» » ЕГЕМЕНДІККЕ БАСТАҒАН ҰЛЫ ЖОЛ

ЕГЕМЕНДІККЕ БАСТАҒАН ҰЛЫ ЖОЛ

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ел тағдырын айқындаған, ұлттың болашағына бағыт-бағдар берген тарихи кезеңдер аз емес. Солардың ішінде 25 қазан – Республика күні айрықша орын алады. Егемендік туралы Декларация қабылданған бұл күн халқымыздың тәуелсіздікке қарай жасаған алғашқы батыл қадамын, мемлекеттіліктің берік негізін қалаған тарихи шешімді ұлықтап, елдік пен егемендіктің қадірін ұғындырады. Мереке өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістігімізді бағалап, келешекке сеніммен қарауға үндейді.
Әр халықтың тарихында азаттықты аңсаған арман мен сол арманды ақиқатқа айналдырған сәттер болады. Қазақ халқы үшін егемендікке жету жолы талай тарихи сыннан, ауыр кезең мен күрделі өзгерістен өтті. Кең байтақ даланы мекендеген бабаларымыз елдің тұтастығын, жердің бүтіндігін, ұрпақтың амандығын бәрінен биік қойды. «Ел іші – алтын бесік», «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген халық даналығының астарында да елдіктің қадірін терең түсінген ұлттың өмірлік ұстанымы жатыр.
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекет болуына жол ашқан маңызды тарихи қадам еді. Декларацияда республиканың аумақтық тұтастығы, өз билігін дербес жүзеге асыруы, ұлттық мемлекеттілікті нығайтуы секілді іргелі қағидаттар көрініс тапты.
Осылайша, Қазақстанның саяси және құқықтық дербестігін қалыптастыру үдерісіне тың серпін берілді. Сол себепті Республика күні – елдің өз тағдырын өзі айқындауға деген тарихи талпынысының, ұлттық сананың оянуы мен мемлекеттік дербестікке ұмтылыстың белгісі.
Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осылайша, егемендік туралы декларациядан басталған тарихи үдеріс тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келуімен жалғасты. Бұл екі дата бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, олардың тарихи маңызы әртүрлі: 25 қазан – егемендіктің бастауы, ал 16 желтоқсан – мемлекеттік тәуелсіздіктің заң жүзінде жарияланған күні. Тарихи сабақтастықты сақтау – ұлттың өзін-өзі тануының маңызды шарты. Өйткені бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жетістігі кездейсоқ келген игілік емес. Оның негізінде бабалар арманы, ел үшін еңбек еткен қайраткерлердің қажыр-қайраты, халықтың бірлігі мен болашаққа деген сенімі жатыр.
Республика күні 1995 жылы ұлттық мереке ретінде белгіленіп, 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталды. Ал 2022 жылы оған қайтадан ұлттық мереке мәртебесі берілді. Бұл шешімнің мәні – егемендіктің бастауын білдіретін тарихи күннің қоғамдық санадағы орнын жаңғырту, мемлекеттілік құндылықтарын ұлықтау.
Егемендік ұғымының мағынасы кең. Ол мемлекеттің саяси дербестігімен қатар өз тағдырыңды өзің шешу, өз тіліңді құрметтеу, ұлттық мәдениетіңді дамыту, рухани құндылықтарды сақтау және келешек ұрпаққа жарқын болашақ қалдыру мүмкіндігін қамтиды.
Тәуелсіз Қазақстан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналып, өзінің мемлекеттік институттарын қалыптастырды. Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді, ұлттық валютамыз айналымға енгізілді, шекарамыз айқындалып, елдің саясиэкономикалық даму бағыттары белгіленді. Қазақстан әлемдік деңгейде өзіндік орны бар мемлекет ретінде танылды.
Қазақ халқы ежелден ел мен жерді қорғауды, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болуды, ағайынның татулығын сақтауды өмірлік қағида санаған. Осындай ұлттық құндылық бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Қай кезеңде де елдің берекесі – бірлікте, ал болашағы – білімді, еңбекқор әрі отаншыл ұрпақтың қолында. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні осында. Әр адам өз отбасында сыйластық пен жауапкершілікті үйренсе, туған жерін құрметтесе, қоғам игілігіне үлес қосуға ұмтылса, мемлекеттің де іргесі берік болмақ. Отанды сүю нақты іспен дәлелденетін азаматтық ұстаныммен өлшенеді. Туған жердің көркеюіне үлес қосу, айналаға жанашырлық таныту, қоғамдық тәртіпті сақтау, адал еңбек ету – елге қызмет етудің күнделікті көрінісі.
Бүгінгі Қазақстанның дамуына түрлі салада еңбек етіп жүрген миллиондаған азамат өз үлесін қосып келеді. Егін еккен диқан, мал баққан шаруа, ел саулығын күзеткен дәрігер, білім берген ұстаз, жаңа технологияны меңгерген жас маман, құрылысшы, инженер, мәдениет пен өнер өкілдері – барлығы да ел дамуының маңызды бөлшегі. Әсіресе, адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің маңызы зор. Өйткені мемлекет дамуы әр азаматтың өз міндетіне деген көзқарасынан басталады. Өз жұмысын сапалы орындаған адам, білімін үздіксіз жетілдірген маман, қоғамға пайдасын тигізуге талпынған жас – ел болашағына қызмет етіп жүрген азамат.
Республика күні қарсаңында әр азамат өзіне: «Мен елімнің дамуына қандай үлес қосып жүрмін? Туған жерімнің өркендеуіне не қоса аламын? Келешек ұрпаққа қандай қоғам қалдырамын?» деген сауалды қоюы орынды. Бұл сұрақтарға жауап іздеу ел алдындағы жауапкершілікті сезінудің белгісін білдіреді.
Кез келген мемлекеттің болашағы оның жас ұрпағына байланысты. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ғалым, ұстаз, дәрігер, инженер, кәсіпкер, қоғам қайраткері. Сондықтан сапалы білім беру, ұлттық тәрбиеге мән беру, жастардың қабілеті мен шығармашылығын дамыту елдің стратегиялық міндетіне жатады. Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі жаңа талаптармен бетпебет келіп отыр. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ақпараттық сауаттылық, сыни ойлау мен шығармашылық қабілет білімді ұрпақ қалыптастыруда маңызды орынға ие. Бірақ технология қаншалықты дамыса да, адамгершілік, жауапкершілік, адалдық пен ұлттық тәрбие өз маңызын жоғалтпайды.
Отаншылдық құр ұранмен шектелмеуі керек. Ол – өз елінің тарихын білу, мемлекеттік тілді құрметтеу, заңды сақтау, өзгенің құқығын сыйлау, қоғамдық мүлікке жанашырлық таныту және адал білім алуға ұмтылу. Осындай нақты әрекеттер арқылы жас ұрпақ ел болашағына жауапкершілікпен қарауды үйренеді.
Елімізде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Қоғамдағы келісім, өзара құрмет пен татулық елдің тұрақты дамуы үшін маңызды. Түрлі мәдениетті тоғыстырып, ортақ азаматтық құндылықты дәріптеу, бір-біріне қолдау көрсету берекелі қоғамның белгілері болмақ. Татулық дегеніміз – әртүрлі пікір жағдайында да өзара құрмет пен келісімді сақтай білу. Осындай мәдениет қалыптасқан қоғамда сенім нығайып, ортақ мақсатқа жету мүмкіндігі артады.
Егемендік бізге өз жолымызды таңдауға мүмкіндік берсе, сол жолдағы табысымызды еңбек, білім, бірлік пен жауапкершілік айқындайды. Сондықтан Республика күнін жеткен жетістігімізді мақтан етумен қатар, алдағы міндетті де саралайтын уақыт деп түсінгеніміз абзал. Бұл мереке Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы маңызды белесті айқындайды. Мереке күні мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіліп, ел тарихы мен табысына арналған мәдени, білім беру және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Адамдар туған елінің болашағы туралы ой бөлісіп, қоғамға пайдалы іске бастамашы болады. Мерекенің шынайы мағынасы сыртқы салтанаттан әлдеқайда терең. Ол – тәуелсіздіктің қадірін түсіну, қоғам алдындағы міндетті сезіну. Республика күні әрбір азаматқа өз елінің тарихына бей-жай қарамауды, мемлекеттің дамуына үлес қосуды еске салады.
Егемендік – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын аманат. Оны сақтау үшін елдің тарихын білу, ұлттық құндылықты құрметтеу, білім мен ғылымды дамыту, әділдік пен адалдықты ұстану қажет. Бірлікті бағалап, бейбітшілікті сақтау да осы аманаттың маңызды бөлігі. Тарихымызға тағзым ету – өткеннің өнегесін түсіну.
Республика күні құтты болсын. Егемен елдің еңсесі биік, ертеңі жарқын болғай!
Лаура БАҚТЫБАЕВА
25 қазан 2026 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (10549)

24 қазан 2026 ж.

№80 (10548)

20 қазан 2026 ж.

№79 (10547)

16 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 145
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 340

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031