КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ІСКЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
Қолайлы бизнес ортасын қалыптастыру, кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру – экономикалық дамудың маңызды шартының бірі. Осы бағытта «Руханият» орталығында кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық басқармалар мен мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие алу тәртібі, бизнес жобаларды қаржыландыру тетіктері және кәсіпкерлік қызметінде кездесетін кедергіні азайту талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен жаңа бастамаларды жүзеге асырып, қолайлы жағдай жасауға назар аударылды.
Аудандағы кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруда нәтиже бар. Осы жылдың өткен кезеңінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында ауданда жалпы құны 1 млрд 671,7 млн теңгені құрайтын 77 жобаға несие берілген. Бұл қаражат кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға және бизнесті дамытуға бағытталды.
Жиын аясында кәсіпкерлерді жеке қабылдау өткізілді. Кездесуге келген азаматтар өздерін толғандырған мәселесін ортаға салып, ұсыныс, өтініштерін жеткізді. Жауапты сала мамандары қойылған сұрақтарға түсініктеме беріп, көтерілген мәселені шешудің мүмкіндігін қарастырды.
Мұндай басқосулар кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы байланысты нығайтып, қолданыстағы қолдау тетігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал бизнестің түйткілдерін дер кезінде анықтап, нақты шешім қабылдау – аудан экономикасының дамуына, жаңа бастаманың жүзеге асуына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етпек.
«ҚТ» ақпарат

















