ҚАЗАҚ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ
«Адам өмірін сақтап қалу – дәрігердің ең үлкен жеңісі» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған көрнекті ғалым, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Камал Сәруарұлы Ормантаевтың есімі қазақ медицинасының тарихында айрықша орын алады. Дәрігер өзінің саналы ғұмырын бала денсаулығын қорғауға, медициналық ғылымды дамытуға және білікті дәрігерлер даярлауға арнады. Ол – Қазақстандағы балалар хирургиясының ғылыми және практикалық негізін қалыптастырған бірегей тұлға. Дәрігер-ғалымның есімі отандық медицинаның даму тарихымен тығыз байланысты. Оның өмір жолы – білімге деген құштарлықтың, тынымсыз еңбектің, адамға деген адалдықтың және елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Камал Сәруарұлы 1936 жылы 11 қыркүйекте Қармақшы ауданының сол кездегі Калинин колхозында дүниеге келді. Әке-шешесінің өзіне дейін дүниеге әкелген 6 баласы бірінен кейін бірі жастай шетінеп, бір Алладан сұрап алған перзентіне деген мейірім-ықыласы ерекше болды. Сыр бойының қарапайым ауылында өскен жас Камалдың бойында бала кезінен білімге деген ерекше ынта қалыптасты. Майдан даласының шебін көріп, елге жарақаттанып оралған әке кеңесі өмірлік мақсат-мұратына жеткізді. Өйткені дәрігерлік оқуға түсуге кеңес берген де сол әкесі еді. Осылайша ол Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, дәрігер болуды мақсат етті. Орысшаға шорқақ болса да өз қатарластарының алды болып, жоғары оқу орнының студенті атанды. Студенттік жылдардан бастап медицина ғылымына қызығушылық танытып, мамандығын терең меңгеруге ұмтылды.
Жас маманның кәсіби жолы балалар хирургиясымен байланысты болды. Бұл – аса жауапты әрі күрделі сала. Өйткені кішкентай науқастың ағзасы мен психологиялық ерекшелігі ересек адамнан өзгеше. Баланың өмірі үшін күресуде дәрігерден жоғары кәсіби біліммен қатар, үлкен жүрек пен ерекше мейірім талап етіледі. Камал Ормантаев осындай қасиеттерді бойына сіңіре білді.
Академиктің есімі, ең алдымен, Қазақстандағы балалар хирургиясының қалыптасуымен байланысты. Ғалым хирургиялық ауруларды емдеудің жаңа әдістерін зерттеп, оларды тәжірибеге енгізуге күш салды. Ол балалардағы күрделі ауруларды хирургиялық жолмен емдеу мәселелеріне ерекше назар аударды.
1971 жылы «Балалардағы созылмалы екіжақты іріңді өкпе ауруларын хирургиялық емдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның ғылыми зерттеулері балалар хирургиясының маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Жоғары білікті балалар хирургі Камал Ормантаев көкірек қуысы, өкпе, өңеш, құрсақ қуысы, бас сүйек пен бүйрек мүшелеріне қатысты жиырма төрт мыңға жуық күрделі ота жасады. Дәрігер өз бақытын да бала денсаулығымен байланыстырады. 2012 жылы берген бір сұхбатында: «Менің байлығым – ота жасап, аман алып қалған 13 мыңнан артық бала» деген еді. Одан кейін жасалған оталардың санын қоссақ, бұл цифрдың әлдеқайда артқандығын көреміз. Хирург үшін ең үлкен марапат – адамның алғысы. Қаншама ата-ананың алғысына бөленіп, ізгі тілегіне шомылған дәрігердің еңбек жолы – көпшілікке үлгі-өнеге.
Камал ағамыз басшылық істе де өз қолтаңбасын қалдырды. Ұзақ жылдар бойы медициналық жоғары оқу орнында балалар хирургиясы кафедрасын басқарып, осы саланың ғылыми мектебін қалыптастырды. Оның еңбегі нәтижесінде елімізде балалар хирургиясының көптеген бағыты дамыды. Соның ішінде жаңа туған нәрестелер хирургиясы, балалар травматологиясы, урологиясы, анестезиология және реанимация салаларының дамуына елеулі үлес қосылды. Дәрігердің қамқорлығында болып, ем алған балалардың арасында кейін елге белгілі азаматтар да болды.
Камал Ормантаевтың кәсіби шеберлігімен қатар, адамгершілік қасиеті де жоғары бағаланғанын айтқанымыз абзал. Ол әр науқастың тағдырына жауапкершілікпен қарап, ата-анасына үміт пен сенім сыйлай білді.
Дәрігердің ғылыми еңбектері балалар хирургиясының теориялық және практикалық мәселелерін қамтыды. Академиктің жүздеген ғылыми мақалалары, монографиялары, оқу құралдары мен әдістемелік еңбектері жарық көрді. Ғалымның зерттеулері медицина ғылымының дамуына ықпал етіп, күнделікті дәрігерлік тәжірибеде қолдануға жол ашты. Оның ғылыми мектебі бүгінгі таңда да өз жалғасын тауып келеді.
Камал Ормантаевтың еңбегін шәкірт тәрбиесінен бөліп қарау мүмкін емес. Ол ұзақ жылдар бойы студенттерге дәріс оқып, жас дәрігерлерге хирургияның қыр-сырын үйретті. Ұстаз шәкірттері Қазақстанның әр өңірінде еңбек етіп, балалар денсаулығын қорғауға өз үлестерін қосып жүр. Шәкірттерін кәсіби баулумен қатар оларға дәрігердің бойында болуы тиіс жауапкершілік, адалдық, сабырлылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді де сіңірді. Сондықтан Камал Ормантаевтың шәкірттері оны өмірлік ұстазы ретінде де құрметтейді.
Танымал тұлғаның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор атанды. Медицина саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Парасат», «Барыс», «Достық» ордендері және басқа да мемлекеттік марапаттармен марапатталды. Бұл марапаттардың әрқайсысы – оның ел медицинасына сіңірген еңбегінің айғағы.
Дәрігер-ғалымның өмір жолына үңілсек, ұлы жетістіктің, жеңістің бір күнде келмейтіндігіне, еңбектің жемісі біліктілік пен табандылықтың нәтижесіне байланысты екендігіне көз жеткіземіз. Оның әрбір ғылыми жаңалығынан, әрбір отасынан ұзақ жылдар бойғы еңбек, ізденіс және жауапкершілік табы сезіледі. Ол медицинаға тек маман ретінде емес, жүрек қалауымен келді. Сол себепті оның қызметі кәсіби міндеттен әлдеқайда биік тұрды. Өмірі жас ұрпаққа білім алудың, мамандықты сүйіп атқарудың және елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетті.
Ардақты азамат 88 жасында дүниеден өтті. Алайда ұлы ғалымның өмірден өтуі – оның есімі мен еңбегінің аяқталғанын білдірмейді. Ұстаз қалдырған шәкірттер, ғалым қалдырған ғылыми мұра, дәрігер сақтап қалған мыңдаған бала өмірі – оның ғибратты ғұмырының жалғасы. Бүгінде жерлесіміздің есімі Қазақстан медицинасының алтын қорында сақтаулы. Оның еңбегі балалар хирургиясының даму тарихымен бірге аталады.
Ол – балалар хирургиясының негізін қалаған ғалым, мыңдаған балаға өмір сыйлаған дәрігер, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз, қазақ медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан академик, тұтас бір медициналық мектептің символына айналған тұлға.
Биыл балалар хирургінің дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ғалымның өмір жолын еске алумен қатар, оның ел медицинасына сіңірген еңбегін жас ұрпаққа насихаттаудың да маңызды кезеңі. Камал Ормантаевтың ғибратты ғұмыры – адамға қызмет етудің, ғылымға адалдықтың және елге деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі болып қала береді.
Лаура БАҚТЫБАЕВА

















