Шаттығы жарасқан Шамшатовтар жанұясы
ҚАЗАҚСТАНДА БАЙҚАУДЫҢ САН ТҮРІ ӨТЕДІ. БІРІ – ӘДЕБИЕТ, БІРІ – МӘДЕНИЕТ, ӨНЕР, СПОРТ, ТАҒЫСЫН ТАҒЫ БОЛЫП САНАЙ БЕРСЕК ТІЗБЕКТЕЛІП КЕТЕ БЕРЕДІ. БІРАҚ ОСЫЛАРДЫҢ ІШІНДЕ ӘЛЕУЕТІ ДЕ, МАҢЫЗЫ ДА ЖАҒЫНАН БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАТЫН БІР БАЙҚАУ БАР – ОЛ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ КОНКУРСЫ. БҰЛ БАЙҚАУДЫ ЕРЕКШЕЛЕЙТІН СЕБЕБІМІЗ, ЕЛДІҢ ЕЛ БОЛЫП, МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТ БОЛЫП ҰЙЫСЫП, ҚАЛЫПТАСУЫНДА ӘРБІР ОТБАСЫНЫҢ ҮЛГІ-ӨНЕГЕСІ ОРАСАН ЗОР РӨЛ АТҚАРАДЫ.
Өткен аптада «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен номинанттары анықталып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен байқау қорытындысы жарияланған тағылымды іс-шара өтті. Аймақ көлемінен 100-ден аса отбасы бағын сынаған отбасылық байқауда біздің ауданнан екі бірдей жанұямыз, бірі – «Үлгілі отбасы» номинациясын жеңіп алса, бірі – «Өнегелі отбасы» номинациясы бойынша марапат төрінен көрінді.
Бүгінгі мақаламыз өмірге 10 бала әкеліп, шаттығы жарасып отырған Т.Көмекбаев ауылындағы ардақты ардагерлер – Шамшатовтар жанұясы жайында болмақ. Алдымен отбасының қазыналы қариясы, көпті көрген Серікбай ақсақалдың өмір жолына тоқталып өтейік.
Тыл ардагері Серікбай Шамшатов 1936 жылы Қарақалпақ АССР, Тақтакөпір ауданында дүниеге келген. Елге 1939 жылы ата-анасымен бірге оралып, туған жердің ыстық топырағына маңдай тірейді. Балалық, жастық шағы Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі қайта қалпына келтіру секілді ауыртпалықты қиын кезеңдермен тұспа-тұс келеді. 9-10 жасынан бастап еңбекке араласып, масақ теру, отақ отау жұмыстарына қатысқан. Ол уақыттарда егін шаруашылығын дамыту мақсатында каналдар қазылып, жас балалардың қара жұмысқа жегілгенін тарихтан білеміз. Серікбай көкеміз де осындай жұмыстардан қалыс қалған жоқ. Бірде ауылдағы Сталин каналының суы жығылып кетіп, оған шым арқалап тасығаны әлі күнге көз алдында. Бертін келе зауытта таңертеңнен кешке дейін бел жазбай жұмыс істеп, бейнеттің дәмін татқан. Ауыл шаруашылығы көліктерінің егіс алқабына дайындықтарын жауапкершілікпен атқарып отырған. 1956-1987 жылдар аралығында қазіргі Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев елді мекендерінде темір ұстасы болып, зейнеткерлік демалысына шығады. Биыл Т.Көмекбаев ауылының іргесін қалаған, сондағы ауыл жұртшылығының ауызбіршілігін сақтауға елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Қуаңбай Қаратаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осындай атпал азаматтың әрбір ісіне қолдау білдіріп, ауылдың құрылуына үлесін қосқан жанның бірі Серікбай Шамшатов десек қателеспейміз. Сонау елді мекеннің қазығы қағылған 1964 жылдан бері ағамыздың ауылға сіңірген еңбегі аз емес.
Көкеміз еңбек етіп қана қоймай, Сыр елінің рухани бай қазынасын, оның ішінде жыраулық, ақындық өнерін насихаттап жүрген өнер иесі десек те артық айтқандық болмас. Ол 1990-1995 жылдары ауылдың әуез мектебінде көптеген шәкірттер тәрбиелеп, жыраулық сыныбында ұстаздық етті. 1950-1960 жылдары аудан атынан облыс көлемінде концерттік бағдарламамен іссапарларға шығып, талай мәрте өнер көрсеткен. Биыл жыр жауһары Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 140 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан челенджге де қатысып, жас ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатпен шайырдың өлең-жырларын жатқа оқыды. Сыр елі сүлейлері мен ақын жырауларының жыр-қиссаларын жатқа айтады. Тіпті қазірге дейін отырған, жүрген ортасында ұлттық өнерімізді насихаттап, дәріптеуін тоқтатқан емес.
Ардагердің ұнатпайтын қасиеті – жұмыс жоқ дегенді желеу етіп жастардың сылтау іздеуі. Ол кісінің айтуынша іздеген адамға жұмыс жетерлік. Жермен айналысқанның өзі, қаншама құт-береке. Егін, бау-бақша егіп, мал бақсаң – осының өзі ауылда үлкен жұмыстың көзі. Себебі жасы тоқсанға таяған қарт күні бүгінге дейін ауласын көгертіп, жайқалтып қойған. Бала-шағасы да осыған үйренген.
Тағы бір айта кетерлігі – отбасында ата-бабадан келе жатқан көрік бар екен. Темір ұстасы атадан балаға мирас болып келе жатқан бағалы құндылығын қастерлеп ұстап келеді. Серікбай атамыздың шыққан тегі батыр, ахундардан тарайды. Ол Ақмырза ахунның тікелей ұрпағы болып келеді. Ата-баба шежіресі Бекет, Жолай, Кетебай, Ақмырза болып тарқатылады. Ел басына күн туған 30-зобалаң жылдары Ақмырза ахунның көтерілісін насихаттағаны үшін Жолай ұрпақтары жаппай қудалауға ұшыраған. Олардың көбісі Өзбекстан, Қарақалпақ еліне асқан. Тектілердің есімін ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру масқатында Кетебай би, Өтетілеу би, Пірәлі би және Ақмырза ахун атында көше есімдері берілген. Серікбай ағамыз Ақмырза ахунның туған ағасы Әлібай бидің баласы Шамшаттан шежіре таратады. Өткен жылы Т.Көмекбаев ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай "Бабалар рухына тағзым" атты тақырыпта іс-шара өтіп, алыс, жақыннан баба ұрпақтары бас қосып, ас берген.
Бәріміз білетіндей, қай салада қызмет етсек те, қандай жаста болсақ та, қайда жүрсек те тәрбиенің негізі – имандылықта жатады. Серікбай ақсақал да өмірін имандылықпен, қайырымдылықпен, адамгершілікпен өре білген өнеге иесі. Зейнетке шыққан соң имандылық жолды ұстанып, бес уақыт намазын оқиды. «Әрбір жан баласы – өзін-өзі жетілдіріп, Алланың сөзін бағдаршамы етуі, жалған сөйлемей, жаман әдеттен бойын аулақ ұстауы керек» дейді ол сөз арасын- да. Атамыз бүгінде бір әулеттің ақылшысы ғана емес, сондай-ақ ауылдың үлгі тұтар қадірменді ақсақалы, имандылыққа бастаған батагөй ардагері де. Бір кездері ауыл молдасы ретінде айналасын бірлікке ұйытып, үлкендігін көрсетіп отырған да осы кісі. Жалпы кейіпкеріміз ауыл тұрғындарының бірі-бірімен жылы қарым-қатынасы мен рухани өмірінің жандануына күш салуда. Еңбек ардагері отбасында қамқор әке, жанашыр ата. Зайыбы Базаш Ибраева апамен 1960 жылы шаңырақ көтеріп, екеуі 3 ұл мен 8 қызды дүниеге әкелген. Саналы ұрпағынан 19 немере, 23 шөбере сүйіп отырған жайлары бар. Серікбай ата да, Базаш апа да бүгінде ауылдың сыйлы да құрметті қариялары.
Шырайлы отбасының өсіп-өнген балалары еліміздің гүлденіп-көркеюіне атсалысса, немеренің алды қызметке араласып, ата-әже өнегесін өрге домалатуда. Отбасының үлкен қызы Саракүл зейнет жасында болса, Шарухия мен Мусабек No185 мектепте ұстаздық етеді. Күлшат балабақшада медбике, Әмірхан құрылыс саласының маманы. Политехникалық колледжде директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Марзия мұғалімдік мамандықты таңдаса, Ақсәуле музыкант. Ақмарал жеке кәсіппен айналысуда. Анар мен Әнуар қалада халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің бірінде жетекші маман болып жұмыс істейді.
Үлгілі әулеттен сантүрлі мамандық иелерін табуға болады. Сондай-ақ күйеубалалары мен келіндері де түрлі салада қызмет етіп жүрген білікті жандар. Олардың қатарын кітапханашы, журналист, электр торабы және жеңіл өнеркәсіп саласының қызметкерлері толықтыра түседі. Атамыз бен әжеміздің немерелерінің арасында орта мектепті үздікке бітірген «Алтын белгі» иегерлері де бар. Ұрпақ қуанышы деген сірә да осы болар!
Айтулы байқауға Шамшатовтар отбасының тың дайындықпен келгені байқауға даярлаған отбасылық бейнероликпен қоса басқа да шарттарға сәйкес түсірілген фото- суреттерден байқау қиын емес. Осы ретте отбасы мүшелерінен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысуға идея қалай туындағанын сұрап көрген едік.
– Аудандық кітапханалар жүйесінің директоры, басшымыз Гүлшара Бөгенбайқызы телефон шалып, «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңі өтейін деп жатыр, соған қатысып көрсеңіздер қайтеді. Ата-енең бар, ел сыйлаған ұлағатты кісілер. Байқаудың шартына әулеттеріңіз барлық жағынан сәйкес келіп тұр. Құжат тапсырып, бақ сынап көрсеңіздер қайтеді?» деп ой салғаннан кейін көп кідірмей, бұл идеяны ата-әжемізге, бауырларымызға айтып көрдік. Байқауға қатысуға ешқайсысы қарсы болмады, қайта керісінше қолдай жөнелді. Қарап тұрсам шынымен де неге қатысып көрмеске деп табандылық таныттық, – дейді ауыл кітапханашысы болып қызмет істейтін осы әулеттің келіні Гүлнар Қыпшақбаева ақжарқын жүзбен.
Бірнеше жыл қатарынан өтіп келе жатқан айтулы конкурстың еліміздің руханияты мен өсіп-өркендеуіне берері мол байқау болып отыр. Өйткені барлық жақсылық – отбасындағы мейірім мен сыйластықтан бастау алады.
– Байқауға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Жанұямыз бір серпіліп қалсақ, көптеген жас отбасыларға жақсы жағынан үлгі болғандаймыз да. Байқауға қолдау білдірген барша азаматтарға отбасымның атынан алғысымды білдіремін. Қазақ елінде мерейлі отбасылар көп болсын, – дейді ауылдың қадірменді ақсақалы әрі батагөй қариясы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет)