ӨНЕГЕЛІ ӨМІР, ӨШПЕС ІЗ
Ұстазға құрмет – ұлтқа құрмет. Қазақ халқы қашанда ұстазды ұлықтап, тәлім берген жанды төрге оздырған. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» деген даналық сөздерде үлкен мән бар. Өйткені ұстаздың еңбегі бір күнмен, бір жылмен өлшенбейді. Оның шынайы жемісі тәрбиелеген шәкіртінің адамдық болмысы, елге сіңірген еңбегі мен өмірлік ұстанымынан көрінеді. Осындай тағылымды ғұмыр кешіп, артында өшпес із қалдырған тұлғаның бірі – Қауынбек Бәйенов.
Ел ағасының есімі туған жерінің тарихымен, ауыл мектебінің шежіресімен, талай шәкірттің жүрегіндегі жылы естелікпен сабақтасып жатыр. Оның өмір жолы – қиындыққа мойымаған қайсарлықтың, білімге деген құштарлықтың, ұстаздыққа адалдықтың және туған ауылын өркендетуге ұмтылған азаматтықтың үлгісі.
Қ.Бәйенов 1926 жылы Жданов ауылында дүниеге келген. Әкесі Бәйен мен анасы Тахан өмірден ерте озып, бала кезден өмірдің ауыр сынағына тап болды. Ашаршылықпен тұспа-тұс келген кезеңде отбасындағы бес баланың үшеуі – апалары Түйме мен Моншақ және інісі Қауынбек Жосалыдағы балалар үйіне (ол кезде жетімхана деп аталатын) орналастырылады. Үлкен апасы Теңге ерте тұрмысқа шығып, кіші сіңілісі Маржанды өз қолына алады. Алайда қазақтың «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген ұстанымын берік ұстанған ағайын-туыстары әулеттің ұрпағын сақтап қалуға күш салады. Әкесінің немере інісі Рай Мыңжасарұлы Қауынбекті балалар үйінен алып, өз қамқорлығына алады. Қиын кезеңде жетімін жатқа бермей, бауырына басқан ағайынның қамқорлығы жас Қауынбектің өмір жолында маңызды орынға ие.
Рай ағасының тәрбиесі мен бағыт-бағдары, үлкен апасы Теңгенің және туыстарының қамқорлығы оның азамат болып қалыптасуына ықпал етті. Бойындағы білімге құштарлықты байқаған ағасы мектепті аяқтаған соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсуіне қолдау көрсетеді. Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, болашақ өмірін жас ұрпақ тәрбиесімен байланыстырады. Өмірдің талай қиындығын көрген жанның білімге ұмтылып, елге қызмет етуді таңдауы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Бұл – адамды биікке көтеретін нәрсе тек жағдайдың қолайлылығы емес, мақсатқа адалдық пен жігер екенін дәлелдейтін өмір жолы.
Қауынбек Бәйеновтің өмірдерегіне көз жүгірте отырып, оның еңбек жолын бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, туған жерге қызметі болса, екіншіден, ұстаздық-ағартушылық бағыт. Ал үшіншіден басшылықұйымдастырушылық міндеті. Туған жерге деген сүйіспеншілік сөзбен ғана емес, нақты іспен өлшенеді. Ағамыздың өмір жолына көз жүгіртсек, оның туған ауылына қызмет етуді азаматтық борышы санағанын аңғарамыз.
1953-1955 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери міндетін атқарып келген соң №6 ауылдағы «Бозарқаш» жетіжылдық мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Бұл кезеңде ол білім беру ісіне басшылық жасап, ауыл баласының сауатын ашу мен тәрбиесіне жауапты болды. Ал 1961-1967 жылдары Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, туған ауылының көркеюіне, әлеуметтіктұрмыстық жағдайының жақсаруына үлес қосты. 1964-1965 жылдары жаңадан құрылған Қуаңдария кеңшарында алғашқы партия ұйымының хатшысы болып, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жұмыстарға араласты. Аталған қызметтердің барлығы Қауынбек Бәйеновтің тек білім саласымен қатар елдің қоғамдық өміріне белсене араласқан азамат болғанын көрсетеді. Ол ауылдың дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарға атсалысып, туған жерінің болашағына айтырлықтай үлес қосты.
Адамның туған жеріне сіңірген еңбегі әрдайым биік мінберден көріне бермеуі мүмкін. Кейде ол ауылдағы бір мектептің қалыптасуынан, ел ішіндегі ынтымақтың нығаюынан, балалардың білім алуына жасалған жағдайдан байқалады. Қауынбек ағайдың өмірі де осындай нақты істерімен құнды. Туған ауылын түлетуге үлес қосқан азаматтың өнегесі бүгінгі ұрпаққа да ой салады. Ауылыңды сүю – оның тарихын құрметтеу, игілігіне қызмет ету, тұрғындарының өміріне пайдаңды тигізу. Елдің өркендеуі осындай жанашыр адамдардың еңбегі арқылы жүзеге асады.
1966 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Ағайдың тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі салада еңбек етіп, зейнет жасына жетіп отыр. Ұстаздық жолды таңдап, ізін жалғастырған Алтынкүл Диханбаева – бастауыш сынып мұғалімі, Лаура Багатова – музыка мектебінде домбыра, қобыз аспабында ойнайтын шәкірт дайындаған білікті маман.
Қауынбек ағайдың шәкірттері оны пәнін жетік меңгерген, әдебиетті өмірмен байланыстыра түсіндіретін, оқушының қызығушылығын оята білетін ұстаз ретінде еске алады. Шәкірті Гүлжаһан Жұмағалиқызы естелігінде әдебиет сабағын асыға күтіп, мұғалімнің әдеби теңеулерді өмірмен байланыстыра түсіндіруін қызыға тыңдағанын айтады. Бұл – ұстаздың білімді оқушының жүрегіне жеткізе білгенінің белгісі. «1970-1980 жылдары оқушылар егін орағына, мал азығын дайындауға баратын едік. Сынып жетекшіміз жұмысқа алып баратын. Күзде 1 ай уақыттың қалай өткенін білмей қаламыз. Ұстазымыз сондай кеңпейіл де мейірбан жан еді», дейді ұстазының жолын жалғаған шәкірті.
Тағы бір шәкірті Сәду Әлібаев: «Мектеп – адам тағдырын қалыптастыратын киелі шаңырақ. Сол шаңырақтың әрбір сабағында қазақ тілінің құдіретін, әдебиеттің көркемдігін, тілдің байлығын шәкірт санасына сіңіріп, ұлттық болмысын қалыптастыруға зор еңбек еткен ұстазымыз Қауынбек Бәйенов болатын», деп еске алады.
«Ағай бізге 5-сыныптан бастап жетекшілік етті. 10-сыныпты бітіртіп, шығарып салды. Ағайға балық аулап әкелсек және Абатқа деп түрлі-түсті боялған асық берсек, ұстазымыз балаша мәз болып, алғысын жаудыратын», дейді аяулы шәкіртінің бірі Дүйсенбек Шектібаев. Ұстаздың басты қасиеті – өз пәнін үйретумен шектелмей, шәкіртін адам болуға тәрбиелеу. Баланың бойына біліммен бірге ізгілік, адалдық, жауапкершілік, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сияқты қасиетті сіңіру – нағыз педагогтің міндеті. Қауынбек Бәйеновтің шәкірттері туралы естеліктерден оның осы міндетті абыроймен атқарғанын аңғаруға болады. Ұстаздық жолында ол әріптестерінің де еңбегін бағалап, жас мұғалімдерге қолдау көрсетіп отырған. Олардың жетістігін атап, кемшілігін орынды айтып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына көмектескен. Бұл оның ұстаздар ұжымының ынтымағы мен дамуына да мән бергенін аңғартады.
«Жуырда ұстаз Қауынбек Бәйеновтің ұрпақтары мен шәкірттері ағайдың 100 жылдығын еске алып, ас беріп, құран бағыштайды деген хабарды естіп қатты толқыдым. Себебі ағайдың алдынан өткен шәкіртімін әрі әріптес болған ұстазбын, туыстық жағынан жиен келінмін. Шәкірттердің ұстазға деген құрметі қандай десеңші! Ағайдың өткен өмірі көз алдымнан кино лентасындай келе бастады», дейді көңіл толқынысын жасыра алмаған тарих пәнінің мұғалімі, ардагерұстаз Қарлығаш Ермағамбетова.
Ардагер-ұстаз Құрсанкүл Байдүйсенқызы ағай туралы естелікті былайша өрбітеді. «Ағайдың Абат деген баласын ауылдас, әріптестері Ақпатша деп атайтын. Мектепке келген кезімде мен де Ақпатша деп жүрдім. Қауынбек ағай: «Абат, Абат, Ақпатшам», – деп еркелететін еді. Ағаймен әріптес болдық. Бір күні мұғалімдер бөлмесінде отыр едік, ағай кіріп келді. – Әй, балалар, сендер білесіңдер ме, осы шақырып ойнайтын қандай ойын бар? – деп сұрады. Біз бір-бірімізге қарап, білмейтіндігімізді аңғартып, иығымызды көтердік. Сонда ол: Жұмали ағайдың үйінен шығып тұр едім, «Ақ терек, көк терек, бізден сізге кім керек?» деп балалар шуылдасып ойнап жатыр екен. Бұл ойын менің бала күнімде бар еді, әлі қартаймапты», деді. Бәріміз ду күлдік. Шынында, бұл ойынды бәріміз қызыға ойнаушы едік.
Ағайдың бойынан ұстазға тән балажандылық та айқын байқалатын. Ол кісі: – Күләш, айтсаңшы, немерем 1 келі 700 грамм болып туылды. Атын Абай қойдым. Адам бола ма?, – деп әріптесі Күләш Айнабаеваны көшеден тоқтатып алып сұрайтын көрінеді.
– Ағай, жақсы күтім болса, адам болады. Шала туған балалар дарынды келеді, – десе ағай мәз болып: – Ай, Күләш-ау, сен білесің. Себебі сен биологсың ғой,– деп қуанышын жасыра алмайды. Бұл хабарды зайыбы Рыскүлге айтып қуантуға асығып, үйіне жеделдете басып жөнеледі екен.
Бұл естеліктерден біз адам баласының жақсы сөйлеу арқылы бір-біріне қолдау көрсетіп, демеу болу арқылы көңіліне қанат бітіретіндігіне куә боламыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы емес пе?
Ұстаз еңбегінің жанғаны – оның шәкірттері. Олардың жетістігі – ұстаз мерейі. Жерлес ақын Ибрагим Бекмаханұлы:
«Тіл, әдебиет жүйрігі –
Қауынбек ағай есімде.
Өз тұғырын тапты ол,
Ғұмыр-керуен көшінде», – деп жырға қосты.
Ақынның жыр жолдарынан ұстаз тұлғасына деген құрмет сезіледі. Оның есімінің тіл мен әдебиеттің жүйрігі ретінде жырлануы – замандастары мен шәкірттері арасындағы беделінің көрінісі болса керек. Азамат бойындағы қарапайымдылық, турашылдық пен мейірім әріптестерінің жадында сақталған. Ол баламен де, әріптесімен де еркін тіл табысып, өмірдің қызығын бөлісе білетін жан болды.
Ардақты жан 1980 жылы, 54 жасында дүниеден өтті. Жұбайы Рыскүл апа да сол жылы өмірден озды. Артында 4 баласы – 2 ұл, 2 қызы қалды. Үлкен баласы Мырзабектен 2 немере – Қанат пен Абайды көзі көріп, маңдайынан иіскеп кетті. Қазіргі таңда ұлдары о дүниелік болды. Үлкен қызы Алма есеп саласының қызметкері болып жұмыс істеді, бүгінде зейнеткер. Немере сүйіп отырған асыл әже. Кіші қызы Жанар да өсіп-өркендеуде. Әке жолын жалғаған ұлы Абат әдебиет саласының маманы еді, 49 жасында сұм ажал оған да құрығын салды. Жары Жанна балалары Нұрхан мен Сәулені жақсы тәрбиелеп оқытты. Әке жолын жалғаған Нұрхан Астанада «Ақ ниет» мультимедиалық сервистер департаментінің инженері, Мәскеу авиациялық институтының қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушысы. Сәуле – Астанадағы №31 гимназияда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Абаттың жары Жанна – Байқоңыр қаласында емдеу-алдын алу бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер-педиатр. Көп алғысына бөленген ақ халатты абзал жан.
Ұлағат иесінің өткен жолына үңілген сайын бір ақиқат айқындала түседі. Ол адам өмірінің ұзақтығынан гөрі, оның мазмұны маңызды. Елу төрт жылдық өмірінде білім алды, ел басқару ісіне араласты, туған ауылының дамуына үлес қосты, талай шәкірттің жүрегіне жол тапты. Бүгінде оның есімін еске алып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Мұндай тұлғаның тағдыры жас буынға білімге ұмтылуды, туған жерді сүюді, үлкенді құрметтеуді және өз міндетіне адал болуды үйретеді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Ұстаздың да аты оның шәкірттері арқылы, туған жеріне жасаған жақсылығы арқылы, ел жадында сақталған өнегесі арқылы жасайды.
Қауынбек Бәйеновтің өмірі – ауылына қызмет еткен азаматтың, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздың, қиындыққа мойымаған қайсар жанның ғұмырбаяны. Өнегелі жолы туған жерін қадірлейтін, ұстазын ұлықтайтын, елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ үшін әрдайым тағылым мектебі болып қала бермек.
Ұстазын ұлықтаған 1963 жылы туған шәкірттері – қазіргі таңда зейнет жасына жетіп, немере сүйген ата-әжелер. Уақыт алмасып, буын жаңарса да, ұстазға деген сағыныш пен ризашылықтың жоғалмауы ұрпақтар арасындағы жіпсіз байланысты, рухани сабақтастықты аңғартады. Бір кезде мектеп партасында отырған балалардың есейіп, ұстазын құрметпен еске алуы, оның еңбегінің нәтижелі болғандығын дәлелдейді. Ағайдың ұрпақтарымен бірігіп, биылғы 100 жылдығы қарсаңында туған жер төсінде ас беруге ниет етуі – өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге-үлгі. Ұстаздың шырағы шәкіртінің жүрегінде жанады. Туған жеріне адал қызмет еткен азаматтың есімі ел жадында сақталады. Қауынбек Бәйеновтің ғұмырынан қалатын ең үлкен сабақ та – осы.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
















