ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі тілдің ұлт өміріндегі орнын айқын көрсетеді. Тіл – адамдардың өзара қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлттың тарихы, дүниетанымы мен мәдениеті, ұлттық болмысын сақтайтын рухани күш. Сондықтан тілдің қоғамдағы орнына қарап, сол қоғамның ұлттық санасы мен даму бағытын көруге болады.
Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде Конституцияда бекітілгеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде мемлекеттік тілді дамыту бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Қазақ тілінде білім алатындардың қатары артты, ақпарат құралдары мен цифрлық кеңістіктегі қазақша контент көбейді, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Соған қарамастан, қазақ тілін білу мен оны күнделікті өмірде тұрақты қолдану неге әлі де бір ұғымға айналмай отыр?
Қазақ тілінің отбасындағы орны, жастардың сөйлеу ортасы, әлеуметтік желідегі контент, қызмет көрсету саласы, білім мен ғылым, бизнес және қала мәдениеті – мұның барлығы тілдің нақты өмірдегі қолданысына әсер етеді. Сондықтан мәселені тек «халық неге қазақша сөйлемейді?» деген сұрақпен түсіндіру жеткіліксіз. Қазақ тілінде сөйлеуге қоғамда қаншалықты мүмкіндік бар, оны қолдану адам үшін қаншалықты табиғи әрі қажетті жағдайға айналды және тілдің дамуына бүгін не жетіспейді? Мәселенің негізгі өзегі де – осында.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында да осы айырмашылық көрініс тапқан. 2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан жоғары тұрғындардың 80 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген, алайда олардың 49,2 пайызы ғана қазақ тілін күнделікті өмірде қолданатынын көрсеткен. Тұжырымдамада 2029 жылға қарай күнделікті өмірде мемлекеттік тілді қолданатын тұрғындардың үлесін 56 пайызға жеткізу мақсаты қойылған.
Тілді білу мен тілді қолдану – екі бөлек
Қазақ тілінің қазіргі жағдайын талқылағанда ең алдымен осы айырмашылыққа назар аудару керек. Адамның қазақ тілін түсінуі немесе белгілі бір деңгейде сөйлеуі оның күнделікті өмірде сол тілді негізгі қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланатынын білдірмейді.
Мысалы, адам қазақ мектебінде оқып, қазақ тілін жақсы меңгеруі мүмкін. Бірақ достарымен басқа тілде сөйлесіп, әлеуметтік желідегі контентті басқа тілде тұтынып, қызмет көрсету орындарында басқа тілге ауысып, кәсіби ортада тағы бір тілде жұмыс істеуі ықтимал.
Демек, тілдің болашағын тек «қазақ тілін қанша адам біледі?» деген көрсеткішпен өлшеу жеткіліксіз. «Қазақ тілін қанша адам нақты өмірінде пайдаланады?» деген сұрақ әлдеқайда маңызды.
Бұл жерде отбасының ықпалы ерекше. Баланың алғашқы тілдік ортасы – отбасы. Егер үйде қазақша сөйлескен бала мектепте, достарымен, көшеде және интернетте басқа тілдік ортаға көбірек тап болса, оның тілдік әдеті де соған бейімделеді. Сондықтан тіл саясатын тек мектеппен шектеу жеткіліксіз. Мектеп қазақ тілін үйретуі мүмкін, бірақ қоғам сол тілді қолдануға мүмкіндік бермесе, табиғи тілдік орта толық қалыптаспайды.
Осы тұста әлеуметтік лингвистиканың маңызы артады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тілдің қоғамдағы қолданысын, тілдік ортаны және тілдік жоспарлау мәселелерін зерттеп келеді. Бұл бағытта Нұргелді Уәли, Анар Фазылжанова және басқа да ғалымдардың еңбектері бар.
Профессор Нұргелді Уәли тіл мәдениетін сөзді дұрыс қолданумен ғана шектемей, ойды анық жеткізу, сөзді дәл таңдау және сөйлеу мәдениетімен байланыстырады. Бұл тілдің өміршеңдігі оның грамматикалық жүйесімен қатар, оны қолданатын ортаның тілдік мәдениетіне де тәуелді екенін көрсетеді. Яғни қазақ тілін дамыту дегеніміз – тек жаңа сөз енгізу немесе ереже жасау емес. Тілді өмірдің табиғи қажеттілігіне айналдыру.
Тәуелсіздікке отыз жылдан асса да, мәселе неге өзекті?
Бұл сұрақты айналып өтуге болмайды.
Кеңестік кезеңде қазақ тілі қоғамдық өмірдің көптеген маңызды саласында шектеулі қолданылды. Ресми іс жүргізу, ғылым, өндіріс, қаладағы кәсіби орта сияқты бағыттарда орыс тілі басым болды. Соның салдарынан қазақ тілінің бірқатар кәсіби және ғылыми салалардағы табиғи қолданыс тәжірибесі әлсіреді. Өткеннің әсері бар, бірақ бүгінгі тілдік ортаны қалыптастырып отырған факторлардың басым бөлігі – қазіргі қоғамның өзінде.
Егер қазақ тілінде қызмет көрсету сапалы болмаса, қазақша ғылыми әдебиет жеткіліксіз болса, бизнес қазақ тілін тұтынушы тілі ретінде толық қабылдамаса, интернетте сапалы әрі заманауи контент аз болса, онда тілдің қоғамдық қажеттілігі де шектеледі.
Мұны мемлекеттік тілдің «аударма тілі» болып қалу мәселесінен де көруге болады. Қазақстанның тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында қазақ тілінің аударма функциясының басымдығы оның қоғам тарапынан қажеттілігін төмендетуі мүмкін екені көрсетілген. Яғни қазақ тілінде бастапқы мазмұн өндірудің орнына дайын ақпаратты қазақшаға аудару басым болса, тілдің толыққанды кәсіби және ғылыми тіл ретінде дамуы баяулайды.
Социолингвист, филология ғылымдарының докторы Бақытжан Хасанұлы да қазақ тілін дамыту мәселесін тек тіл мамандарының міндеті ретінде қарастыруға болмайтынын айтқан. Ғалым тіл мәселесін зерттеуде социолингвист, психолингвист, экономист секілді әртүрлі мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін атап көрсеткен.
Бұл пікір тіл мәселесінің тек филологияға қатысты емес екенін аңғартады. Қазақ тілінің дамуы экономика, білім, технология, бизнес, медиа және күнделікті қарым-қатынаспен тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту тек «қазақша сөйлейік» деген үндеумен шектелмеуі керек. Тілдің қоғамдық мәртебесі заңмен бекітіледі, ал оның нақты беделі күнделікті өмірдегі қажеттілігі арқылы қалыптасады.
Қазақ тілін қалай дамытуымыз керек?
Ең алдымен қазақ тілін міндеттен мүмкіндікке айналдыру қажет.
Адам қазақ тілін мемлекеттік тіл болғаны үшін ғана емес, сол тіл арқылы білім алуға, жұмыс істеуге, ақпарат алуға, кәсіп жүргізуге және өзін дамытуға болатындықтан қолданатын жағдай қалыптасуы керек.
Бұл үшін қазақ тіліндегі контенттің санынан бұрын сапасына назар аудару маңызды. Әлеуметтік желіде қазақша жазбалар көп болуы мүмкін. Бірақ ғылым, технология, экономика, медицина, қаржы, IT, құқық және басқа кәсіби салалар бойынша сапалы әрі түсінікті қазақша ақпарат жеткіліксіз болса, тілдің қолданылу аясы тар болып қала береді.
Қазіргі жастардың тілдік ортасына әлеуметтік желінің ықпалы да ерекше. Қазақтілді жастардың интернеттегі коммуникациясында код ауысу, жаңа сөздер, эмодзи және басқа да цифрлық тілдік құралдар кеңінен қолданылып келеді. Мұны бірден «тіл бұзылып барады» деп қабылдаудың қажеті жоқ. Керісінше, жаңа ортада қазақ тілінің қалай өзгеріп, қалай бейімделіп жатқанын зерттеу маңызды. Жастар қолданатын тіл мен әдеби тілдің арасында алшақтық байқалса, оны тек сынау емес, оның себебін түсіну қажет.
Қазақ тілін білім мен ғылымның толыққанды тіліне айналдыру да маңызды. Студент қазақ тілінде сапалы оқулық, ғылыми мақала, дәріс және терминологиялық база таба алса, оның кәсіби тіл ретінде қалыптасуына мүмкіндік көбейеді.
Қызмет көрсету саласында да қазақ тілінің табиғи қолданысы кеңеюі керек. Дүкен, кафе, банк, медицина, көлік, мемлекеттік қызмет секілді күнделікті өмірдің негізгі орындарында қазақ тілінде сапалы қызмет алу қалыпты жағдайға айналуы тиіс.
Қазақ тілін бизнес пен технологияның тіліне айналдыру да уақыт талабы. Қазіргі жас қазақ тілінде қосымша, сайт, бағдарлама, онлайн курс, кәсіби сервис және кәсіпкерлік құралдарын пайдалана алуы керек. Ал мұның барлығы отбасындағы тілдік ортамен сабақтас. Мемлекеттік бағдарлама мен мектеп қанша жұмыс істегенімен, үйдегі тілдік орта қалыптаспаса, нәтиже толық болмайды. Сондықтан қазақ тілін қолданатын адамға үнемі «дұрыс сөйле» деп талап қоюмен қатар, дұрыс әрі сапалы қазақша сөйлеуге мүмкіндік беретін ортаны қалыптастыру қажет.
Қазақ тілін дамыту үшін басқа тілдерден бас тарту міндетті шарт емес. Қазақстанның көптілді қоғамында бірнеше тіл білу – артықшылық. Бірақ көптілділік мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетпеуі керек. Қазақ тілінің болашағы оның қанша заңда жазылғанымен ғана емес, адамдардың оны күнделікті өмірде қаншалықты қажет ететінімен анықталады.
Түйін Қазақ тілінің мәселесі – тәуелсіздік алғаннан бері шешілмей келе жатқан бір ғана түйін емес. Бұл – тарихи себептері, әлеуметтік ортасы, білім жүйесі, экономикасы, медиасы және қазіргі цифрлық кеңістігі бар күрделі құбылыс.
Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің жағдайы айтарлықтай өзгерді. Қазақ мектептерінің үлесі артты, қазақша контент көбейді, мемлекеттік тілдің қоғамдық беделі нығайды. Бірақ тілдің шынайы күші оның мәртебесінде ғана емес, күнделікті қажеттілігінде. Қазақ тілінде сөйлейтін адам өз тілінде сапалы білім алып, жұмыс істеп, кәсіп жүргізіп, ғылыми ақпарат тауып, технология пайдаланып, мәдениет пен медианы тұтына алатын кезде ғана тіл толыққанды қоғамдық тілге айналады.
Сондықтан ендігі міндет – қазақ тілін тек қорғау емес, дамыту, өндіру және пайдалану туралы ойлау. Қазақша сөйлеуді сәнге айналдырудың да, тек міндет ретінде қабылдатудың да қажеті жоқ. Оны адамның білім алатын, жұмыс істейтін, кәсіп жүргізетін және өзін дамытатын табиғи тіліне айналдырған жөн.
Тілдің болашағын бір ғана мемлекеттік бағдарлама немесе бір буын шешпейді. Тілдің болашағын оны күн сайын қолданатын қоғам қалыптастырады. Ал осы жерде әрқайсысымызға ой салатын бір сұрақ бар: егер қазақ тілін өз елімізде күнделікті өмірдің табиғи тіліне айналдыра алмасақ, оны болашақ ұрпақтан талап етуге қаншалықты құқылымыз?
Бауыржан ЖҮНІС
















