«ЖАНАРСЫЗ-АҚ ӨМІР ЖАЛҒАСАДЫ»
Бүгін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Руханият» орталығында Халықаралық зағиптар күніне орай «Жанарсыз-ақ өмір жалғасады» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып:
-Қоғамның басты байлығы – адам. Әрбір азаматтың құқығы мен мүддесін қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бүгінгі маңызды басқосуда өздеріңізбен жүздесіп, пікір алмасып отырғаныма шын жүректен қуаныштымын! Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет және облыс әкімінің қолдауымен әрбір тұрғынның қоғамдық өмірге белсене араласуына, өз қабілеті мен мүмкіндігін жүзеге асырылуы үшін жағдай жасауға ерекше мән беріліп келеді. Осы бағыт бойынша киелі ауданымызда да халыққа әлеуметтік қолдау көрсету, қолайлы орта қалыптастыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады,- деді. Сондай-ақ өмірлік тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген жандарға шынайы алғысын білдірді.
Кездесу барысында аудан әкімінің арнайы «Алғыс хаты» да табысталды.
Мұнан соң аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Кенжеғұлов сөз сөйлесе, Қармақшы аудандық зағиптар қоғамының өкілі Асан Бисенбаев бірлестік атынан азаматтарға марапат берді.
Іс-шараның көркін аудан өнерпаздарының орындауындағы жыр мен күйлер аша түсіп, көрермендердің ықыласына бөленді.
Кездесу соңында аудандық зағиптар қоғамының мүшесі Қуандық Бекбаев ақсақал ақ батасын беріп, жиынға қатысушыларға ізгі тілегін арнады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі















