Құрылтай
» » ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ҒҰМЫРЫ – ҒИБРАТ

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ, ҒҰМЫРЫ – ҒИБРАТ

Қазақ халқы қашанда елдің шежіресін білетін, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін қариясын қадірлеген. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халық даналығының астарында үлкен мән жатыр. Өйткені ақсақал – өткен мен бүгіннің арасын жалғаушы алтын көпір. Осындай ел құрметіне бөленген ардақты жанның бірі – Сыр бойының көрнекті ағартушысы, әйгілі Алдашбай ахун Ерназарұлының немересі Мінуар қажы ақсақал.
Биыл қарияның 80 жасқа толып отырған мерейлі шағы. Бұл бір әулеттің ғана емес, тұтас руханиятқа құрметпен қарайтын жұртшылықтың ортақ қуанышы десек артық емес. Оның тағдыры халқымыздың тағдырымен сабақтас. Ол дүниеге келген кезең қазақ халқы үшін ауыр жылдардың жалғасы болатын. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің зардабы әлі сейілмеген, дін мен дәстүрге қысым күшейген уақыт еді. Сондай күрделі кезеңде өсіп-жетілген Мінуар ақсақал ата-баба жолынан айнымай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсті.
Оның өміріндегі ең үлкен мақтанышының бірі – атақты Алдашбай ахунның ұрпағы болуы. А.Ерназарұлы қазақ даласындағы діни-ағартушылық қызметтің көрнекті өкілдерінің бірі болды. Ол Ораз ахун Бекетайұлынан тәлім алып, кейін білімін тереңдету үшін Бұхарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде 10 жыл оқыды. Сол жерде шығыс әдебиеті мен ғылымын меңгеріп, туған еліне үлкен білім қорымен оралды. Ахунның өмір жолы – білімге деген құштарлықтың жарқын үлгісі. Ол жастайынан ғылым жолын таңдап, қиындыққа мойымай Бұхараға аттанды. Білім алып келген соң бүкіл өмірін елді ағартуға арнады. Мешіттер мен мектептер ашып, халықтың сауатын көтерді. Ел аузындағы деректер бойынша, одан 2 мыңға жуық шәкірт білім алған.
Сол шәкірттердің арасынан қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі тұлғалары шықты. Атап айтқанда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Омар Шораяқұлы, Кете Жүсіп секілді әйгілі ақындар мен жыраулар Алдашбай ахуннан тәлім алды. Сондықтан да оның есімі Сыр өңірінің рухани тарихында алтын әріппен жазылып қалды.
Мінуар ақсақал осындай тұлғаның өнегесін тыңдап өсіп, оның өмір жолын кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан санаулы көзкөргеннің бірі. Ол бала кезінен үлкендердің әңгімесін тыңдап, әулет тарихына терең бойлай білді. Әсіресе, Ораз ахун мен Алдашбай ахун туралы естеліктерді, халық арасында сақталған аңыздарды кейінгі буынға жеткізуде еңбегі ерен. Кеңестік дәуірде дінге қарсы саясат күшейген кезде көптеген адам өз сенімінен бас тартуға мәжбүр болғанын білеміз. Ал Мінуар ақсақал атабаба аманатына адалдық танытты. Намазын қаза қылмай, ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтауға күш салды. Сол үшін түрлі қиындықты да бастан өткерді. Алайда ешқашан өз ұстанымынан айныған емес. Бұл оның мінезінің беріктігін, рухының мықтылығын көрсетсе керекті. Өйткені, имандылық пен адамгершілік жолын сақтау кейде үлкен батылдықты талап етеді. Ал ақсақал осындай қасиеттерімен ел арасында құрметке ие болды. Ол тек әулет шежіресін сақтаушы ғана емес, жастарға кеңес беріп, тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтатын өнегелі қария. Оның әрбір сөзі өмір тәжірибесінен туған. Сондықтан ауыл жастары мен кейінгі буын оның ақылын тыңдап, батасын алуды мәртебе санайды.
Қазақ тарихындағы көптеген рухани тұлғалардың өмірі архив құжаттарында емес, халық жадында сақталған. Сол халық жадындағы асыл мұраның жоғалмай, бүгінге жетуіне Мінуар ағамыз секілді қариялардың үлесі зор. Ол кісінің аузынан естілген әрбір дерек – болашақ зерттеушілер үшін құнды қазына. Бүгінде ардагер үлкен әулеттің ақылманына айналып отыр. Балалары мен немерелері, шөберелері оның өнегесін көріп өсуде. Ұрпағының амандығын, елдің тыныштығын тілеп отырған ақсақалдың ғұмыры кейінгі буынға үлгі боларлықтай тағылымға толы.
Сексен жас – адамның өмір жолындағы үлкен белес. Бұл жасқа жету – Алланың берген нығметі ғана емес, артында өнегелі ісі мен жақсы аты қалған жанға бұйыратын бақ. Мінуар ақсақал дәл осындай құрметке лайық азамат.
Мерейлі сәтіңізде сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақ-береке тілейміз. Сіздей ақсақалдардың ақ батасы мен даналық сөзі елдің ырысы, ұлттың байлығы, халықтың құты. Сол халқыңыздың қадір-құрметіне бөлене беріңіз!
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу институтының
бас директоры
09 шілде 2026 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 436
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 948

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031