген қауіптің бірсыпырасы ғана. Денистің қазасынан кейін белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев спорт жұлдыздарына жасалған қастандықтар жайлы жанайқайын жазды.
 - Осы ұры-қарылардың спорт жұлдыздарында нелері бар екен, ә?! Қаншама спортшымыз қанды қол қарақшылардың қолдарынан қаза тапты. Өкініштісі, бәрі де жұмбақ күйінде қала берді. Мұстафа Өзтүрік, Әбдісалан Нұрмаханов, Ермек Серіков (жас боксшы) сынды саңлақтар да белгісіз қаныпезерлердің қолдарынан қайтыс болған жоқ па еді? Бекзат Саттархановтың да мезгілсіз қазасы да шешуі табылмаған жұмбақтай... Тағы кім бар (өздеріңіз қоса жатарсыздар), тұрлаусыз мынау фәниден озған?! Ал соққыға жығылып, оның анық-қанығы ашылмай жүргендері қаншама?! Марқұм Әбілсейіт Айханов ағамыз да қапелімде соққыға жығылғанын айтып еді. Ермахан мен Илья да осындай келеңсіздікті бастарынан өткізген жоқ па еді?! Дзюдошы Ислам Бозбаевты да аяғынан атып кетіп еді ғой (Содан кейін көсіле сілтей алмай қойды)...
Қазақ спортындағы осы бір "тылсым дүние" қашан тиылады?! Қанды қол қарақшылар табылмай, өмір жалғаса бере ме? Неге қанышерлер ұсталып, тиісті жазасын алмайды... - деп жазды facebook желісіндегі жазбасында.
Қандықол қаскөйлердің қолынан жарақат алған, періштесі қағып аман қалған спортшыларымыз жайлы аз-кем айттық. Ал қаза болғандары ше? Қапияда бұл дүниеден озған боздақтарын жоқтап, боздап елі қалды. Қазақ спорты көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткендері қаншама?...
Қазақ боксының қара нары – Әбдісалан Нұрмаханов болса, атасы – Шоқыр Бөлтекұлы. Әлемді мойындатқан Әбдісалан Шоқыр негізін қалаған мектептің түлегі, ізбасары еді. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1966), Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы (1957 – 1967), КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1957, 1962 ж.ж.), КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері (1959, 1967), Азия-Африка ойындарының жеңімпазы (1963) болды. Осыншама жетістікке жетіп, қазақ елін танытқан тұлға кісі қолынан қаза табады деп кім ойлаған?!...
2002 жылдың 14 маусымында Алматыда даңқты боксшы, білікті бапкер мәңгілік сапарға аттанды. Қандықол қарақшы Әбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ жаудырған.
1998 жылдың сәуір айында қазақтың біртуар ұлы Бексейіт Түлкиев көз жұмды. Қандықол қаскөй таеквондодан 6 дан иегеріне көлігін тұраққа қойып жатқанда пышақ сұққан. Спортшы жантәсілім етті, артында жылаған жұрты қалды. Ал қылмыскер ұсталмай кетті.
Мұстафа Өзтүріктің ізбасары саналған тұлғаның тағдыр жолы шорт қиылды. Бексейіт жалғыз таеквондо ғана емес, жекпе-жек түрлерінің бірнешеуін еркін меңгерген жан еді. Бүгінде спортшы атында түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Таеквондо спортының елімізде дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Бексейіт Түлкиев спортшы ғана болған жоқ, танымал суретші де. Кескіндеме өнерінің шебері 89 тарихи тұлғаның басын қосып әйгілі "Ұлы көш" картинасын салды. Бұл сурет Алматыдағы Президент резиденциясында сақтаулы тұр. Сондай-ақ "3амандастар", "Əке", "Ата-баба жері", "Суретшінің түсі", "Əже", "Əкені майданға шығарып салу", "Түсіру алаңы" секілді кескіндемелік туындылары да көпшілікке танымал.
Самбо күресінен әлем чемпионы атанған Асқар Шайхиев 2000 жылдың мамыр айында кісі қолынан қаза тапты. Үйіне жақындап қалған азаматқа белгісіз біреулер оқ атқан. Төрт оқ та тиіп, спортшы жантәсілім етті.
Асқар әлем чемпионы ғана емес, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері, Әлем кубогының иегері болды. Көптеген халықаралық турнирлерде топ жарды. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушы, Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының атқарушы директоры болып қызмет атқарды. Сайыпқыран самбошының ұстаз ретінде шәкірттеріне бергенінен берері көп еді. Амал не, сұм ажал ол күнге жеткізбеді. Бір өкініштісі, Асқардың жаттықтырушысы болған Батыр Қуанышев те Асқардан кейін көп ұзамай қаскөйлер қолынан қаза тапты.
Бүгінде Батыс Қазақстанда самбодан Асқар Шайхиевті еске алуға арналған облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Қазақстандық танымал кикбоксшы аса ауыр салмақта әлем жəне Азия чемпионы атанған Асқар Коханов та қапияда қаза болды. Land Cruiser Prado автокөлігімен бағдаршамға тоқтаған Асқар Қохановқа қара түсті ВМW көлігімен келген жендеттер оқ жаудырған. Спортшы ауруханаға жеткізілгенмен, дәрігерлер аман алып қала алмады.
Асқар Қоханов кикбокстың Қазақстанда дамуына үлес қосқан тұлғалардың бірі еді. 45 жасында жарық жалғанмен қоштасты.
Бокстан КСРО жəне Азия чем пионы, Атланта Олимпиадасына қатысушы Бектас Әбубәкіров те қандықол қарақшылар қолынан қаза тапқан спортшылардың бірі. Қанды оқиға 2001 жылдың ақпан айында Қарағанды қаласындағы Офсайд дәмханасында болған. Достарымен демалып отырғанын күткен қаскөйлер дәмханадағы адамдарды шығарып, Бексейіт отырған үстелге  «Калашников» автоматымен оқ жаудырған. Спортшы мен достары оқиға орнында қаза тапты. Боксшы 29 жаста ғана еді.Ермек Серіков
Ермек Серіков ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алған ең жас боксшылардың бірі болды. Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы атанып, 2005 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленді. Талантты боксшының қарымын байқаған жаттықтырушылар Ермекті 2009 жылы Миланда өтетін әлем біріншілігіне апармақ ниетте болған. Алайда 2009 жылдың тамыз айында ол қандықол қарақшының қолынан қаза тапты.Ермек Серіков жастайынан-ақ қатарластарының алды болған. Шаршы алаңның шаңын қаптырып жүрген жас боксшы қарсыластарының көбін уақытынан бұрын нокаутпен ұтып жүрген. "Қазақтың Тайсоны" деген лақап атқа ие болған талантты боксшыны кәсіпқой боксқа ауысқан Геннадий Головкин бірге жаттығып, тәжірибе жинауға шақырған. Болашақ әлем чемпионымен өткізген бір айында Ермек көп нәрсені үйреніп қайтады. Тіпті Геннадий Головкиннің промоутерлері жас талантты жібергісі келмей, кәсіпқой боксқа ауысуын да қалаған. Бірақ Ермектің алдымен Геннадий Головкин секілді әлем немесе Олимпиада ойындарының тұғырында көріну туралы арманы болған екен...
Ермек Серіков 2009 жылы, небәрі 20 жасында дүниеден озды. Жасындай жарқ еткен қазақ боксшының жарық жұлдызы ерте сөнді. Туған қаласы Шахтинсктегі мейрамханалардың бірінде басталған дау-дамайды жастар қала сыртында шешуге ұйғарады. Белгіленген жерге еш алаңсыз жеткен спортшыға белгісіз біреу оқ атқан. Ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан боксшыны дәрігерлер аман алып қала алмаған. Ал боксшыны бақилыққа аттандырған қандықол қарақшы екі жарым жылдай уақыт өткеннен кейін Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Ол кінәсін толықтай мойындамағанымен, 7,5 жылға бас бостандығынан айырылады. 2013 жылдың қаңтар айында Владимир Щепин түрмеде жүрек талмасынан қайтыс болған.
Шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Ермек Серіков спорттық мансабында 150-ге жуық кездесу өткізген екен. Жеті рет қарсыласымен тең жұдырықтасқан.
Қаскөйлер қолынан қаза тапқан спортшылар аз емес. Допты хоккейден КСРО-ның 19 дүркін чемпионы Марат Жексенбаевқа (1996 ж) да қылмыскерлер өзінің пәтерінде 20 жерінен пышақ салып өлтірген. Ауыр салмақ дәрежесі бойынша кикбоксингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ерхан Садықовтың (1995 ж) мәйіті де өзінің жеке көлігінен табылды.
Иә, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңнің өзінде қылмыскерлер қолынан қаза тапқан спорт саңлақтары біршама. Біз танылып, әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асырып үлгергендері жайлы жаздық. Тіпті кейбірінен нағыз шеберлігі мен тәжірибесі толысқан кезінде көз жазып қалдық. Енді бірінен ағалық ақылын айтып, шәкірт тәрбиелер шағында айырылдық. Амал қанша? Бақұл болыңдар, боздақтарым!
25 шілде 2018 ж. 1 385 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 226

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 332

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930